Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Геннадий Шиповских: Жастар жылы мені қанаттандырды

Геннадий Шиповских: Жастар жылы мені қанаттандырды

Өз ортасында жас та болса, бас болып жүрген, қоғамның түрлі мәселелеріне үн қосып, халықтың аманатын арқалап жүрген Геннадий Геннадиевич Шиповских - бірегей тұлға.

Еңбек жолын қарапайым темір шебері болып бастаған ол қазірде Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжіліс депутаты, экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Жылдар бойы жастар арасында өзінің ұтымды ұсынысымен, өткір ойымен ерекшеленіп, мемлекеттің өркендеу үдерісіне үлес қосқаны үшін «Астана 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапатталған.
— Геннадий Геннадиевич, уақытыңызды бөліп сұхбаттасуға келгеніңізге рақмет. Сізбен дидарласып отырғаныма қуаныштымын. Алғашқы сауалымды депутаттық дәрежеге дейінгі еңбек жолыңыздан бастасақ?
— Қайырлы күн! Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлік пен ынтымақтың жаршысы ғой. Сәті түсіп сіздердің сайттарыңызға сұхбат беріп отырғаныма мен де қуаныштымын. Өзім де ҚХА-ның бір мүшесімін ғой.
Ал енді сұраққа келетін болсақ, алғашқы еңбек жолымды 2009 жылы Қызылорда қаласында бастаған болатынмын. Қазалы техникалық лицейде машинисттің, яғни, жүргізушінің көмекшісі мамандығын бітіріп келген соң, «Қызылорда локомотив жөндеу» депосына жұмысқа тұрдым. Үлкен-кішісі бар ұжымда үш жыл қоян-қолтық жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым.
2013-2016 жылдары өз мамандығыма сәйкес ауысым бойынша машинист көмекшісі жұмысына ауыстырылдым. Неге ауысым деген сұрақ туындайтын болса, себебі, он жыл бұрын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ тепловоз, электровоз паркін жаңартып, инновациялық технологиялардың даму кезеңінде ескі локомотивтерді ауыстыру жүргізілді. Машинист көмекшісі болу үшін ең қарапайым жұмыстан, яғни, темір шебері, механиктен бастай отырып, локомотивтің қалай жұмыс істейтінін әбден көріп-білу керек. Жалпы айтқанда бүге-шігесіне дейін үйрену қажет болады.
Локомотив – үлкен темір жол бойында жүретін машина. Онда екі жүргізуші болады. Бірі – негізгі, екіншісі – көмекшісі. Көмекші жолдағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында барлық координацияны, түрлі дабылды уақытылы ескертіп, жеткізуі керек. Мысалы, жоғары жылдамдықты жақсы көретіндерге аян – «Ралли Париж – Дакар» жарысында негізгі авто жүргізуші болса, қасында штурман болады. Штурман негізгі жүргізушіге толықтай координацияны айтып, қанша жылдамдықпен жүріп келе жатқаны туралы ақпарат беріп отырады. Бұл қауіпсіздікті сақтау үшін. Қарапайым тілмен түсіндіріп айтсақ, біздің жұмыс осыған ұқсас.
Екі депода жұмыс істей жүріп, керемет адамдармен, өз мамандығының майталмандарымен таныс болдым. Олар өз білгендерін үйретіп, жұмыс барысын түсіндірді. Көп дүниені үйрендім. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, жақсылардан белсенділік, еңбекқорлық дағдыларын әбден меңгердім.
Жұмыс арасында бос жүрмей, уақытымды тиімді пайдаланып, қоғам өміріне араласа бастадым. Қызылорда облысында жастар саясаты өте жақсы дамыған ғой. Әлі де сол қарқында. Өңірімізде жастарды түрлі әлеуметтік, саяси жұмыстарға көптеп тартады. Оның үстіне ҚТЖ компаниясы соңғы он жыл бойы республикалық жастар форумын өткізіп келеді. Барлық іс-шараларға белсене қатысып, қабілетімізді көрсеттік. Сөйтіп жастар саясатымен етене жақын жұмыс істей бастадық. Бірте-бірте тұлға ретінде қалыптасып, дамыдық.
