Текемет тек биязы қозының жүнінен басылады
Киіздің төресі – текемет. Ол бір күнде басылады. Текемет басылған күні мерекелік көңіл күй орнап, аналарымыз қазан қайнатып, әңгіме-дүкен құрады.
Ою, түр салу – әр жерде әркелкі. Шығыс Қазақстанның текеметтері негізінен жүйелі жіңішке сужиекпен шілтерленіп келеді. Қоңырқай текеметке сары және қызыл түс сай. Сары – жылылықтың, ал қызыл түс – жақсы көңіл-күйді білдірсе керек. Бұл өңірден текемет басудың шебері атанған Қарлыға Сәулебекова, Бипан Әбілдинова, Қалима Есергеновалардың еңбектерін айрықша атауға болады. Көркем туынды арасынан Батыс Қазақстанның текеметтері де назар аудартса, түстіктегі шеберлеріміздің техникалық тәсіл қолданулары өзгеге онша ұқсамайтындай. Ал, оңтүстіктегі текеметтер ою-өрнектерінің ірілігімен, бояуының ашықтығымен ерекшеленеді. Кейде текемет қара немесе ақ, өрнексіз келетін де кезі болады. Салтымызда текеметті тек биязы қозының жүнінен басқан. Себебі, онда қылшық болмайды.