Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ЖАҚҰТЫ

ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ЖАҚҰТЫ

Қазақ ұлтының зергерлік өнері, ою-өрнегі ғасырлар қолтаңбасы, ата- бабалар тіршілігінің куәгері, солардан қалған өшпес мирас, өлмес мұрасы. Сыр бойы – қашаннан өнердің туын тіккен жер. «Ел іші – өнер кеніші» – дейді дана халқымыз. Сыр бойы халқының өнер қазаны ешқашан да ортайған емес. Ерекше қасиет дарыған Сыр бойы халқының ішінде асылдың сынығы, тектінің тұяғы зерделі шеберлер көп болған. Жергілікті жердегі халық шеберлерінің өнерлерін жас ұрпаққа насихаттау, әдемі қол өнер бұйымдарын қазіргі заманға сай қолдана білу, халқымыздың бай, өзіндік ерекшелігі бар мұрағаттарымен таныстыру қасиетті міндетіміз деп білімін. Бірақ бұл киелі Сыр өңірінің қолөнер туындылары ел игілігі үшін талай үлес қосса да, өте аз зерттелген, тіпті мәліметтер тым мардымсыз десе де болады. Өлкеміздің зергерлік өнер туындыларының тарихы жайлы кейінгі буын өкілдері біле бермейтіні анық.
Сондықтан Елбасының: «Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды құрметтеу – алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген сөзі жергілікті тарихты назардан тыс қалдырмай, зерттеу қажет екенін айқын аңғартқандай.
Қазақ халқы сұлулыққа, әдемілікке сырт көзбен ғана сұқтанып, тамсанып қана қоймай, сол әсем де әдемі өнерді өздері жасаушы болғанына ешкім де күмән келтіре алмайды. Күн көрісін негізінен төрт түлік малдан айырған ата-бабаларымыз көне мәдениетке лайықты мұрагер бола отырып, оны осы күнге дейін өз қалпында бояуын бұзбай жеткізді. Қазақ шеберлерінің қасиетті өнердің бұл түрімен өте ерте кезден айналысқанын осы күнге дейінгі түрлі археологиялық экспедициялардың деректері де дәлелдейді. Түп аталарымыз мекендеген көне қалашықтар мен тарихи орындардан табылған қолөнер бұйымдарымен қоса кәсіби шеберліктің шынайы үлгісі ретінде бағаланатын алтын, күмісті, неше алуан асыл тасты әшекей заттардың көптеп табылуы осыларды айғақтайды. Мысалы, б.з.д I мыңжылдықтың аяғы мен б.з I мыңжылдығында өмір сүрген Жетіасар археологиялық ескерткіш кешеніндегі (Алтын асар, Бидайық асар, Қосасар) нысандарда мекендеген адамдардың тас пен сүйектен жасалған қаруларын, еңбек және іс құралдарымен бірге олар тұтынған әшекей заттарды тапқан. Сүйектен жасалған инелер, ілгектер, басқа да іс құралдарына қарап әйелдердің тері өңдеп, жүннен мата тоқып, киім тігуді меңгергенін, тұрмысқа қажетті басқа заттарды да жасай білгенін көреміз. Тастан, сүйектен жасаған әшекей заттар әйелдердің әдемілікке ұмтылғанын, қоғамда өздерін сәнді ұстап, аңшылық пен ауыр жұмыстардан шаршап келген еркектердің көңілін аулай білгенін көрсетеді. Кейбір әшекей заттарды Тәңірге көңілдерінің таза екенін білдіріп, аңшылыққа қолдансын деген сеніммен еркектер мойнына тағып жүрген. Зергерлік әшекей бұйымдары о баста адамды әр түрлі қауіп-қатерден, тіл-көзден, ауру-сырқаудан қорғаушы қасиетті тұмар ретінде пайдаланылды. Уақыт өте келе зергерлік бұйымдардың сәндік ролі алдыңғы орынға шыға бастап, ал тіл-көзден бәле-жаладан қорғау қызметі өзінің мәнін сақтағанмен, екінші кезекке ысырыла бастады.
