ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ – «ЖЫЛ МЕЦЕНАТЫ»
Өзі туған ауылдың өсуіне ықпал жасап, ондағы халықтың тұрмыстық әл-ауқатын арттыруға үлесін қосып жүрген азаматтарды жомарт жан демей не демекпіз?! Олар өз есімдерін елге паш ету үшін емес, өзінің міндеті ретінде атқарып жатқаны айдан анық. Халықтың мұң-мұқтажын ескере отырып, өзінің ризық-несібесімен бөлісіп келетіндердің қатарында қазалылық Мнажадин Өтеев те бар.
Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, «Сыр Маржаны» ЖШС директоры Мнажадин Өтеев Қазалы ауданы, Майдакөл ауылында дүниеге келген. Алғашқы еңбек жолын коммуналдық шаруашылық мекемесінде слесарь болып бастаған ол 1979 жылы бухгалтер-экономист мамандығы бойынша білім алып, Қазалы ауданындағы «Транссельхозтехника» автобазасында аға экономист, бас экономист, «Сельхозтехника» шаруашылық есептегі учаскесінің бас есепші болып қызмет атқарады.
Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары ҚР Ұлттық банкінің Ленинск қалалық бөлімшесінің аға экономисі, бас есепші, сондай-ақ Қазалы ауданы салық инспекциясында бөлім бастығы лауазымында болған.
1996 жылдан соң «Наурыз» ЖШС директоры, 1999 жылдан бастап «Сыр Маржаны» ЖШС директоры қызметін атқарып келеді.
Халық қалаулысы өз туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны белгілі. Қоғам жұмысына немқұрайлылық танытпай, керісінше белсене атсалысып келеді. Қайырымдылық шараларын ұдайы ұйымдастырып және ауқымды түрде атқарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосуда. Сондай-ақ түрлі әлеуметтік топтарға қайтарымсыз көмек көрсеткені үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Жомарт жүрек» жобасында Қазалы ауданы бойынша "Жыл меценаты" номинациясымен марапатталған.
Ол «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясына-20 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасының және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс хаттарымен» бірнеше рет, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», Қызылорда облысы мен Қазалы ауданы әкімдерінің Құрмет грамоталарымен және халықаралық сауда және коммерциялық ұйымдарының дипломдарымен марапатталған.