ИНВЕСТИЦИЯНЫ IT САЛАҒА САЛУ КЕРЕК
Қазіргі уақытта ақпараттық сандық технологиясыз алға басу мүмкін емес. Елімізде болашағы зор, қарыштап дамып келе жатқан осы сала бойынша «Цифрлы Қазақстан» жобасы қолға алынды. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек» деген болатын. Нақты кезеңде IT мамандарын даярлау жөнінде, жастардың бұл салаға бет бұрысы туралы не айтуға болады? Осы орайда Қорқыт ата атындағы ҚМУ ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру басқармасының бастығы Нұрлан Құлмырзаевтың «Қызылорда ньюс» облыстық интернет сайтына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.
- Нұрлан Серікұлы, қазіргі уақытта күллі әлем IT саласын дамытуға ден қойып жатыр. Біздің елімізде де бұл бағытта біраз бастама бар. Маман ретінде саланың болашағын қалай елестетесіз?
- IT саласы экономикамызды алға сүйретін негізгі рычагі болады. Біз қаншалықты осы жайттарды тезірек ұғынып, экономикалық дамудың негізгі күші ретінде қабылдасақ соншалықты тезірек экономикалық алға секіру болады. Ақпараттық технологиялардың өмірге етене енуінің арқасында операциялар жылдам ғана орындалып қоймай, транспаренттік болады. Сауданың өзінде барлық есеп айырысу терминалдар арқылы жүрсе қаншама көлеңкеде қалып жатырған қаржылар шығар еді. Ал бұлар өз кезегінде еліміздің қазынасына салық ретінде түсе бастайды. Ақпараттық технологиялар көмегімен біз ашық қоғам жасай аламыз. Әрине, мұның бәрі жақсы, алайда ақпараттық қауіпсіздікті де назардан тыс қоймаған жөн. Осы үшін мәліметтерді сақтап отыру мақсатта блокчейн технологиялары көмекке келеді. Қазір ақпараттық технология эрасы келісімен технологиялар күнде өзгеріп жатыр. Жасанды инттелектінің адамзатқа әкелер пайдасын осыдан 1 жыл бұрын әлі ұғына алмаса, келесі жылы мүмкін жасанды интеллект жазылмайтын ауруларды емдейтін дәрі ойлап табар. Технология он жылдап қадам басқан болса, қазір сағаттап басады. Сол үшін, қазір еніп кетпесек осы әлемге жетіп алу қиын болады. Қазір атом бомбасы ел емес, ең бірінші жасанды интеллектіні игерген ел бірінші тұратын заман. Осыдан 20 жыл бұрын елімізге интернет енді келіп жатты. 10 жыл бұрын, видеоқоңырау арқылы бір бірімізді көріп қуандық. Ал қазір, технология ара қашықтықты жойып, тіптен туған туысқанды реалды өмірде қашан көргенімізді ұмытып қалатын деңгейге жеттік. Өйткені, виртуалді әлемде біз олармен минут сайын сөйлесіп жатырмыз. Технологияны басынан бастап игерген елдер бар, оларга экономикасын IT бұру оңай келеді. Ал біз кешегі қағаздан соңғы 10 жыл ішінде цифрлік жүйеге енді ене бастадық. Цифрлік экономиканы түсіну бізге қиынға соғады. Алайда, қаша бергеннен, технология бізден қашпайды. Тек бастау керек.
- Аймақта IT технологияны дамытуда Татарстанмен әріптестік орнатудың сыры неде? Бұл байланыс бізге не береді?
- Қызылорда облысы мен Татарстан Республикасының негізгі әріптестік салалары білім мен денсаулық сақтау екендігін атап өткеніміз жөн. Жақында ғана Татарстан Республикасына жұмыс сапарымен барған Қызылорда облысының әкімдігі мен «Иннополис» ЕЭА және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Қазан» агропаркі бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша әріптестік меморандумдарға қол қойылды. Ресей Федерациясы Татарстан Республикасы технологияның дамуы жөнінен алдыңғы қатардағы елдердің бірі. Инвестиция алдымен білімге керек. Татарстан интеллектке қомақты инвестиция салған елдердің қатарында. Ол жақта интеллекті дамытуға арналған барлық құрылымдар құрылып және ол толық көлемде жұмыс жасауда. IT саласын дамытуға көптеген парктар салып тастаған. Мойындауымыз керек, Ресейде 4 мықты мектеп қалыптасқан. Олар – Новосибирскте физика-математика бағыты жақсы дамыған, екіншіден Петербургте программистер дайындайтын мықты база бар, үшінші Москва техникалық кадрларды даярлау жөнінде көзге түскен қала. Соңғысы, осы біз айтып отырған Татарстан – IT технологияның отаны болып тұр. Сондықтан да бұл елдермен әріптестік байланыс орнатудан ұтпасақ ұтылмасымыз анық.
- Биыл қолға алынған «Ақылды қала» жобасының қандай артықшылықтары бар, ол қандай жолмен орындалады?
- «Ақылды қала» жобасы бұл – энергияны үнемдеуге арналған жоба. Бұл жобаны іске асыратын болсақ: бірінші кезекте энергияны үнемдейміз, екіншіден қауіпсіздік. Бір ғана мысал келтірейін. Егер үйіңіздегі құбырда ақау пайда болып, электр тоғы қосулы қалып, газ иісі шығып жатса, сіз қайда болсаңыз да телефоныңызға СМС келеді, яғни, төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік бар.
- Жобаның нәтижесін қай кезде көре аламыз?
- Жобаның нәтижесін дәл қазір дөп басып айту қиын, дегенмен жақсы инвесторлар табылып жатса бізде жақсы идеялар дайын.
- Ақпараттық технологиясы дамыған ең мықты қандай елдерді атар едіңіз? Бұл жөнінен Қазақстанның болашағын қалай елестетесіз?
- Ақпараттық технологиялары дамыған елдер «Ақпараттық мемлекет» бағдарламаларын қабылдаған елдерді айтуға болады. Аталған бағдарламаны 2006 жылдан бастап қабылдап жұмыс істеп жатқан елдер бар. Қазір 2018 жыл демек біз басқа елдерден 10 жылға артта қалып қойып тұрмыз. 2003-2006 жылдары бұл бағдарламаны қабылдап жұмыс істеп жатқан елдер дамыған алғашқы үштікке кіріп отыр. Мысалы, Сингапур, Оңтүстік Кореяның бұдан 10 жыл бұрын қолға алып, іске асырған технолгиялары біздің елімізге енді келіп жатыр. Қазіргі таңда еліміз бұл салада әлі бір жүйеге келе алмай отырмыз. Әр аймақ, әр ведомстволар өздерінше бағдарлама жасап жатыр. Жақында өткен Мемлекет басшысының Жолдауын, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын басшылыққа ала отырып бірігіп, бір бағытта жұмыс жасауымыз керек.
- Осы салаға қызығушылық танытып жүрген жастарға қандай да бір оқулық, фильмдер ұсына аласыз ба?
- Қазір түсірілген фантастикалық фильмдердің басым бөлігі болашақты, смарт үйлерді көрсетеді. Ал көркем әдебиетке келетін болсақ, Ден Браун деген автордын «Происхождение» атты кітабын оқуға кеңес берер едім. Онда жасанды интелектің пайдасы мен зияны туралы түсінікті жазылған.
Сұхбаттасқан: Фариза ОМАРОВА.