2016 жылы «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе түрлі жобаларды іске асырдық. Яғни, темір жолда жұмыс істеп жүргендіктен, жол қауіпсіздігіне байланысты жобаны әзірледік. Түрлі рейдтер өткіздік. Қызылорда маңында темір жол желісі бар еді, сол жерде кейде адам өміріне қауіп төнетін кездер болады. ІІД қызметкерлерімен бірге соның алдын алу мақсатында адамдарды тиісті орындармен жүргізу, егер қауіпті жерлермен жүрген адамдар болса, оларға түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырдық. Біздің мақсатымыз жазалау емес, ескерту, түсіндіру еді.
Сол жылы ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаттығына өз үміткерлігімді ұсыну бағы бұйырды. Бұл мен үшін үлкен қадам болды. Облыс атынан сайланған бес депутаттың біреуімін. Қазір Қызылорда облысының атынан үлкен мәселелерді, ұсыныстарды көтеріп жүрген жайым бар. Бүгінгі таңда халықтың мүддесін Парламент қабырғасында жеткізіп, заң жобаларына енгізіп жатырмыз. Әр уақыт халықпен кері байланыс орнатып отырамыз. Жылына төрт рет өз аймақтарымызға барып, халықпен кездесіп, тілдесеміз, жүздесеміз. Кездесуде заң жобаларына енгізіліп жатқан өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндіріп өтеміз. Көптің қалауын, ескертулерін зерделейміз. Өз тарапымыздан заң жобалары сәйкесінше халықтың көңілінен шығуы үшін бар ынтамызды саламыз. Депутаттық қызметте жүргеніме үшінші жылға жуықтапты. Біраз жұмыстар атқарылды, әлі де тындырылатын жұмыс телегей теңіз.
Бір айтқым келетіні, осы жылдар аралығында әкемнің айтқан сөзін естен шығармай келемін. Бұл 2016 жылдың 24 наурызында депутаттыққа өткенім туралы хабарды естіген кезде болған еді. Сол күні үйдегілер дастарқан жайып, әруақтарға құран бағыштап, ағайындар жиналды. Әкем өз кезегінде батасын беріп: «Балам, жүгі ауыр қызметке бара жатырсың. Ең бастысы халықтың сенімін ақта, сен халықтың сенімін ақтайтын болсаң, халық та саған дән риза болып, сенетін болады» деді. Міне, батаның атасы болған осы ғақлиямен өз қызметімді атқарып жүрмін.
— Дегенмен де, сол кезде барша қазақстандықтардың үмітін арқалайтын қызметке келдіңіз. Жүрексінген жоқсыз ба?
— Жүрексінген жоқпын десем, шындыққа жанаспайды. Жүректе толқу да, қорқу да болды. Бұл есті адамға тән құбылыс қой. Бірақ ата-анамның маған берген қолдауы, Мәжілістегі ағаларымның, әріптестерімнің айтқан ақылы, кеңестері мен ұсыныстары қазір өзіңіздің алдыңызда отырған тұлға етіп қалыптастырды десем, артық айтқандығым болмас. Қаншама адамнан қолдау көрген мен әсте саспауға бекіндім. Қолымнан келгенді, жолыма бергенді дұрыс қолдануға тырыстым. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін Ыбырай Жақаев атамыздың «Өнімді еңбек атқарам десең, көпке сүйен. Соның тілін тауып, соған қызмет қыла біл» деген қанатты сөзімен түйіндейін.
— Экология мәселелері және табиғатты пайдалану бойынша елімізде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Еліміздің экологиялық апатты аймақтарын атап өтсеңіз және олардағы мәселелерді шешу жолдары қалай жүзеге асырылып жатыр?
— Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі ретінде атқарып жатқан жұмысым қоршаған ортаны қорғауға мақсатталған. Сонымен қатар еліміздің экологиялық қауіпсіздігін нығайту да бар. Біздегі әлемнің де мәселесіне айналған нәрсе – Арал теңізі. Өздеріңізге белгілі өз кезінде Арал теңізі керемет еді ғой. Суы толы, түрлі балықтардың өсірілетін мекені, қаншама зауыттардың жұмысы жүріп жатқан-ды. Тек қана қазақстандықтар ғана емес, Кеңес одағының жер-жерлерінен мамандар келіп жұмыс істеуші еді. Арал теңізінен шыққан өнімді сол заманда көптеген елдерге жіберіп отырды. Балық та, уылдырық та мол еді. Сексенінші жылдарға жақындаған уақытта теңіз жағдайы нашарлап, суы тартыла бастады. Одан экологиялық ахуал нашарлады. Яғни, әп-сәтте экологиялық апатты аймаққа айналып шыға келді. Қаншама жер қаңырап бос қалды. Бұл халықтың көшуіне әкеп соқты. Одан халықтың тұрмыстық әл-ауқатына қатты зиян келді. Сөйтіп мақтанышымыз, байлығымыз – Аралдан айырылып қалдық.
Кезінде еліміз Тәуелсіздік алып, дағдарысты бастан кешіп жатқанда, Елбасы «Қазақстанның қазіргі хал-ахуалын ескере отырып, Аралдан еш уақыт бас тартпаймын» деген болатын. Осы себептен біз де айтулы мәселеден айнымай, әлем болып күш жұмылдырып жатырмыз. Жиырма сегіз жылдан бері біршама уақыт өтіпті, дегенмен біраз жұмыстың істелгенін айту керек. Ол әрі де жалғасын табатын болады. Мәселен, Сырдария, Әмудария өзендерінен кіші Аралды толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның өзі көңілді қуантарлық жағдай. Қазір бірден теңіз толып, бұрынғы халіне қайта түспесі анық, дегенмен де жылдар өте мақсатымызға жетеміз деп сенемін.
Осы орайда Қызылорда облысы әкімінің де бұл мәселеге байланысты нақты жұмыстарды жүргізіп отырғанын айта кету керек. Нақтысында, Арал өңірінің әлеуметтік, экономикалық даму стратегиясы әзірленді. Оған өзіміз куәміз. Яғни, Арал өңіріне балық өңдіретін жиырмаға жуық зауыт іске қосылды. Өнімді Қазақстанда ғана емес, шетелге де экспортқа шығарып отыр. Мысалы, Еуропа елдеріне – Бельгия, Франция, Италия. Бұл қуантарлық жағдай.
Аймақ басшысы мемлекеттік, халықаралық деңгейде серіктестік құрып, Аралдың жағдайын бірте-бірте жақсартып жатыр. Түрлі бизнес жобалар ұсынылды.
Онымен қатар Қызылорда облысы Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасына енгізілгенін. Сол арқылы түрлі жобаларды іске қосты: экологияны жақсартумен қатар, халықтың да жағдайы мен денсаулығын жақсартуды көздеп отыр.
Бізде экологиялық аймақтарға Арал теңізі, Байқоңыр айлағы, Теміртау қаласы, Семей ядролық полигоны жатады. Семейдегі жағдайды өздеріңіз білетіндей, еліміздің Тәуелсіздік алған жылдарында Президентіміз барынша күш салып, жабылған болатын. Ядролық қарудан бас тартып, БҰҰ алдында бейбітшілікті сақтайтын мемлекетке айналдық. Ядролық қарудан бас тартудағы басты себеп – бейбітшілікті сақтау, ядролық қаруды ұстаудағы қоршаған ортаға тигізетін зияны және оның халыққа тиетін зардабынан арылу.
Сол зұлмат жылдары орын алған сұмдық жағдайлардың орнын толтыру мүмкін емесі анық. Енді ол тарихта қалып, кейінгі ұрпаққа сабақ болады. Ал полигон жарылысынан зардап шеккен, экологиялық апат аймақтарында тұратын адамдарға Үкімет тарапынан өтемақы төлеу қарастырылған.
