Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЕЛБАСЫ: ЖАСТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУҒА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРУ КЕРЕК

ЕЛБАСЫ: ЖАСТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН ҚОРҒАУҒА ЕРЕКШЕ НАЗАР АУДАРУ КЕРЕК


    Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетінін айтып өтті.
    «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек», деді Елбасы.
    Ол тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет екенін айтты. «Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар. Оны батыл әрі белсенді түрде енгізу керек», деді Мемлекет басшысы.
    Нұрсұлтан Назарбаев онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажеттігін тапсырды. «Халықаралық озық тәжірибе негізінде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлі ісікті емдеудің жоғары тиімділігі қамтамасыз етілуге тиіс», деді.
    Мемлекет басшысы сондай-ақ, кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезінде атқарған істеріміз сияқты жұмыстарды да жүргізу керектігін тапсырды. «Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады. Оны енгізудің қажеттілігі ешқандай күмән туғызбайды. Алайда, Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі іске асырмаған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізу талап етіледі», деді Нұрсұлтан Назабаев.
     Ол мемлекеттің міндеттерін нақты белгілей отырып, Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің жаңа моделін әзірлеу қажеттігін атап өтті. «Халық мемлекет тарапынан кепілдік берілмеген қызметтерді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы ретінде немесе ерікті медициналық сақтандыру, сондай-ақ бірлесе төлеу арқылы ала алады», деді.
    Сонымен қатар, ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру қажеттігін тапсырды.
    «Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудің тиімділігін айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге кірісуіміз керек. Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады. Бүгінде бізде Назарбаев Университетінің бірегей Медицина мектебі бар. Онда біріктірілген университет клиникасы жұмыс істейді. Бұл тәжірибе барлық медициналық жоғары оқу орындарына таратылуға тиіс», деді Мемлекет басшысы.
    Елбасы осы және басқа да шараларды іске асыру үшін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа редакциясын әзірлеуді қажеттігін атап өтті.

10 қаңтар 2018 ж. 855 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области