Қызылордалық шорттрекшілер ел чемпионатында табысты өнер көрсетті
Өскемен қаласында шорт-тректен жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында қызылордалық шорттрекшілер табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды Kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Сайыс 2005-2010 жылдар арасында туған жасөспірімдер арасында өтті.
Сыр спортшыларын дайындаған жаттықтырушы Марат Мұратбековтың айтуынша, жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан 196 спортшы қатысқан.
Нәтижесінде қыздар арасында Жансая Есен 222 метр қашықтықта мәреге бірінші келіп, Қазақстан чемпионы атанды. Бұл қысқы спорт түрінен облыс тарихындағы алғашқы алтын медаль болып табылады. Ол көпсайыс қорытындысы бойынша 42 ұпаймен күміс жүлдені иеленді.
Сондай-ақ, қыздар арасында командалық эстафетада жерлестеріміз 2-орынды еншіледі. Команда құрамында Жансая Есен, Ұлту Құрманбай және Нұрай Исабек бар.
Шорт-трек спорты облыста ашылғанына небәрі екі жылдай уақыт болса да спортшылар республикалық жарыстарда, ҚР чемпионаттарында облыс намысын абыроймен қорғап келеді.
Айта кету керек, спортшылар №4 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады. Спорт мектептің шорт-трек бөлімшесінде 70-ке жуық спортшы бар.