Жалпы айтып өткендей, мұндай күрделі мәселелер жалғыз бір мемлекеттің мәселесіне айналып кетпей, әлемдік деңгейде қарастырылады. Жер бетінде экологиялық апатты жерлер өте көп.
Біз осы экологиялық қауіп қайдан келеді деп ойланбаймыз. Ол жылдар бойы бір қателіктерден түзеле береді. Мысалға, қоқыс жағын реттеуден бастау керек. Ең алдымен пластиктен бас тартуға шақырамын.
Құрамында полимер бар пластикалық материалдар шірімейтіндіктен, қоршаған ортаға зардабын тигізеді. Адамдар ойланбастан кез келген жерге тастап кете барады. Ал ол болса суға түседі, су асты жануарларына зиянын тигізеді. Далада қалдырылған пластиктер де жортқан аңға, ұшқан құсқа зиянды. Тіпті болмағанда, бір жерде қоқыс болып, ұсқынды алып жатады.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша пластиктер қоқыстың 40% құрайды екен. Жылына жүз мыңдаған жануарлар мерт болады. Пластикке ыдырау үшін жүз жыл керек. Ертеңім жарқын, сәулелі болсын десе, әр адам бүгіннен бастап қоршаған ортаға қамқор болсын. Қазақстанда пластиктерді қайта өңдеуді мықтап қолға алу қажет. Білемін, арнайы қоқыс жәшіктері қойылған. Алайда халықтың оны ескеріп жатқаны шамалы.
Ал енді Теміртау мәселесіне келетін болсақ, ол алдағы уақытта шешілуге жақын. 2018 жылдың наурыз айында Президент Нұрсұлтан Әбішұлы қос палаталық Парламенттің отырысында «Бес әлеуметтік бастама» бойынша өзінің ұсынысын еңгізген болатын және бұл бастама ретінде Қазақстанның болашағын дамытуға бағытталғандығын айта кету керек. Ол – Астана қаласына көгілдір отын тарту. Жұмыс үдерісте, 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталып қалуы тиіс.
Көгілдір отын Қызылордадан Жезқазған арқылы Қарағандыға келіп, Астанаға тартылатын болады. Қарағандыға тартылған көгілдір отыннан тиер пайдасы – көмірді пайдаланушылар азайып, түтінге көмілмейтін болады деп болжап отырмыз.
Барымызша жұмыс атқарып, бар экологиялық апатты жағдайларды жою мәселелерін жан-жақты қарастырып жатырмыз. Экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған заң жобалары қаралып, жүзеге асырылып жатыр.
— Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Тарихи сананы жаңғырту» бағыты бойынша «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» басымдығы бойынша пікір білдіріп жүрсіз. Соны толықтырып, тарқата айтып өтсеңіз.
— 2018 жылдың аяғында, яғни, жылдың тұжырымы ретінде шыққан Елбасының мақаласы ерекше. Ол «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы болып табылады. Мақаланың бағыты, басымдықтары көп. Әрқайсысы өз алдына - жоба. Мысалы, Қазақстанның тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеу, сондай-ақ алдағы уақытта тарихи маңызы бар жұмыстарды атқаруға байланысты ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге арналған ұлағаттық, ақпараттық насихаттау жұмыстары. Біздің келешек ұрпағымыз қазақ жерінен шыққан тұлғаларды біліп-танып, қазақ хандығы қалай құрылды, еркіндігімізге қалай қол жетті, жалпы қазақ басынан не кешті – соның бәрін білуі тиіс.
Бір сөзбен айтқанда, Елбасының мақаласы - үлкен жауһар. Ол Қазақстанның мәдени, рухани жағынан дамудағы бағытын айқындайтын үлкен теңіздегі кеменің ақжелкені іспетті.
Киноиндустрияға келетін болсақ, бұл мақалада Елбасының айтып өткен жақсы бір тұсы бар – «Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу керек».
