Сирияда 30 рет тұрмысқа шыққан әйелдер бар...
Kyzylorda-news.kz. Қазақстан тәуелсіздік алып, дін мәселесіне қатысты алғашқы заң қабылданған шақта оның діни сенім бостандығы туралы тұсын түрлі ағымдар мен миссионерлік топтар өздерінің құйтырқы іс-әрекетін жүзеге асыруда тиімді пайдаланып үлгерді, деп жазады ҚазАқпарат.
Әлі оң-солын бағамдай қоймаған жастар ғана емес, тіпті өмірлік тәжірибесі мол ес тоқтатқан азаматтар да осындай ағымдардың қармағына ілініп кетті. Өйткені, атеизмді жалау еткен кеңестік қоғамнан кейін, рухани бостандыққа қол жеткізген, діни білімі жоқ жандар үшін ақ-қараны ажырату қиын еді. «Уақыт-төреші» демекші, бүгінде кеткен кемшілікті түзетуге бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылып келеді. Солардың бірі және бірегейі «Жусан» операциясы. Сирияға адасып барған отандастарымызды қайтаруға мүмкіндік тудырды. Қазір санасы әбден уланған жерлестерімізбен арнайы мамандар оңалту жұмысын жүргізуде. Карантин лагерінде ондаған адаммен әңгімелесіп, олардың ой-өрісін өзгертуге атсалысып жүрген теолог Дәулет Қазыкеновпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
-Сіз бір сұхбатыңызда дінді - дінсіздер емес, діңгегінде діні бар Алланың құранымен жүргендер қорғайды. Дәстүрлі діннен хабары бар адам ешқашан радикал болмайды депсіз. Онда Сирияға кетіп жатқандардың бәрі діни сауаты жоқ адамдар ма?
- Әрине. Егер ол адам ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі дінді білетін болса, астарына үңілетін болса онда Шам еліне бармайтын еді. Елімізде 2011 жылы қабылданған « Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң күшіне енгеннен соң іс-әрекеті заңсыздыққа саятын 600-ге жуық діни ағымдар мен топтардың жұмысы тоқтатылғаны мәлім, оған қоса халыққа ұсынылатын діни әдебиеттер де қатаң сүзгіден өткізіліп, көшеде, қоғамдық орындарда дінге қатысты үгіт-нәсихат жүргізуге қатаң тыйым салынды. Бұл дұрыс шешім. Әйтпесе, Сирияға кеткендердің саны бүгінде екі-үш есе артып, жағдай одан сайын ушығатын еді.
-Жат ағымдағылар қарапайым адамды қалай өз дегендеріне көндіреді?
-Әлеуметтік желі... Радикалды топ өкілдері адамды баурап алуды психологтардан кем білмейді. Әсіресе, әйелдерді алдау оларға оңай. Нәзік жандыларға керегі тек жылулық. Алдымен танысады. Сөйлеседі, іш бауырына кіреді. Біраз уақыттан соң әлемдегі сұлуым сенсің. Ғашық болдым, отбасын құрайық, деген секілді жылы сөздерін айтып, уәдені үйіп-төгеді. Мұндайды көп естімеген жабырқау жандар оларға сеніп, ойланбастан шетел асып, кете барады.
- Естуімізше Сирияға кеткен қазақ әйелдері бірнеше рет тұрмысқа шығады екен?
-Өкінішке орай, Сирияға кеткен қаракөз қыздарымыз содырлардың оңай олжасына айналды. Бұл дәстүрлі дінге қайшы нәрсе. Дінде олай емес. Ол жақта балалардың ортасында, жасөспірімдердің ортасында гомосексуализмді нассихаттайды. Бұл сол елдің қоғамында орын алған дүние. Бұның барлығы дәстүрлі дінге үш қайнаса да сорпасы қосылмайды. Елге қайтарылған азаматтардың арасында кәмелетке толмаған қыздардың ішінде бір емес бірнеше азаматқа күйеуге тигені кездеседі.
- Мүмкін Сириядағы әйелдердің қайта-қайта тұрмыс құрғаннан басқа амалы жоқ шығар?
