Қармақшыда қайырымдылық турнирі өтті
Қармақшы ауданындағы Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейінде жастардың қайырымдылық турнирі өтті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Турнир Қармақшы Ата мешіті және Ораз Мұхаммед Ахун мешіттерінің жамағатымен бірге аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді. Шараға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Қайырымдылық шарасында шағын футбол, арқан тартыс, гір тасын көтеруден сайыстар ұйымдастырылып, жастар аталған спорт түрлерінен бақ сынасты.
•Жарыстың мақсаты – аудан жастарының арасында бұқаралық спортты дамыту болып табылады. Сонымен қатар спорттық шарада қатысушылар қайырымдылық жәшігіне қаржылай көмектесіп, жиналған қаржы есебінен Жосалы кенінде тұратын жағдайы төмен отбасылары мен көп балалы отбасыларға қолдау көрсетілетін болады.
Жарыстың жеңімпаздарымен жүлдегерлеріне аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің арнайы диломдары мен медальдары табысталды.
Спорттық жарысқа 17 команда 200-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша шағын футболдан І орынды – 1992 жылы туылған спортшылар командасы, ІІ орынды – 1988 жылы туылған спортшылар командасы, ІІІ орынды – 1990 жылы туылған спортшылар командасы иеленді.
Сондай-ақ, «Үздік қақпашы» номинациясымен – Талғат Пернебаев,
«Үздік шабуылшы» номинациясымен – Айдос Мырзалиев,
«Үздік қорғаушы» номинациясымен – Берік Бәлібаев,
«Үздік ойыншы» номинациясымен – Айбек Жалғасбаев,
«Үздік сұрмерген» номинациясымен – Медет Орынтаев марапатталды.
Арқан тарыс жарысында І орынды 1984 жылы туылған спортшылар командасы иеленді. Ал ІІ орынды 1985 жылы туылған спортшылар командасы қанжығаларына байласа, 1989 жылы туылған спортшылар командасы ІІІ орын мінберінен көрінді.
Гіртасын көтеруден І орынды Салават Мұқамбетов, ІІ орынды Нұрлан Шаймаханов және ІІІ орынды Әділет Әбдіқали иеленді.