Қазақ халқында сәндік бұйымдарды зерлеп, айшықтап жасаушы шеберді зергер деп атаған. Парсы тілінен аударғанда алтыннан, күмістен суырып, созған жіңішке сымды «зер» дейді. «Гер» сөз тудырушы жұрнақ. Зергерлердің басты жұмысы – қоғамның барлық әлеуметтік топтарының сұранысына ие болған – әйелдердің әшекей бұйымдарын жасау. Зергерге аса қажетті қасиет: суретшілік, дәлдік, икемділік, ептілік. Материалдар ретінде, негізінен, күміс пайдаланылады, бұйым қатты және берік болуы үшін сол күмістің мыспен, қалайымен шағын қоспалары қолданылды, өйткені таза күйіндегі күміс, алтын өте жұмсақ металдар. Қазақтардың салтында қыздардың және әйелдердің әшекейінің жоқ болуы әдеп қағидаларын сақтамау болып саналған, себебі – олардың болмауы, қаралы күйді білдірген, сондықтан әшекей қыз балаға жастайынан тағылып, бүкіл өмір бойына серік болған. «Әшекейі жоқ әйел жапырағы жоқ ағашпен тең» деп есептелген. Сыр өңірінің зергерлері торлау мен зерлеу, қараға бояу, оймалау, соғу, керту, ширату, қақтау, сіркелеу сияқты сан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана білген.
Зергерлік кәсібінен туындаған бұйымдардың атқаратын қызметіне, қолдану ерекшелігіне байланысты бірнеше тақырыптық топтарға бөлінеді. Мысалы, бас киімге, сырт киімге, құлаққа және мұрынға тағатын әшекейлермен қатар, мойынға, қолға, шашқа тағатын зергерлік әшекей атаулары деп жіктеп қарастыруға болады.

Шашбау, шолпы – өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын алтын, күміс тиындар, кейде маржан тағылған, ызылған бауы бар сәндік бұйым. Шашбау көбінесе күмістен соғылады да, түрлі-түсті асыл тас орнатылған, мойыншақ тізілген ұзын күміс шынжырлы баумен немесе қымбат, берік матадан ызылып жасалған алтын, күміс жіптермен өрнектеліп, ұшына күміс теңгелерден шұбыртпа зер шашақтар мен «сөлкебайлар» (күміс ақша) тағылады. Мұның шолпыдан ерекшелігі – ол бұрыммен қоса өріліп,теңгелері мен күмістері, тағымы шаш ұшына байланады. Сұлулар мен бойжеткендерге арналған халық өлеңдеріндегі «Сыл- дырап шашбауың мен алтын сырғаң», «Көрінер қыздар сұлу шашбауымен, бұрымын кейін сілкіп тастауымен» дегені осыдан шыққан. Бойжеткеннің жүрісін, қимылын жөндеу үшін қоңыраулы шолпыны қолданған. Қоңыраулы шолпыны таққан қыздың келе жатқанын естігенде үйдегі үлкендер қалжыңын қоя салса, бұл дыбыс жастарды елең еткізіп, жинақы отыруға итермелеген, екінші жағынан қыз балаға деген құрметті білдіреді. Шолпы қыз баланың жүріс-тұрысының әдемілігіне де әсер еткен. Ерте заманда «шашбау шаш арасындағы жын-шайтандарды қашырады» деп сенген. Сондықтан шашты қимай, бұрым етіп өріп, ұшына шолпы не шашбау байлаған. Ауыр шолпы таққанда бас ауырмайды екен. Сонда шолпының емдік қасиеті бар екенін байқаймыз. Жас қыздар тағатын үзбелі шолпы, көзді шолпы, қозалы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, ақық шолпы сияқты түрі бар.