- Әрине көрінгеннің ойыншығына айналғанша бір еркектің жетегінде жүргенді жөн көреді олар. Бірақ сол тұрмыс құрған азаматымен де ұзақ тұра алмайды. Әйелдер кейде апта сайын некелесіп қолдан қолға өтеді. Өйткені еркектер соғыста қырылды. БҰҮ дерегіне сенсек, Шам елінде 30 рет тұрмысқа шыққан әйелдер бар.Тіпті тоғыз жасында лаңкестердің күңіне айналған жасөспірімдер кездеседі.
- «Жусан» операциясы арқылы елге оралған жерлестерімізбен оңалту жұмыстарын жүргізіп жатырсыздар. Олар не үшін барғандарын айтатын да болар?
-Жат ағымдағылардың алғашқы үндеулері құранмен басқарылатын, пайғамбарымыздың жолымен басқарылатын ислами мемлекет құру жайлы болды. Қазіргі конституциямен басқару кәпірлердің мемлекеті деген көзқарас қалыптастырды. Сондай ой туғызды. Шақырды. Бірақ ол жерде көзбен көрген нәрсе мүлдем бөлек. Қайтып келгендер ол жақта ешқандай халифаттың жоқ екенін айтады. Сирияда дін емес, саясаттың сойылы соғылып жатқанын сөз етеді.
- Қазір қоғам халифат, жиһат деген сөздерді естісе шошитын болды?
- Жер жүзінде жарылған бомбалар мен қатыгез әрекеттің бәрін жиһатпен байланыстыратын болдық. Бұл сөз қасиетті құранда 35 жерде кездескенімен тек 4 жерде соғыс дегенді білдіреді. Дінтанушылар негізі жиһат сөзі өз кемшілігіңмен күресу, жүрегіңді тазарту дегенді білдіретінін айтады. Исламға күйе жаққыштар мен әсіре діншілдер бұл сөзді тек соғыспен байланыстырады.Теріс бағытта ақпарат таратып, кәпірлермен күресуге соғысуға шақырады. Кең ойламай, кем ойлайтындар тар түсініктің шырмауынан шыға алмай қара жалау көтерген қара ниет даиштің дақпыртына еріп кете барады.
-Дін білімді қажет етеді, алайда екі үш сүрені жаттап алып өзін діндәр санайтындар да баршылық?
-Дінге жаңадан келген адам аят пен хадистің байыбына бара бермейді. Ол адамда иман болуы мүмкін. Бірақ, аятты түсінетіндей білім болмайды. Дәл осы кезде жат ағым өкілдері салафиттер өзіне баурап әкетуге тырысады. Қандайда бір үкімге қатысты болған мәселені аят және хадиспен айтады. Міне адамдардың адасуы содан басталады. Исламда екі үлкен қайнар көз бар. Құран және хадис. Ол аяттармен үкім шығарарда біз ойлануымыз керек, кімге қарата айтылды. Қандай жағдайда айтылды. Бүгінгі күні оның үкімі жүре ме, жүрмей ме? Көп адам соның байыбына бара бермейді. Содан санасы шектеледі.
-«Жусан» айтуға оңай болғанымен ауқымда шара. Бұл бастаманың шапағаты Сирияға кеткен адамдарға тиіп жатыр деп ойлаймын?
- Бұл оңай шаруа емес. Билік бірқатар елдермен келіссөз жүргізіп, тиісті органдар жылдап жұмыс істеді. Елге келген азаматтарға теолог, психологтар әлі бірнеше жыл көмектеспек. Жалпы осы «Жусан» операциясы туралы халықтың пікірі бір жақты емес. Кезінде туған елін тәрк еткен азаматтарды әкелудің еш қажеті жоқ. Олар ел үшін қауіпті дейтіндер де бар. Кезінде отанын тәрк етіп кеткендерді өзге түгілі өз жақындары қабылдамай жатыр. Олар отанын сатса да,отаны оларды қиындықта қалдырған жоқ. Жерлестерімізді Сириядан шығару қиын, ал оларды соқыр сенімнен шығару одан да қиын боп тұр. Ол үшін айлар емес жылдар кетеді. Санасына әбден сіңіп кеткен. Үлкендер түгілі тал шыбықтай иілгіш балалардың өзі оңала алмай жүр.