БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – САЛАМАТТЫЛЫҚ БАСТАУЫ
Қызылорда облысында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 27,0 пайызға көтеріліп, 211 271 адамға жетіп отыр. Бұл жыл басынан бергі көрсеткіш. Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік - әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 120,6 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ, 282 спорт нұсқаушы 138 елді мекенді қамтып, 41 040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді. Бұл облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемовтің қатысуымен өткен баспасөз конференциясында белгілі болды.
Бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту. Осы мақсатта облыс аумағында 824 бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізіліп, оған 144 817 адам қатысқан.
Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында 2020 жылға қарай спортпен тұрақты шұғылданушыларды 30 пайызға жеткізу жоспарланған. Облыстық бюджеттен 7 елді мекенде, атап айтсақ Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде спорт кешендерінің құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін 2018 жылға 1293,8 млрд.теңге қаржы қаралып, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2018 жылы
7 жобаны іске асыруға жұмыстар атқарылып жатыр.
Жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс жүргізуде. Cпорт мектептерінде 18070 оқушы 35 спорт түрімен шұғылданады.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына ағымдағы жылдың І жартыжылдығына бюджеттік бағдарламалар бойынша 4 285 420,0 млн. теңге қаржы бөлініп, 100 пайызға игерілді.