Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АСАРЛАР ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ

АСАРЛАР ТАРИХТАН СЫР ШЕРТЕДІ


Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртұтас ұлт болу үшін қоғамдық сананы жаңғырту, ол үшін халық санасына жалпыұлттық құндылықтарды тереңдету қажеттігін көрсеткен болатын. Осы мақсатта елімізде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жасалып, көне қалаларды одан әрі зерттеу жұмыстары қолға алынды.
Киелі Жалағаш топырағында ежелгі қалашықтар мен мәдени-ескерткіштер көптеп кездеседі. Біздің дәуірімізге дейін өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігін суреттейтін бұл киелі жерлердің қатарында көне асар төбелер де бар. Солардың бірқатары Таң ауылы аумағында орналасқан.

ДОМАЛАҚ АСАР
Киелі орындардың бірі Таң ауылының оңтүстік-шығысында шамамен 9-11 шақырымдай жерде орналасқан Домалақ асар қалашығы. Қаланың ежелгі атауы мен тарихы әзірге белгісіз. Бұл жерді жергілікті тұрғындар Естек асар деп те атайды. Себебі, сол маң ертеректе «Естек» деген көлдің табаны болған деседі.
Қала екі сатылы қабаттан тұрады. Жоғарғы қабаттағы төбе – цитадельдің (қала әміршісі тұратын ішкі бекініс) жалпы формасы төртбұрышты (квадратты) болып келген. Көлемі – 50х50 метрді құраса, биіктігі 15 метрге жуықтайды. Қалашықтың ішкі беті бел ортасына қарай ойыңқы. Цитадельден дуалға дейінгі аралықта, аумағы 30 метрдей бос кеңістік жатыр. Заманында цитадель айнала дөңгелек формадағы күзет мұнаралары бар дуалмен қоршалған. Казіргі уақытта дуал құландыларының ені – 612 метр. Қала сырты ені 7-8 метр болатын ормен қоршалған. Жалпы, қаланың көлемі 160 х 280 метрден асып түседі.
Айта кетейік, бұл асарға 1962 жылы Хорезм археология-этнографиялық экспедициясы барлау жұмыстарын жүргізіпті. Алайда, кейін қазба жұмыстары қолға алынбаған.

ҮҢГІРЛІ АСАР
Домалақ асардың маңында Үңгірлі асар қалашығы да бар. Бұл – Қаңлы дәуірінің көрнекті ескерткіштерінің бірі. Қала құландысының жалпы пішіні төртбұрышты (квадратты) болып келген. Оның көлемі шығыстан батысқа дейін 300 метрге, оңтүстіктен солтүстікке дейін 250 метрге созылған. Қала үш сатылы қабаттан тұрады. Бірінші қабатта орналасқан цитадельден көлемі 60х35 метрді құраса, биіктігі 18 метрге жуықтайды. Ал, цитадель айнала биік қорған-дуалмен қоршалған. Қалашықтың ішкі беті шеңберлене келе екінші қабатқа қарай шығады. Екінші қабат жалпақ алаңша пішінінде цитадельдің батыс және шығыс жақ қанатына жапсарлана орналасқан.
Қаланың цитаделі мен дуалдардың сыртқы беті мен етегінде жауын- шашынның әсерінен үңгірлер мен арықтар пайда болған. Сондықтан да, жергілікті тұрғындар оны Үңгірлі асар деп атап кеткен.
Қалаға кіретін бас қақпа дуалдың солтүстік бетінде орналасқан екен. Үшінші қабат цитадель мен екінші алаңның шығыс, оңтүстік және батыс жақ қанатын қамтыған. Цитадельден үшінші алаңның шетіне дейінгі арақашықтық, шамамен 40-60 метрді құрайды. Қала орнына С.П.Толстовтың жетекшілігімен барлау жұмыстары жүргізілген. Бірақ, бұл жерге де кейін қазба жұмыстары жүргізілмеген.

ҚОСОБАЛЫ АСАР
Қособалы асар да Таң ауылының шығысында шамамен 8 шақырым жерде орналасқан. Қаланың жалпы формасы төртбұрышты (квадратты) болып келген. Қала екі қабаттан тұрады. Жоғарғы қабаттағы цитадельдің биіктігі әртүрлі деңгейде. Ең биік бөлігі – оңтүстік-батыс жақ беті. Цитадельді қоршаған дуалдың кейбір жерлерінде күзет мұнараларының құландылары қазіргі уақытқа дейін сақталған. Қаланың бас қақпасы дуалдың оңтүстігінде және ол қақпаны дуалдан шығыңқы етіп салған екі күзет мұнарасы қорғап тұрған. Цитадельге жапсарлана көлемі 200 х 200 м болатын алаңша орналасқан. Цитадельдің ішкі беті ойпаттау болып келген. Сыртқы қабатының кейбір жерлерін арықтар мен сайларға жиналған ағынды сулар шайып кеткен.
Қособалы асар – Жалағаш ауданы көлеміндегі қаңлы дәуіріндегі қала мәдениетінің дамуын көрсететін көрнекті археологиялық ескерткіштердің бірі. Қособалы асар деп жергілікті тұрғындар қаланың жалпы пішініне қарап (бір- біріне мінгескен қаланың қабаттары) атаған. Қазіргі уақытта қалашықтың үстіңгі мәдени қабаты дұрыс сақталмаған.
Қала орнына барлау жұмыстарын 1962 жылы С.П.Толстов жүргізіпті.

Н.ҚАЗБЕКОВ,
Жалағаш ауданы


02 тамыз 2018 ж. 1 008 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области