Қызылорданың 470 спортшысы ұлттық құрамаға енді
Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы 2018 жылды қорытындылады, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz.
Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылы аймақта дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 28,3 пайызға көтеріліп, 224382 адамға жетті.
Биыл облыстық бюджеттен 7 елді мекенде, Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 9 жоба іске қосылды.
Орталық стадионның жеңіл атлетикалық манежге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Спорт мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қала, аудан мектептеріне 8 автокөлік берілсе, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Жыл басынан бері облыс спортшылары Қазақстан, Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, 1500 медальдарды иеленді. Былтырғы жылмен салыстырғанда 700 медальға артты.
Екі ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 8 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 62 спорт шебері, 1073 спорт шеберіне үміткер, 307 І разрядты спортшылар дайындалды.
Спорт түрлері бойынша 470 облыс спортшылары Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының сапына енді.