КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ
Елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ұдайы өсіре отырып, әлемдік бәсекеде озық елдердің қатарында болу мақсатын алға қойып бүгіннен бастау алған өскелең заман талабымен дүйім ел боп өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік тараптардағы белсенділікке, ілгерілеуге талпынып, талаптанып жатқан жайымыз бар. Бұл тараптарға көптеген аудан тұрғындарының бет бұрып жатқандары баршылық. Осы орайда, салада атқарылып жатқан жұмыстар жайында білуге Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бектемір Жұмағұловпен сұқбат жүргізген едік.
–Бектемір Ұлыбекұлы, саланың басшылығына келгелі көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, атқарылған жұмыстар мен алдағы межелі міндеттерге аз-кем тоқталып өтсеңіз. Алғашқы сұрақты экономиканың негізі саналатын өнеркәсіптен бастасақ?
–Биылғы жылдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 8 млрд. 968,9 млн. теңгені құрап, 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 102 пайызға артығымен орындалды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласы бойынша өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 6 млрд. 208,3 млн. теңге болып, 101 пайызды құрады. Ал, 2018 жылдың 2 айының өзінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 млрд. 633,4 млн. теңгеге тұрақтап, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 114,7 пайызға орындалып отыр. Оның ішінде кен өңдіру өнеркәсібі және каръерлерді қазу бойынша 94,5өңдеу өнеркәсібі 118,2 электр мен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауға қатысты 91,4, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуы мен таратылуын бақылау аясында 119,6 пайыз орындалған.
Өнеркәсіп өнімінің аса маңызды түрлерін өңдіру бойынша ет және тағамдық ішек қарындар 15, жас тоңазытылған немесе мұздатылған балық 232, сүт өнімдері 2, иодталған тұз 13911, ыстық нан 46 тоннаға артығымен орындалды.
–Елбасының айрықша назарындағы саланың бірі шағын және орта кәсіпкерлік екені белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстардың беталысы қалай?
–Былтыр аудандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4050 бірлікті құрады. Нәтижесінде, 5543 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде, заңды тұлға-277, дара кәсіпкер-3317, шаруа қожалығы-456.Сәйкесінше 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлік субъектілері 370 бірлікке артты.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері санының артуы ауданның салық базасын ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Биылғы жылдың қаңтарында көтерме сауда 4198,9 млн. теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстарғанда 122,6 пайызға орындалды. Көтерме және бөлшек саудадағы көрсеткіштердің артуының негізгі себебі ауданда халықты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған сауда қатарларымен сауда орындарының көптеп ашылуы септігін тигізуде.
–Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін ауданда қандай шаралар қабылдануда және жеңілдікпен несиелендіру процестері қалай жүріп жатыр? Бұл жөнінде ауданның үлесі қай деңгейде?
–ҚР Үкіметінің қаулысымен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» қабылданды. Бағдарламаның негізгі мақсаты–микрокредиттеу көлемдерін кеңейту, өз ісін ұйымдастыру және кеңейту үшін кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыру арқылы өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтарды жаппай кәсіпкерлікке тарту болып табылады.
Қазіргі таңда облыс бойынша аталған бағдарлама аясында ұсынылған жобалар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, «Қызылорда өңірлік инвестициялық ортылығы» ЖШС және «Аграрлық кредиттік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылып келеді.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы жолдама алған азаматтар арасынан 60 адам мал шаруашылығын дамытуға, 1 азамат құс шаруашылығына, 3 азамат түрлі қызмет көрсету саласы бойынша қаражат алды. Ал, «Қолдау», «Кәсіпкерлік» бағдарламаларымен 10 азаматқа 21,6 млн. теңге несие берілді.
Қайтарымсыз грантқа қол жеткізген тұрғындарымызда бар. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында «Гранттық қаржыландыру бойынша» ауданның 14 азаматы осындай жеңілдікке ие болды.
Жалпы, мал басын асылдандыру мақсатында өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мүйізді ірі қара басын көбейту мақсатында 11 шаруа қожалығы 32 млн. 450 мың теңге қаражат алды.
Сонымен қатар, «Шижаға-16» және «Тоқабай-2016» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері мал сою алаңын ашу үшін несие алуға жұмыстар жүргізуде. Жалпы, қаржы институттары арқылы аудан бойынша өткен жылдың қорытындысымен 871,3 млн теңге несие алынды.
– Өзіңізге белгілі, осы жыл облыста кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланды. Бұл бағытта ауданда қандай шаралар жоспарлануда?
–Аталған шара аудан көлемінде кәсіпкерлікті қолдау бойынша барлық бағдарламаларды қолданысқа енгізумен қатар тұрақты жұмыс орындарын құруға және жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің санын арттыруға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтып өткенімдей, 2017 жылы «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бағыты бойынша 13 жоба және «Даму-Аймақтар» өңірлік бағдарламасына қатысты 2 жоба қаржыландырылған болатын.
