«АҚМЕШІТ – ПЕРОВСК – ҚЫЗЫЛОРДА»
Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласы туралы ежелгі дәуірлерден бүгінге дейін жеткен деректер мен суреттер – баға жетпес құндылық. Сарғайған құжаттар мен ақ-қара суреттердегі иіріміне тартып кететін тарихи оқиғалар қызықтырмай қоймайды. Осындай дүниелердің бір парасын жинақтап отырған «Ақмешіт» музейі Қызылорда қаласының астана болғанына 80 жыл толғанда ашылған еді. Музей ұсынған материалдар бізді қаламыздың тарихына тереңнен бойлауға мүмкіндік берді. Оған қосымша тарихшылардың жазбаларына, ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, Елбасы «Алаштың анасы» атаған Сыр бойындағы бас қаланың бағзы дәуірі мен бүгінінің арасын жалғайтын мақалалар топтамасын ұсына бастаймыз.
«Ақмешіт» бекінісі
Бір деректерде қазіргі Қызылорданың орнында Қамысқала, Құмқала атты мекендер болған делінген. Ақмешіт бекінісі шамамен 1817 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы Ташкенттен, Бұхара мен Хиуадан Атбасар арқылы Батыс Сібірге, Торғай арқылы Троицкке, Орынбор губерниясына баратын керуен жолдарының қиылысына, тоғыз жолдың торабы тоғысқан жерге салынған. Оның айналасында көне заманның қоныстары мен қалалар болған. Бір жылдан соң бекініс өзеннің оң жағалауына көшірілді.
«Ақмешіт» жан-жағына қамыс пен бұта өскен, ойпатты аралда орналасты. Бұл ойпат Бақалықопа деген атқа ие болды. Солтүстікке қарай ойпатты болғандықтан, су тасқыны кезінде Сырдария өзенінің Қараөзек сағасы арқылы суға толтырылып отырды.
Өзеннің оң жағалауынан 270 метр жерде тұрған «Ақмешіт» бекінісі – саз балшыққа майда сабан араластыра отырып, салынған құрылыс. Оның қабырғаларының төменгі жағы – 10,5 метр, ал жоғарысы 4 метрден аса қалыңдықта болса, биіктігі 11,5 метрге дейін барды. Қабырғаларда ұзын тісті қорғаныштар, әр бұрышта және сыртқы беттің ортасында зеңбіректер орналастырылған дөңгелек мұнаралар болды. Қамалдың барлық бөлігі 300 метр жерді алып жатқан еді. Бекіністің өзен жағындағы мұнарасына темірмен құрсауланған мықты қақпа орнатылды. Ішінде тұщы суы бар үш құдық, екі мешіт, медресе және 50-ге жуық балшықтан салынған үй болды. Орданың айналасы 11 метрге дейінгі ендіктегі орлармен қоршалып, ол суға толтырылды. Әйелдер мен балаларды қоспағанда 400-ге жуық қоқандықтар мен қазақтар тұрған.
Тағы бір деректерде «бекіністің ішінде негізінен жаппас, алтын, бағаналы, табын, керей сияқты рулардан құралған 450-ге жуық қазақ үйлері орналасып, ішкі қорғанда 50-ге жуық саздан соғылған үйлерде Ақмешіт бегі мен 150-ге жуық түркімендер мен сарттар тұрған» делінген.
Кейін «Ақмешіт» бекінісін алуға келген генерал Бларамбергтің естеліктерінде бірталай дерек бар. Алыстан барлағанда бекініс ішінде көптеген үйлер, сауда жасайтын орындар, жылқы ұстайтын қора, басшы отыратын сарай, әскерилер тұратын үйлер орын тепкені байқалған. Генерал «бекіністің биік те қалың қабырғаларын бұза алмағандықтан, 21 күн бойы оның жан-жағын қоршаған орға дейін жер қаздық. Қабырғаларды миналап, гальваникалық батареяның көмегімен таңға жуықтағанда ғана жардық» деп жазыпты. Бұл бекіністегі қорғаныстың мықтылығына дәлел бола алады.
Қоқан хандығы «Ақмешіт» бекінісін бірте-бірте сауда керуен жолдары үстіндегі аса ірі әскери нысанның біріне айналдырды. Бұл жерден Ташкент, Бұхара және Хиуадан Троицк, Атбасарға, Батыс Сібір қалаларына өтетін көпестердің керуендері бақыланды.
Қоқандықтардың «Ақмешіттің», тағы басқа бекіністердің маңайында көшіп-қонып жүрген қазақтардан жиналатын алым-салықтарының ауыртпалығы Сыр бойындағы ірі соғыстарға себеп болғаны тарихтан мәлім. Қоқан өктемдігіне қарсы Қасым сұлтан мен оның ұлы Саржан сұлтанның, Кенесары ханның көтерілістері болды. Бір жағынан Хиуа хандығының да қазақтардан зекет, ұшыр және басқа да алым-салық түрлерін жинауы, бас тартқан жағдайда жазалаушы жасақтар жіберіп, ауылдарды қырып-жойып, тонауы халықты ашындырмай қоймады. Осы кезеңдегі даңқты Жаңқожа батырдың жорықтары ұлт-азаттық көтеріліс деңгейіне жетті. Жанқожа батыр Хиуа бекіністерін, Кенесары ханның өтініші бойынша Созақ әскери бекінісін басып алуға қатысты. Кейінірек батыр Қоқан хандығымен арпалысып, «Ақмешітке» дейін жорық жасады. Жергілікті қазақтарды езгіден құтқарды.
Бұл кезде Ресей империясының әскери жасақтары Ақмешітті бетке алып, ілгері жылжып келе жатты.
P.S.
Дереккөздер «Ақмешіт» бекінісінің 1817 жылы Сырдарияның сол жағалауына салынып, бір жылдан кейін оң жағалауына көшірілгенін көрсетіп отыр. Тура екі ғасырдан соң, яғни 2017 жылы бекіністің орнындағы Қызылорда қаласы Сырдарияның сол жағалауына қарай ойыса бастады. Арада екі ғасыр өткен соң, яғни 2018 жылы Сырдарияның сол жағалауына қоныс тепкен жаңа қала алғашқы тұрғындарын қабылдамақ.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».