ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢАРУДЫ ЖАТЫРҚАМАУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы технологиялық жаңаруға түбегейлі бет бұрған қазіргі заманның тамырын тап басып отыр.
Халықтың ойы өзгеретін кез келді. Ақпараттық технология әлемі білім ордалары мен өндіріс орындарынан шығып, күнделікті тұрмысымызға еніп жатыр. Ал біз оған дайынбыз ба? Баспанамыздың энергияны үнемдеу, қауіпсіздік сақтау мақсатында SMART үйлерге айналуын елестете аламыз ба? Егер біз жаңашылдықтардан алшақтап жүре берсек, елдің соңында қаламыз. Сол үшін, осындай мәселені қозғаған бағдарлама, нақты баратын жолымызды көрсететін Жолдаудың дер кезінде шыққаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл жолдаудағы ақпараттық технологияның экономикалық индустриялдық секторын өркендету үшін атқарылатын жұмыстарын толық орындасақ алдағы 5 жылда қазақ еліндегі әрбір азамат өз өмірінде келесі өзгерістерді байқайды:
Біріншіден, ақпараттық технологиялар мен баламалы энергияларды пайдалану арқасында энергия көздеріне деген шығын азайғанын сезеді, төлемақыны кез-келген жерден төлеуге мүмкіндік жасалады. Қағаз түбіршектер жойылып, барлығы жалпы сандық порталдарда сақталатын болады. Әрбір азаматтың әлеуметтік желіден бөлек тұрғын үй порталдарында барлық үй меншігіне қатысты құжаттар топтастырылады.
Екіншіден, осы Жолдаудағы бағыттар орындалған уақытта агрокешеніміз сапалы тауарлар ұсына бастайды. Ақпараттық технологиялар көмегімен мал шаруашылығын бақылап қана қоймай, олардан шығатын өнімді сапалы бола түседі. Егін шаруашылығында қолданылатын ақылды суғару пен интеллектуалды жүйелер арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады.
Үшіншіден, Транспорттық – логистикалық тасымалмен айналысатын компаниялар жұмысы жеңілдей бастайды. Блокчейн технологиясын пайдаланған транспорттық компаниялар әрбір транспорттың кедергісіз тасымалдануына кепілдік жасай алады. Бастапқы орнынан тексеріліп өткеннен кейін тауары бар транспортты блокчейн технологиясы арқылы шифрлап, соңғы нүктеде бірден дешифрлеуге болады. Ортада транзиттік мемлекеттерден кедергісіз өте береді.
Төртіншіден, елімізде барлық мәліметтер жинақталып, орталықтандырылған уақытта шешім қабылдау тиімділігі де артады. Бұл үлкен мәліметтермен (Big Data) жұмыс деп аталады. Мысалға, Қызылорда облысының демографиялық өсімі мен төмендеуі, облыс азаматтарының денсаулығы, табатын табысы сияқты соңғы 5 жылдағы ақпараттарын сұрыптай отырып алдағы 5 жылдағы өзгерістерді болжауға болады. Яғни Big Data арқылы сандық модельдеу жоспарлау үшін үлкен көмек береді. Сандар аймақтың дәл бейнесін көрсетеді.
Бесіншіден, орта білім беру мекемелерінде ақпараттық технологияны игерту таңдау бойынша емес, жалпыға міндетті пән болып енгізіледі. Білім мекемелерін бітіруші түлек міндетті түрде ақпараттық технологияның бір саласын игеріп шығу міндеттеледі. Ол бағдарламалау немесе модельдеу, не робототехника, немесе жүйе құрушы болуы мүмкін. Өйткені ЖОО игеретін мамандықтардың барлығында ақпараттық технологиялар үлкен орын алатын болады. Болашақта мамандықтарға өзгеріс енеді. Кейбір мамандықтар жойылады, жаңа мамандықтар шығады. Роботтарды пайдаланбайтын сала қалмайды.
Алтыншыдан, ауруханаға барған науқасты арнайы интеллектуалды жүйемен анализ жасап оның ауруының емін бүкіл әлемдік дәрігерлер базасы бойынша анықтап беруге болады. Электронды денсаулық паспортта науқасқа қай жерде қандай дәрігер қандай ем қолданды сол жазулы болады. Бұл әрине, сапаны жақсартады.
Жетіншіден, үкімет пен азаматтар арасындағы байланыс ақпараттық технологиялар әсерінен барынша жақындай түседі. Азаматтар өздерінің жолдаған ұсыныстары мен арыздарын онлайн түрде қай деңгейде тұрғанын бақылай алады. Смарт контракт арқылы қосалқы шығындар азая бастайды.
Бұл жоғарыда айтылғандардың барлығы алыста емес, бәрі дайын тұрған технология. Тек біздің ойымыз осыны қабылдай білуі керек. Цифрландыру бізге әлі ерте деген ойдан аулақ болуымыз қажет. Сонда ғана Жолдаудағы міндеттердің көп кешікпей жүзеге асқанын көре бастаймыз.
Н.ҚҰЛМЫРЗАЕВ,
Қорқыт Ата атындағы ҚМУ
Экономика және ақпараттық технологиялар факультеті деканы,
экономика ғылымдарының кандидаты.