2018 жылы да аталған бағдарлама аясында несиелендірілген санын өткен жылдан кем қылмау үшін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау аясында Арал қаласы бойынша кемінде 11 жоба, Сексеуіл кенті бойынша 3 жоба жәнеЖақсықылыш кентінен 1 жоба қаржыландыру жоспарланып отыр. Ал, «Даму-Аймақтар» өңірлік бағдарламасы аясында Арал қаласынан 4 жоба, Сексеуіл және Жақсықылыш кенттерінен 1 жобадан іске асыру көзделуде. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде қала, кент, ауылдық округтердегі жобалардың іске асырылуын сүйемелдейтін ауданнан жауапты тұлғалар бекітілді. Іс-шара 98 жобаны қамтиды. Оның ішінде территориялық аймағына байланысты келісімдері бойынша аудандық мәслихаттың депутаттары да енгізілді. Қазіргі таңда аталған іс-шара аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде.Биылғы жылға «Бастау Бизнес» жобасы бойынша облыс тарапынан 240 адам, ал «Бизнес кеңесші» жобасына қатысты 90 адам оқыту туралы меже бекітіліп берілді.
–ҚР Үкіметімен қабылданған 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық- инновациялық дамыту бағдарламасы бар. Бұл жөнінде қандай шаралар атқарылып жатыр?
–2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан бойынша жалпы құны 4,8 млрд.теңге болатын 5 жоба Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілді. Қазіргі таңда аталған өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында ауданымызда 3 жоба толығымен іске қосылды. Олар: қуаттылығы жылына 108 мың тонна ас тұзын өндіруге арналған «Аралтұз» АҚ-ның «Ас тұзының өндірісі» жобасы былтыр іске қосылды. Бүгінде акционерлік қоғам ұжымы қосымша 201 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сонымен қатар, қуаттылығы жылына 4,0 млн дана кірпіш шығаруға қауқарлы «Жаңа Арал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 12 адам еңбек етеді. Осындай жобалардың бірі – «Арал құрылысы» ЖШС-нің «Асфальт-бетон» зауытын ашу жобасы. Қуаттылығы жылына 195 мың асфальт өндіруге негізделген нысан 2017 жылдың желтоқсан айында облыс әкімі Қ.Е. Көшербаевтың қатысуымен телекөпір арқылы іске қосылған болатын.
Ал, «Аквакультура» ЖШС-нің «Балыққабылдау және өңдеу цехы» жобасының құрылысына қаламыздың шығыс жағынан 1,5 гектар жер телімі беріліп,құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қуаттылығы жылына 4000 тонна балық өнімдерірін өндіруге арналған жоба тамыз айында іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар жылына 64 мың тонна титан өнімін өндіруге негізделген «Жак Нур» ЖШС-нің «Титан өндіру бойынша кен байыту комбинатының құрылысы» жобасыда жағымды жаңалықтардың қатарында. Жобаны іске қосу кезінде 800 адам жұмыспен қамтылады деп көзделуде. 2020 жылға дейін пайдалануға берілетін комбинаттың құны 3,4 млрд теңгені құрайды. Және де «Арал Сода» ЖШС-нің «Кальцийленген сода өндіру» жобасы республикалық индустрияландыру картасына енгізілді. Зауыт құрылысына 100 гектар жер телімі табысталды. Жоба құны – 93,5 млрд. тенгені құрайды. Зауыт құрылыс басталған уақытта 300 адам, ал іске қосылу кезінде 700-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Қазіргі таңда «Бизнестің жол картасы–2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында зауыт құрылысы жүретін нысанға теміржол, автокөлік жолы, су, электр энергиясы және газ желілері инфрақұрылымын тарту жұмыстары бойынша жобалық құжаттар жинақталуда. Зауыт құрылысы жақын күндері басталады деп жоспарлануда.
–Енді туризм саласы бойынша айта отырсаңыз?
–Қамбаш көлінің орналасуы аудан көлемінде туризм саласының дамуына зор мүмкіндік береді. Облыс көлемінде туристік кластерін дамытуға басымдық беріліп отырған «Байқоңыр» ғарыш айлағына аудан арқылы теміржол және автокөлік жолдары жүргізілген. Аудан экономикасын дамытудың бастыбір көзі болыптабылатын, жалпы көлемі 494 гектар жерді құрайтын «Қамбаш» демалыс аймағын құру жұмыстары жасалуда. «Қамбаш» демалыс аймағын дамытуға қатысты аудан әкімінің арнайы іс-шаралар жоспары жасалып бекітілді. Бұл шаралар туристер үшін көл жағалауына салынатын құрылыстарға инвестиция тарту, демалыс аймағына қажетті инфрақұрылымды жеткізу жолдарын қарастыру, ұйымдастырылатын жұмыстарға қатысты тиісті құжаттарды әзірлеу, туристер санын арттыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау, демалыс аймағына келіп тынығушылардың қауіпсіздігін және көл жағалауы мен демалыс аймағының тазалығын қамтамасыз ету секілді тағы да басқаауқымды жұмыстарды қамтиды. Қазіргі таңда кәсіпкерлер демалыс аймағына бірқатар нысандар салды. Бүгінгі күні көл жағалауында катер, үрлемелі қайық, катамаран, гидроцикл сынды жүзу құрылғылары тынығушыларға қызмет көрсетеді. Қосымша инвестиция тарту мақсатында 2016 жылы 1 гектар жер теліміне Қамыстыбас демалыс аймағын дамыту үшін жеке кәсіпкер М.Өтеев өз қаржысын салып, 4 адамға арналған 10 үйдің құрылыс жұмыстарын жүргізді. Алдағы уақытта да тындырымды жұмыстар өз жалғасын таба бермек.