Енді осы орайда өз ойымды білдірер болсам, тарихи фильмдерді мистикалық, фэнтези жанрында түсіретін болсақ, ол халықтың көңілінен шығар еді деген сенімдемін. Бізде ұлттық тарихымыз, фольклорымыз бар. Ол өте бай. Мысалы, аңыздардағы батырлар, жалмауыз кемпір, жезтырнақ, дию – фэнтезиге сәйкесетін кейіпкерлер. Ертегілеріміз қаншама. Идеяға, сюжетке сұранып тұр шетінен. Солардың желісімен қаншама дүниелер түсіруге болады. Үлкен-кішіге бірдей туындыларды сапалы қылып түсіруге мүмкіндігіміз жеткілікті.
Американың үлкен еншісі Голливудта деген түсінік бар. Себебі, ол арқылы тек ақша тауып қана қоймай, ұлттың идеологиясын жүргізеді. Сонымен қатар Сан-Франциско қаласында үлкен киноакадемия бар. Онда мықты режиссерлерді даярлайды екен. Ал олай болса, мықты мамандар - Голливудтың мүмкіндігі.
Кино түсіру оңай шаруа емес. Біріншіден, шабыт, ой, идея, сценарий керек. Екіншіден, тиісті рөлін көрерменге ұнайтындай етіп ойнайтын актерлерді дайындау қажет. Үшіншіден, арнайы әсер жасай алатын мамандар болуы шарт. Қысқасы, бір керемет туындыны дүниеге әкелу үшін өз ісінің шебері мен жанкүйері керек.
Мен бір ғана мысал айтайын. Джордж Мартиннің романы желісімен түсірілген «Тақтар ойыны» сериалы «HBO» (Home Box Office) – американдық кабельді телеарнасынан көрсетілетінін көпшілік біледі. Осы арна Д. Мартинмен келісімшартқа отырып, 2011 жылдан бастап сериалды түсіріп келеді. Биылғы жылы соңғы сериясы шығатын болды. Қазір бұл сериалдың жанкүйерлері – бар әлем. Ал енді осы сериал фэнтези ғана емес, саяси сериал десе де болады. Яғни, бұл жалғыз Америкада ғана емес, Ұлыбритания (солтүстік Ирландия), Мальта, Хорватия, Исландия, Марокко, сонымен қатар Шығыс Еуропада, яғни, қырық тоғыз орында (геолокация) түсірілген екен. Ал енді осы телехикаяның алғашқы маусымдары шыққаннан-ақ қаншама көрерменнің назарын өзіне аудартып, үлкен қызығушылық тудырды. Ең бастысы, түсірілім өткен елдерге туристер легі толастамады. Бұл идеологиямен қоса экономиканы, туризмді қамтып отыр. Бізде де ондай мүмкіндік молынан бар. Жаңағы айтып кеткен фэнтези кейіпкерлеріміз бар, бай табиғатымыз бар – шөлдала, орман, тау, теңіз. Тек дұрыс бағытты алып, сапалы фильм, сериал түсірсек, алдағы уақытта ұлттық идеологияны, туризмді дамыта алатынымызға сенімім мол.
— Қазақстан халқы Ассамблеясы - қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің үлгісі, оған көршілес елдер қызыға қарайды. Ұлттардың тату-тәтті өмір сүруінің құпиясы жалғыз саясатқа байланысты болмауы керек секілді. Бұл жөнінде Сіздің ойыңызды білсек?
— Бұл жан-жақты талдауды қажет ететін сауал екен. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Қазақстандағы достықтың институты. Сонау 1995 жылы 1 наурызда Елбасы ресми түрде Қазақстан халқы Ассамблеясын құрған болатын. Бүгінгі таңда жиырма төрт жыл болған екен. Бұл әжептеуір уақыт. Осы жылдар аралығында ҚХА өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Ассамблея достықты сақтап, қаншама ұлт өкілдерін үлкен шаңырақтың астында айрандай ұйытып отыр. Ал бұл оңай шаруа емес. Себебі, әр ұлттың өзінің ерекшелігі бар, өз салт-дәстүрі, менталитеті бар. Сондай-ақ ұлттық діні, тілі, көзқарасы, пікірі бар. Бірақ Ассамблея соның бәрін бір кеңістікке шығарған ғарыш кемесі іспеттес.
