Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » КИІЗ БАСУ ӨНЕРІН ҚАЙТА ҚОЛҒА АЛСАҚ....

КИІЗ БАСУ ӨНЕРІН ҚАЙТА ҚОЛҒА АЛСАҚ....


Сан ғасыр бойы көшпенді ғұмыр кешкен ата-бабаларымыздың негізгі күнкөрісі тікелей төрт түлік малмен байланысты болды. Малдың терісінен шалбар, тон, кеудеше, ішік тіксе, жүнін иіріп, төсеніш, текемет, тұскиіз, сырмақ, бөстек, аяққап, кебеже, байпақ секілді дүниелерді жасап, қажетіне жарата білген қазақ халқының шеберлігіне таңғалмау мүмкін емес.
Бастысы, киізден жасалған дүниелері қаншама жыл өтсе де өңін бермей, еш тозбастан сол қалпында тұра береді. Өкініштісі сол, бүгінде осы бір баға жетпес құндылығымыздан алыстап бара жатқандаймыз.
Текемет төселген үйді көрсек озық заманнан қалған деп тіксінетін болдық. Одан гөрі қымбат болса да арабтың әрлі, Түркия мен Ираннның түкті кілемдеріне құмармыз. «Шаң жинайды, тым ауыр, киімге қылшығы тиеді» деп киіздің кемшіліктерін ғана көретін бүгінгі қазақ оның денсаулыққа тиер пайдасын біле ме екен? Ал, киіз басу өнерін қайта жаңғыртқысы келетін кім бар?
Бабаларымыз мыңдаған жылдар бойы тұтынған киіз – қой жүнінен жасалады. Ал, қой жүнінің жылу реттейтін қасиеті бар. Дәрігерлердің айтуынша, ол суық тиюден сақтайды. Сондай-ақ, жүннен жасалған киімдер мен бұйымдар жараның тез жазылуына, сынықтың тез бітуіне көмектеседі, қан айналымын жақсартып, адам терісінің қартаюын тежейді екен. Мамандар мұндай бұйымдарды, әсіресе, ревматизм, остеохондроз және радикулитпен ауыратын науқастарға ұсынатын болған. Киіз біріншіден, температураны бірқалыпты ұстайды. Екіншіден, жуған сайын жаңарады. Сондықтан, киізден жасалған өнімдерді бірнеше жыл тұтынуға болады. Осындай арзан әрі пайдалы дүниеден неге жатсынып барамыз?
Бұрындары бойжетіп келе жатқан әр қыздың жасауына арнап әжесі мен анасы есімі жазылған кілем тоқып, киіз басқан. Әжем «Шешемнің маған арнап көз майын тауысып тоқыған кілемі ғой» деп артынан келген кілемін әлі күнге қабырғада ілініп тұрғанын қалайды. Түріне қарап елу жыл бұрын жасалған деп айта алмайсың. Түсі де, өңі де еш өзгермеген. Күтіп ұстаса ғасырлық ғұмыры бар болар. Ал, қазір дүкендегі ең қымбат кілемнің өзін ары кетсе он жылға ғана жарайды. Ең бастысы қойдың жүнін қырқып, сабап, түтіп, бояп, ұршық иіріп жібін жасау сияқты бүкіл жұмысы анасының аялы қолымен жасалған дүние қай қызға болмасын бағалы болары сөзсіз.
Бұрынғыдай жүнді тазалап, сабап, түтіп, ұршықпен жіп иіріп, киім тоқитын әжелер қазір жоқтың қасы. Жыл сайын малдың жүнін қырқатындар оны қайда жіберерін білмей, өртеуге мәжбүр. Осыған қарап, киіз басу өнері мүлдем жойылып кете ме деген күдік те жоқ емес. Ауылшаруашылығына, оның ішінде мал өсіруге ерекше қолдау көрсетіліп жатқан бүгінгідей уақытта одан өндірілетін бұйымдарға да бей-жай қарауға болмайтын секілді.
Қазіргідей барлығы автоматтандырылған заманда ешкімнің қолдап киіз басуға құлқы жоқтығы айтпаса да белгілі. Дегенмен, арнайы құрылғылар арқылы жұмысты жеңілдетуге болады емес пе? Заманға сай әрленген отандық киіздер шығарылып жатса, оған жұртшылықтың қызығушылығы артары сөзсіз.
Зерттеуімізше, киіз басуға арналған аталған құрылғы қытайда бар көрінеді. Ал, елімізде оны игеретін кәсіби білімді маман жоқтың қасы. Бұл – қолөнер туындыларының кеңінен өркендеуіне қолбайлау болып отырған бірден-бір мәселе. Сондықтан, халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін қолөнер шеберлерін мемлекет тарапынан қолдап, маман даярлауға көңіл бөлінсе, бәлкім, ұмыт бола бастаған ұлттық бұйымымыз қайта оралар ма еді?!
Көпке ұзамай кенттегі Шиелі индустриалды-аграрлы колледжінде осы бір мамандықты оқыту ісі қолға алынса нұр үстіне нұр болар еді. Өркендеуге бет бұрған өңірімізде қажетті маман иелері дайындалар еді. Таяу болашақта кәсіп иелері осындай өндіріс орнын ашпасына кім кепіл?
Әйтеуір, қолда барды ұқсатып, игерудің жолын іздестіріп, насихаттап, ұлттық өнерді өрге жетелесек екен.

24 шілде 2018 ж. 1 581 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области