Қызылордалық дзюдошылар Қазақстан чемпионатынан 10 медаль иеленді
Астана қаласының «Дәулет» спорт кешенінде дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында өткен ел чемпионатында Қызылорда облысының он спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Қазақстан чемпионатына Астана, Алматы қалаларынан және еліміздің барлық облыстарынан 500-ге жуық келген дзюдошылар 14 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды. Олардың арасында жарыстың алғашқы күнінде шеберлік байқасқан жерлестеріміз 73 келіде Серік Ақылбек пен 81 келіде Саламат Жұрқабаев Қазақстан чемпиондары атанды.
60 келі салмақта Мағжан Шамшадин, 100 келіде Әділхан Қозыбаев пен 100 келіден жоғары салмақта Еламан Ерғалиев күміс жүлделерге ие болды.
Салтанат Сұлтанбекова (48 келі), Ерлан Жақсыбеков (66 келі), Меруерт Әбубәкір мен Қымбат Тұршабек (екеуі де +78 келі) және Айбек Серікбаев (100 келі) ел чемпионатының қола жүлделеріне қол жеткізді.
Дзюдодан облыстың аға жаттықтырушысы Жанарбек Сансызбаевтың айтуынша, Сыр дзюдошылары басқа облыстардың спортшыларына қарағанда медаль саны жағынан алда болды. Олар 2 алтын, 3 күміс, 5 қола медальдармен жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ, ел чемпионатының қола жүлдегерлері Қымбат Тұршабек пен Меруерт Әбубәкір ҚР спорт шебері нормативін орындады.
Енді спортшылар қараша айының соңында Жапонияның Асака қаласында және желтоқсан айында Алматы қаласында өтетін оқу-жаттығу жиындарына қатысса, келесі жылы облыс намысын ірі халықаралық додаларда қорғайтын болады.
Спортшыны жаттықтыру мен жеңіске жетелеуде бапкердің рөлі зор. Ел чемпионатына облыс құрамасын Жанарбек Сансызбаев, Қален Қалиұлы, Ришат Бурлов, Қайрат Баякенов және Арман Молдаханов дайындады.