БҰҰ ұйымының хатшысы Кофи Аннан көзі тірісі кезінде біздің елге іссапармен келген болатын. Елбасымен кездесу барысында ҚХА үлгісі бойынша үлкен әңгімелесу болды, яғни, ҚХА-ның жұмысымен әбден таныса келе, Кофи Аннан таңғалған болатын. Ол өз сөзінде: «Мен осы жұмысымда қаншама елде болып, көп дүниені көрдім. Бірақ Қазақстандағы ҚХА секілді ұйымды басқа елден көрген жоқпын. Бұл өте маңызды әрі бірегей ұйым. Достықты, ынтымақтастықты, бірлікті сақтауға бағытталған ҚХА-ның тәжірибесі біз үшін өте маңызды. Өйткені біз де осы мақсатта жұмыс істеп отырмыз» деді. Жалпы БҰҰ жұмысы төрт мақсатты көздейді: бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау; ұлттар арасындағы достық қатынастарды дамыту; халықаралық мәселелерді шешуде халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру мен адам құқығын құрметтеуді қолдау; осы мақсаттарға қол жеткізуде ұлттардың бірлесіп әрекет ететін орталығы болу.
БҰҰ Бас хатшысының бұл сөздері – құнды әрі үлкен құрмет. ҚХА-ның зор жемісі мен көрінісі.
ҚХА әр бағытта көптеген іс-шаралар өткізіп отыр. Оны қоғамға жанашыр, еңбекте жүрген жандар біледі. Іс-шаралары көз алдау үшін атқарылып жатқан жоқ. Олар нәтижеге бағытталған. Мәселен, мұқтаж жандарға көмектесу. Қайырымдылықты алар болсақ, биыл «Қайырымдылық керуені» акциясы бастау алды. Акция бір жыл бойына түрлі тақырыппен өтетін болады. Сонымен қатар, қазақ тілін дамыту бойынша біршама жұмыс жүйеленді. «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы былтыр іске қосылды. Бұл жобаның мақсаты ауқымды – барша қазақстандықтарға қазақтың рухани құндылығын таныту.
Мен қаншама ұлттың бірлікте өмір сүруі – идеологиялық насихаттау жұмысы кеңінен жүргізілетінің арқасында, сонымен қатар ұлттардың Қазақстанды Отаным деп танып, шын жүректерімен жақсы көруіне байланысты дер едім.
Шын жүректен жақсы көру – адамның туған жеріне деген махаббаты. Махаббат бар жерде бейбітшілік те, татулық та және ұлтаралық келісім де болады. Еліміздің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлігін сақтау саясаты өте қарқынды дамып келеді және ол жалғасын таба бермек. Себебі, біз осы бағытта аянбай жұмыс істейтін боламыз. ҚХА мүшесі ретінде мен де қолымнан келгенше үлесімді қосамын.
— Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін ТМД елдерінде насихаттау үшін қандай стратегиялық бағыттар ұсынар едіңіз?
— Елбасы бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Мысалға, көршілес елдерде өзара түсініспеушілік болып жатқанда Елбасы екі елдің басшыларын татулыққа шақырған болатын. Яғни, бейбітшілікті ұстанатын мемлекет екенімізді тағы бір мәрте дәлелдеді.
Астана клубтағы отырысқа Түркия, Сирия, Ресей, АҚШ мемлекеттерінен келіп, диалогтік алаң құрып, бүгінгі таңда қаншама келісім жасалды. Оның арқасында Сирияда қақтығыстар азайып, тыныштыққа бет алып келеді. Бұрынғы қалпына келу – бұл әрине біраз уақытты керек ететін үдеріс. Әйтсе де басы қатты болса, аяғы тәтті болмақ.
Біздің бейбітшілікті жақтайтынымыз ТМД елдеріне ғана емес, барлық әлемге үлгі болып отыр. Біз өз әрекетімізді сөзбен емес, іспен дәлелдеп келеміз.
