Сыр сақтаған тұмар
Қазақ әйелдерінің зергерлік сәндік әшекей бұйымдарының бірі –бойтұмар. Тұмар араб тілінен аударғанда «бүктелген, үлгі, қолжазба» деген мағынаны береді. Бойтұмар адамдарды түрлі пәле жаладан қорғайды деп есептеген. Қазақ даласында тұмардың «тұмарша, қолтықша, бойтұмар» сияқты түрлері кеңінен таралған. Тұмардың үшбұрышты түрі тұмарша, бұлшық еттің астында тұратын төртбұрышты түрі қолтықша, доғал бұрышты түрі – бойтұмар деп аталады. Тарихқа көз жүгіртсек, біздің бабаларымыз тұмар тағудың ғасырлар бойы ғажап үлгісін жасаған. Мәселен, хан ордасында – орда тұмар, қала қақпаларында – қақпа тұмары, үйлерде – үйтұмар, батырларда – бойтұмар, арғымаққа – аттұмар, төрт түлікте – көзтұмар, үйленгенде – қостұмар, қыз ұзатса – жасаутұмар, сәбилі болса – бесіктұмар жасататын болған.
Осындай бір тұмардың бірі Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы тұр. Аталған бойтұмар жұмыр етіп құйылған іші қуыс екі түтікшеден және шынжыр бауға жалғанған бес салпыншақтан тұрады. Түтікшенің екі басын мешіттің мұнарасы секілді конус тәріздес етіп жасаған және ұштарындағы жиектеме ішіне жасыл түсті 2 лағыл тас қондырылған. Бойтұмардың бастары 6 жерден жоғарыдан төмен қарай бірқатар нүкте тәріздес етіп бүршіктелген. Түтікшенің үстіне қысқа шынжыр бау тағылған. Түтікше ұсақ етіп шекілген ою-өрнектері бар шеңберлермен сегіз жерден құрсауланған. Шеңберлердің арасы безелген геометриялық ирек ою-өрнектермен безендірілген. Түтікшенің астындағы жеті шығыршыққа жалпы пішінін найза тәріздес үшкір етіп жасаған әрі шынжырларға жалғанған бес салпыншақ ілінген. Екі салпыншақ жоғалған. Салпыншақтардың өне бойына рельефті ою-өрнектер безеліп, жоғарғы тұсы көлденең шекілген екі сызықша-бедерлемемен безендірілген. Материалы күміс, ақық тастар. Өлшемі: 12,5х3,5 см. диаметрі–1,8 мм.Техникасы құю, ширату, безеу, штамп, бүршіктеу, шеку. Бұл көне жәдігер 1999 жылы Аққыр ауылы тұрғындарынан музейге сыйға алынған. Заттың иесімен зергердің аты-жөндері белгісіз. Ескі, кейбір тұстарындағы ою-өрнектер көмескілене бастаған. Бір салпыншағы түгел, бір салпыншағының жартысы үзіліп, жоғалған.
«Тұмар» сөзінің қай заманда және қай елде болсын өзіндік тарихи мәні бар. Әсіресе, қазақ халқынының наным-сенімінде аса терең мәнге ие және елеулі орны бар екенін жоғарыдағы мысалдардан да аңғаруға болады. Тұмардың тарихы тым тереңде жатыр. Сенбесеңіз, ел аузында әл-Фараби бабамыздан қалды дейтін мынадай бір әңгіме де бар.
Ұлы ұстаз қартайып, бір топ шәкірттерінің басын қосып: «Сендерге аманатым бар, құпияны сақтап, шартын орындасаңдар ғана ашамын» – дейді. «Айтқаныңызды екі етпейміз» – деп шәкірттері де бірауыздан уәде береді. Сонда ұстаз оларға киізден тігілген тұмарды ұсынып, өз қабірінің басында ғана ашуды міндеттейді. Араға көп уақыт салмай данышпан дүниеден өтеді. Шәкірттері арулап жерлеу рәсімі кезінде әлгі тұмарды ашып қараса, ішінен бір түйір қағаз шығады. Оған: «Бұл – мен туған жердің топырағы. Қабіріме осы топырақты салыңдар» – деп жазып кеткен екен. Ғұламаның әлгі өтініші үлкен тебіреніспен, толқумен орындалыпты. Ол кезеңдерде дәл қазіргідей туған жердің қадір-қасиеті артық тұрса керек.
Тұмар тағуға байланысты тағы бір аңыз былай баяндалады: Мұхаммед пайғамбардың заманында Тафашат атты бір көзі соқыр әйел болыпты. Егер ол тасқа назар салса, тас уатылып кетеді екен. Адамға назар салса, ол заматта құлайтын болыпты. Кәпірлер Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) мұқату мақсатымен аты-шулы әйелді оның немерелеріне айдап салады. Тафашат Асан мен Үсенге назар салғанда олар қалтырап-дірілдеп, естерінен танып қалады. Бұл пайғамбардың көңіліне қайғы салады. Сол сәтте Жебірейіл періште бір дұға жеткізіпті. Ол «Аятүл күрсі» дұғасы екен. Пайғамбар «Аятүл күрсіні» оқып үшкіргенде Тафашаттың сиқыры сынады. Осыдан кейін пайғамбар «Аятүл күрсі» дұғасын қағазға жаздыртып, екі немересінің мойнына тұмар етіп іліпті. Аңыз бойынша тұмарды ең бірінші Асан мен Үсенге таққан екен.
Т.ҚОЗЫБАҒАРОВ,
музей қызметкері.