Шашқап – шашты, бұрымды шаң-тозаңнан, күн көзінен қорғайтын арнайы тігілген сәнді бұйым. Қазақ салтында бойжеткендер мен келіншектер үй шаруасын істеген кезде шашқап киетін болған. Шашқап мақпал, шұға, барқыт, мауыты сияқты көк, қызыл, қара түсті маталардан тігіліп, желкеден белге жететін етіп бұрымның жуандығына қарай пішіліп тігіледі, кестеленеді.
Сырға – әйелдердің құлағына тағатын әшекейлі, сәнді зергерлік бұйым (кейбір елдерде сырғаны ерлер де тіптен малға да тағады). Ел ішінде кең таралған әндердің бірінде мынандай жолдар бар. «... Құлағыңа таққаның күміс сырға, Күмбірлетіп шығасың күнде қырға...» Ол неолит заманында сүйектен, мұйізден, қола дәуірінде металдан жасалған. Қазақ халқында атастырылған қыздың құлағына сырға тағу рәсімі бар. Ертеде қыздың басы бос, атастырылмаған болса, керегеге, кілемге, тіпті бақанға сырға іліп қою салты болған. Үйге келген қонақ немесе жолаушы ілулі тұрған сырғаны көрсе: «бұл үйдің бойжетіп келе жатқан не- месе бойжетіп отырған қызы бар екен, ата-анасы әлі ешкіммен құда болмапты, қыздың басы бос екен», – деген ой түйген. Орыс зерттеушісі И.Андреев былай деп жазады: «Қазақ әйелдері мұрнына кішкентай күміс сырға тағып жүреді, осы арқылы әкесінің ең сүйікті қызы екенін аңғартқан. Саусақтарына жүзікті молынан салады: ал құлақтарына көбіне інжу қадаған ұзынша сырғалар тағады». Осы деректерге қарағанда, қазақ тұрмысында мұрынға сырға тағу дәстүрі болғанын білеміз. Қалыңдық жасына жеткен қыздардың сырғаларында күннің, жұлдыздың, айдың, ал салпыншақтарында тұқымның, гүл жапырақшаларының, дәндердің болуы өзінен тарайтын ұрпақтың көп болуын меңзейді.
Алқа, моншақ – әйел адамдар мойынына, омырауына тағатын әшекейлі, сәнді бұйым. Алғашында алқа дөңгелек әшекей ретінде тағылғанымен бертін келе оның түр сипаты өзгеріп, тұмарша түрінде әр түрлі үзбелі салпыншақты кейіпке ауысқан. Алғашқы алқалар неолит дәуірінің ескерткіштерінен кездескен. Сүйектен, тастан, қола дәуірінде металдан, ежелгі Египетте шыныдан, орта ғасырларда Венецияда, Орта Азияда т.б шыныдан жасаған. Моншақ мойынға, қолға (білекке), баскиімге, көйлек т.б сырт киімдерге, кейде киімнің ішкі жағына, аяқ киімге тағылған. Соған бай- ланысты оның аттары да өте көп.
Тұмар – ертеде әйелдер ғана емес, еркектер де тағатын болған. Тұмар іші қуыс, әдемі былғарыдан тігіліп, ою-өрнектеліп күміс шынжырмен мойынға асып алады. Адамды бәле-жаладан, тіл-көзден сақтау үшін оның қуысына қасиетті дұғаны қағазға салып қоятын болған.
Өңіржиек – қалыңдықтың негізгі әшекей бұйымдарының бірі. Оны тек мереке, тойларда ғана таққан. Бұл бұйым 3-5-7 таспадан тұрады. Таспалар төртбұрышты, бір-біріне шынжырлар арқылы жалғасқан. Қапталына және төменгі жағына шынжырлар арқылы ромб, жапырақ, сопақша, жыланбас, шар тәріздес салпыншақтар ілінген. Сонымен, өңіржиектің мағынасы ұрпақтың өсіп-өркендеуі, оны жалғастырушы әйел адамның рөлі, әр түрлі қауіп-қатерден сақтану сияқты жайларды білдіреді.