Менің Елбасының салиқалы саясатын қолдауым – ұсынысымды білдіргенім.
— Саясатқа келуге не себеп болды? Өзіңізді бес жылдан кейін қалай елестетесіз?
— Саясатқа келуіме жастар саясатына аралысып жүрген кезімдегі іскерлік тәжірибем себепші болды. Ортамының қолдауы да әсер етті.
Ал енді өзімді бес жылдан кейін қалай елестетемін деп айту қиындау. Не саясатта қалармыз, не басқа іспен айналысармыз. Дегенмен өмір ағымы біледі. Бірақ халқыма қызметім сіңіп, адал ұлы болып, депутаттық қызметімде қалсам деген де ойым бар. Әлихан Бөкейханның «ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген өте мағыналы сөзі бар, осы сөз жадыма әбден жатталып қалған. Сонымен қатар, «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген өсиетті ұстанамын.
Қазір халықтың арасында жүрмін, елімнің ыстық ықыласынан артық ештеңе жоқ. Артымнан тек жақсы сөздер айтылып, халқыма пайдам жарап, халқым қалап жатса, неге тағы бір мәрте депутат болмасқа.
— Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Өзіңізге үлгі ететін тұлға бар ма?
— Өзім кітапты көп оқитын жандардың бірімін. Көбіне тарихи, саяси кітап қолымнан түспейді. Ұстанымым да осыған байланысты. Көп оқу, ойшылдардың қанатты сөздерінен тұжырым жасау.
Ал енді үлгі тұтарлық тұлғалар көп қой. Дегенмен Уинстон Черчилльді үлгі тұтамын. Бірде бір жақыным туған күніме сыйлық ретінде Черчилльдің өмірбаяны туралы кітапты берген болатын. Сол таныстығымнан маған өмірі де, ұстанымы да қызықты болды. Ұзақ өмір сүрген ол елу жылдан астам саясатта қызмет атқарды. Өмірдің ащысын, тұщысын көрген Черчилльдің қызыққа, қайғыға толы өмірі үлгі боларлық. Ол кісінің өмірі тек маған ғана емес, көптеген саяси тұлғаларға көрнекті.
— Ана тіліңіз орыс тілі бола тұра, қазақ тілінде өте жақсы сөйлейсіз. Бұл көпке үлгі боларлық. Қанша тіл білесіз? Тіл үйрену бейімдігіңіз бар ма?
— Екі тілді еркін меңгерген адаммын. Маған әуелі қазақ тілі, сосын барып орыс тілі жақын. Балабақшадан бастап есімді білгелі қазақша сөйлеп келемін. Бірінші сыныпқа барар жылы орыс мектептері жабылып қалған еді, сондықтан қазақ мектебіне бардым. Бұл мен үшін қиындық туғызған жоқ.
Заман талабына сай ағылшын тілін меңгеріп жүрмін. Ағылшын тілі әлемдік деңгейдегі тіл. Бизнестің, саясаттың, ғаламтордың тілі.
— Жастар жылында жас депутат ретінде не айтасыз?
— Елбасының биылғы жылды Жастар жылы болсын деп жариялағаны – мені қанаттандырды. Өзіңіз қараңызшы, бұл барша жасқа берілген таптырмас мүмкіндік қой. Армандар орындалып, көктен іздегенің жерден табылатын жыл. Бұлай дейтінім, үздік стартаптың, жобалардың, идеялардың атын шығаруға дайын жастардың бағы жанатын болды. Іскер, ынтызар жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ертеңгі білімді, ойшыл, тапқыш жастар танылады. Мемлекет әр уақыт жастарға қолдау көрсетіп келе жатқанын естен шығармау керек.
Жыл бойында өз тарапымнан талантты жастарды анықтап, оларға қолдау көрсетуге дайын екенімді білдіремін.
— Әңгімеңізге рақмет, халықтың сенімін арқалап жүрген еңбегіңіз табысты болсын!

Нұргүл ШАТЕКОВА


23 қаңтар 2019 ж. 672 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области