БІР ОТАН! БІР ТАҒДЫР! БІР ЕЛБАСЫ!
Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен «Евразия» спорт кешенінде 1 желтоқсан ҚР Тұңғыш Президент күніне арналған «Бір Отан! Бір тағдыр! Бір Елбасы!» атты спорттық бұқаралық шара өтті.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттің өркендеуі жолындағы игі жұмыстар еліміздің тұңғыш Президентінің бастамасымен жүзеге асты. Бірінші мәрте өткізілген шара аясында 1000-ға жуық спортшы гимнастикалық жаттығулар жасап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлгі болды.
Шара барысында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов айтулы мерекемен құттықтады. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов пен басқарма басшысы Олжас Акимов спорттың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер мен спортшыларды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Олардың ішінде қазақ күресінен 2 дүркін Әлем чемпионы Ғалымжан Абдрахманов, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, пауэрлифтингтен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ұлан Әнуар болды.
Сондай-ақ, облыстың жетекші спортшыларының қатарында мәнерлеп сырғанаудан қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері Элизабет Тұрсынбаева да айтулы шараға қатысып, мерекені ұлықтады.
Президент күні мен бұқаралық спортты насихаттауға арналған шара Ибрагим Ескендірдің «Көк тудың желбірегені» әнімен қорытындыланды.