ОҚШЫ АТА КЕСЕНЕСІ
Сыр өңіріндегі киелі орындардың бірі – Оқшы ата мазараты. Оқшы ата мазаратын халық кейде «жеті әулие» деп те атайды. Бұл Оқшы атаның есімімен тікелей байланысты. Оқшы атаның азан шақырып қойған есімі Көгентүп, кейбір деректерде Ибраһим болған делінеді. Оқшы ата – халықтың қойған есімі болса керек.
Халық аузында Оқшы ата туралы аңыздар жиі кездеседі. Олардың бірінде: Оқшы ата жас кезінде жетім қалады. Күнкөріс үшін ел аралап жүріп, жалғыз қызы бар бір қайырымды шал мен кемпірге тап болады. Олар мұны өздеріне бала етіп асырап алады. Оқшы кемпірді ана, шалды әке, қызды қарындас санайды. Ержеткенде олардың асыраушысы өзі болады. Егін егіп, диқандықты кәсіп етеді.
Жас жігіт еңбекшіл ғана емес, бойында қасиеті бар азамат болып ер жетеді. Оның кірпігінің қалыңдығы сондай, көзін жауып тұрады екен. Кірпігін қолмен көтеріп қалғанда бір күншілік жердегіні көретін қасиеті болған. Мал жоғалтқан адамдар жоғының дерегін білу үшін Оқшыға келеді екен. Ол кірпігін көтеріп қалып, «малыңыз пәлен жерде жайылып жүр» деп жөн сілтейді. Барса, расында солай болып шығады. Оқшының аты елге біртіндеп осылай тарай бастайды.
Сол бір заманда елді қалмақ жаулап алады да, оның ханы елге өзінің тәртібін орнатады. Жебір билеуші жұртқа мынадай шарт қояды:
- Мені күнде бір үй асырап, қалыңдыққа қызын беретін болсын!
Хан жарлығы екі болмай, орындала бастайды. Тәлкекке түскен ел күңіреніп, күйзеліске ұшырайды. Қарсы шығар амал таппай дағдарады. Осындай күндердің бірінде ханды күтіп, оған қыз беру кезегі Оқшының ата-анасына да жақындайды.
Оқшы күншілік жердегі егін басында арпа орып жатыр екен. Ол жаққа жүрерде ата-анасына: «Алда-жалда бір жаманшылық төнсе, атым бір хабар білдірер, бұл озбыр ханның азабынан әлі-ақ құтыламыз», - деп атын қалдырып кетеді.
Кезек кемпір-шалдың үйіне, оның жалғыз қызына да келеді. Екі қария зар илеп жылағанда, кермеде байлаулы тұрған аты тыпыршып, зор дауыспен кісінеп қоя береді. Кісінеген атының даусы күншілік жерде арпа орып жатқан Оқшының құлағына жетеді. Озбыр ханға қатуланған Оқшы Аллаға сыйынып, арпаны уытып-уытып алақанына салып, дұшпанға бағыттап үрлеп жібереді. Осылайша, хан қаза табады. «Жауызды өлтіріп, халықты азаптан құтқарған кім болды екен?» деген түрлі әңгіме елге тарайды.
Бірінің қылышы, бірінің қанжары, енді бірінің пышағы қанды талай жігіттер «ханды өлтірген мен» деп шығады. Сол кезде Оқшының әкесі:
- Біздің баламыздан да сұраңдаршы, сол білер кім өлтіргенін, - дейді.
Жиналған жұрт күншілік жердегі Оқшыға адам жіберіп, алдыртады. Келген соң, «Ханды мен өлтірдім» деп, таласқан талай азаматтарды көріп Оқшы сұрайды:
- Хан неден өлді?
- Жүрегінен жаралы болып өліпті, - дейді халық.
- Онда жүрегін жарып көріңіздер, егер арпаның қылтығы жүрегіне қадалып тұрса, менің атқан оғым, - дейді Оқшы. Расында да осылай болып шығады. Көгентүп осыдан бастап Оқшы атанады.
Оқшы ата туралы зерттеушілердің бірі фольклортанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев Оқшының «Қорқыт ата» кітабының басты кейіпкері болуы оның тарихи тұлға екеніне дәлел бола алады деп атап көрсетеді. Сондай-ақ, оны оғыз-қыпшақтың ханы Қазан Салордың батыры әрі қару-жарақ соғатын шебері еді дейді. Оқшы атаның өмірден 1043 жылы өткендігін және өзінің аты берілген мазаратта жерленгендігі туралы қорытынды жасаған.
Сонымен қатар, Оқшы ата түркілер арасында исламды насихаттаған діндар адам болды деген деректер бар. Бұл жер ХІҮ ғасырда Қожа Ахмет Иассауидің даңқты кесенесін Ақсақ темір салғанға дейін осы Оқшы ата жері ежелгі Тұран, оғыздар мен түркі-қыпшақтардың бекзат азаматтары жерленген пантеон болған екен. Демек, бұл қабірстан біз білетін аталардан басқа қадым ғасырларда жасаған небір арыс азаматтардың жатуы мүмкін. Оқшы ата, Есабыз, Асан қайғы, Ғайып ата, Қыш ата, Досбол би сияқты ұлылар – халық зердесінде сақталғандары ғана.
Оқшы ата ХІ ғасырда өмір сүрген, халықты жаудан құтқарып, елдің болашағы үшін күрескен ұлы тұлға. Сондықтан да халық Оқшы ата мазаратын ерте заманнан құрметтеп киелі жер санаған.
Оқшы ата мазары өзінің сәулеттік құрылысымен де ерекше. Қазақ жеріндегі оғыз – қыпшақ кезеңінен сақталған бірден бір кесенелердің бірі.
Еркебұлан ЕЛЕУОВ,
Қызылорда облыстық тарихи мәдени ескерткіштерді қорғау
мекемесінің ғылыми қызметкері