Білезік. «Білезік» сөзінің шығу төркіні білек пен жүзік сөз тіркестерінен құралған немесе оны білекке салынған жүзік деуге де болады. Қыз бала 3-4 жасқа келгеннен-ақ, ата-анасы бойын түзеп сән-салтанатта өссін деп балаға білезіктер соқтырған. Білезік те жасалған материалдармен түр-тұлғасына қарай: алтын білезік, күміс білезік, құйма сом білезік, жұмыр білезік, жыланбас білезік, тасты білезік, өрме білезік, топсалы білезік, бес білезік т.б. түрлерге бөлінеді. Білезік буын ауруларының алдын алады, қолдың тазалығын күшейтеді, жынперілерді қуады деген ұғым халық арасында кеңінен таралған. Ең маңыздысы, білезік адам бойындағы күш-қуатты сақтайды. Қазақта бәле-жала әйелдің құлағы, шашы арқылы кірсе, күш-қуаты біртіндеп алақан арқылы сыртқа шығады деген сенім қалыптасқан.
Жүзік – саусақ сұғатын шеңбері таза алтын не күмістен соғылып, саусақ сыртына қараған бетіне асыл тастан көз салынған, әр түрлі пішінде әзірленген саусаққа сәндік үшін киілетін зергерлік бұйым. Шеті ою-өрнектермен безендіріледі. Ол соғу, қалыптау, ширату тәсілмен жасалады.

Жүзік сақинадан да күрделірек болады. Сондықтан жүзік алақанының беті өте сәнді, әрі әсем әшекейленгендіктен «жүзік» деп аталса керек. Яғни, бет, жүз, ажар дегеннен шығады. Ал сақина сөзіндегі «сақ» түбірі берік, мықты, мығым деген мағынаны береді. Осы уақытқа дейін құдағи жүзік, құсмұрын жүзік, отау жүзік сияқты түрлері сақталған. Палеолит дәуірінде сүйектен, неолитте тастан, қола дәуірінде металдан жасалған.
Ертеде халқымыз ас адал болуы үшін әйелдің қолында міндетті түрде сақина я жүзік болуы керек деп санаған. «Тамақ адал болуы үшін қолда жүзік болуы керек» деген сөз содан қалған. Тіліміздегі «сақинаны сәнге салмайды, ол тазалыққа таразы», «сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас» дегендей ұғымдар сақинаның тек сәндік қана емес, гигиеналық қызмет те атқарғанын дәлелдейді. Бұл тұжырымдар негізсіз емес. Өйткені бұл бұйымдар көбіне күмістен жасалады. Ал таза күмісте әр түрлі ауру қоздырғыш микробтарды өлтіретін қасиет бар.
Осындай қазақ мәдениетіне қайталанбас қолданбалар қалдырған зергерлік еңбегі үлкен құрметке лайық. Сондықтан бар әдемі құндылықтарды сырттан іздемей, оны өзіміздің асыл мұралардан іздеу, оны жандандыру, қалпына келтіру қазақтың әрбір зергерлік мұрасын, ұлттық мәдениеттанулық деңгейге көтерудің маңызы өте зор. Зергерлік бұйымдар технологиясы мектептердің сыныптарына арнаулы пән ретінде енгізбегенімен, арнаулы пәндер: еңбек, бейнелеу өнері секілді пәніне қосымша дерек көзі ретінде ұсынылса, үйірмелер ашылса, өз тарихын ұмытпайтын зерделі, ұлттық рухы мықты ұрпақ қалыптасар еді.

Баршагүл САХИЕВА,
Қармақшы аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсоводы.
06 қараша 2018 ж. 3 070 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области