АДАЛДЫҚ ДЕГЕН НЕ?
Адам арасында ең адал кім екенін іздедік. Сөйтсек, алдымен ол – көзі көрмесе де көкірегі асыл, жүрмесе де ойы шексіз, мүгедек жан екен. Мүмкіндігі келсе, соларды қуантқан ең сауапты іс және адалдыққа тұратын тұлға солар екенін біліңіз.
Сөздік қорымызда адалдықты аз қолданбаймыз. Шыны керек, оның мағынасына жете мән бермегендіктен тіркес ретінде сабақтай салу сіңіскен жағдайға жетті. Адал адам, адал еңбек, адал махаббат, адал пейіл тағы сол сияқты көптеген сөз әңгіме арасына ретсіз қосылады. Әсіресе, "таңдаулы" тұлғаны теңдессіз етуге талпынып, құдайдың қасына қоя жаздайтынымыз ше? "Өй, жақсы сөзіңді не аяйсың, сатып алып жатсың ба?" деген пікірдің өзінен сөз қадіріне қаншалықты мән бөлінетіні айтпаса да түсінікті.
Бұрынғының адамдары сөзге тоқтаған дейміз. ол рас. Себебі орнымен айтты. Қаншама жауды жеңіп, елін қорғаса да біз секілденіп "адал батыр" деген артық пікірге барған жоқ. Меніңше, мыңғыт мінезге машықтанып, тілді тарпаң түрге бұрыңқырап барамыз-ау?! Өйткені қазір ақиқат, шындық, адамгершілік, сыйластық, құрмет бәрі-бәрі адалдың баламасына айналды. Мысалы, ақиқатты айтқан адамды адал деуге бола ма? Шындық үшін шырылдаған кісі шыншыл емес пе?
Сәбиді періште санаймыз, бірақ өсе келе ол періштелігін жояды. Неліктен? Себебі "сүтпен сіңген мінез сүйектен шығады", қоршаған ортаның ықпалына сүйенеді. Ал енді адалдық деген кімге дәріптеледі. Пайымдасақ, тек Аллаға тән екен.
Адам адам болғалы пендешілік пиғылдан аттап кете алмаған. Сананы тұрмыс билеген сайын ақиқаттың өзі алыстап барады. Қарапайым ғана мысал, "Азаматты сынағың келсе, байлық пен билік бер" деп бабалар босқа білдірмеген болар. Бақсақ, жаратушы ми, аяқ-қол, көз-құлақты екеуден жаратыпты. Ескі қиссаларда мұны ақ пен қараға теңейді. Бірі бүлдіреді, екіншісі бүтіндейтіні секілді екі жүзді ниетті аңғарамыз. Оны мынадан-ақ сеземіз: бүйрегің бұрып тұр ма деген теңеу екеудің ерекшелігін ескереді. Ал, бауыр мен жүрек жақсылықтың нышаны. Өйткені олар жалқы. Адалдық та осылай, біреу.
Көне жазбаларда "жамандық жер бетіне шыққанда әлемді топан су басады" деп айтылады. Топан судың бетін аулақ қылсын, бірақ жамандық қазір өршіп тұрғаны өтірік емес. Жұмақ – киелі мекен десек, адалдықтың да алтын ордасы сол жақта екен. Біз көп жағдайда құдайға сенбейтініміз – оны көзіміз көрмейді. Тіпті бейсенбі, жұмада аралайтын әруақты байқамаймыз да. Неліктен бұрынғының кісілері олармен сөйлесе алған. Осының бәрі шамамыздың қай деңгейде екенін көрсетсе керек. Бұдан ұғатынымыз адалдық сананың ең биік сатысы және жаманшылық ойлауды мансұқ етпеген тіршілік иесіне берілетін бағаны білдіреді.
Сөз басында адал еңбек дедік. Асылы жұмыстың оңайы жоқ. Сонда жазы-қысы қой соңында жүрген шопанның еңбегін адал дейміз бе, жерді өңдеп, жеміс әкелген диқанды адал дейміз бе?
– Ветдәрігер өзіміздің бала ғой, осынша баққанда бір қой жесек болмай ма? – деген ой кім-кімге де келеді. Әйтпесе, жерінің көлемін кемітіп көрсетіп, ақша төлеуге ауырсынған адамдар бар. Бұл пендешілік, қашанда "қомағайлығын" қоймаған. Демек, әйтеуір, адалдыққа шаң тигізіп ала береміз.
Ал, адал махаббат дегенді айту тіпті қиын. Көз көріп тұрып, біреуге назарда салмау мүмкін емес қой. Мысалы, мұсылман пәлсафасында құранды көзді жұмып оқуды сұрайды. Өйткені әлденеге көз түсіп кетсе ой бұзылып, шын пейілмен орындау болмайды. Сол сияқты сезім де шексіз. Ал, сезім өлгенде ғана өшеді. Жалпы, адал махаббат иелері бір-біріне деген ынтық ықыласпен қатар ешқашан жалған ниетке бармауы тиіс. Қажет жағдайда жан беруге дайын болуы шартты. Құдды Қозы мен Баянның сенімді ақтауы секілді. Бірақ, біз жаманшылыққа жібермеуге тырысамыз. "Өлгеннің соңынан өлмек жоқ" дейміз де жұбатамыз.
Турасын түптесек, күнә мен күпірлік күнделікті өмірде кездеседі. Әйелі күйеуін, күйеуі әйелін алдайды. Ынтымақты осылай жарастыруға ынтықпыз. Міне, адал махаббаттың көрінісі.
Кезінде жапон халқында адалдықты аттаған самурай өзін-өзі өлімге қиған. Шариғат жолында өз-өзіне қол салғанға жаназа жоқ және олардың жұмаққа бармайтынын білдірген. Әрине, қан төгіске қарсымыз. Бұған барлық мемлекет тыйым салған да. Тіпті ауыр қылмысқа барғандарды да өлім жазасына кесу тоқтатылып келеді. Сондай-ақ, адалдықты ажалмен аршу адами тұрғыдан артық жәйт. Сіз оны жан шуағымен жасасаңыз-ақ жеткілікті. Сонда қалай?
Адам арасында ең адал кім екенін іздедік. Сөйтсек, алдымен ол – көзі көрмесе де көкірегі асыл, жүрмесе де ойы шексіз, мүгедек жан екен. Мүмкіндігі келсе, соларды қуантқан ең сауапты іс және адалдыққа бас ию болып табылатынын біліңіз. Бұл орайда Н.Хисраудин адалдықтың белгісін:
– Адамдыққа құл болма, адал болсаң, әлсіздерді қинама, адам болсаң, – деп жеткізіпті.
Мен бұған толық қосыламын. Өйткені біз айтқан пікір соның ішінде жатыр. Ендігі жерде адалдық туралы арнауды абайлап, тиісті кісіге дәлдеп келтірсек жөн болар еді. Әзірге адалдық бізге арман сияқты.