Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚОҚАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІ

ҚОҚАН БИЛІГІ ТҰСЫНДАҒЫ СЫР ӨҢІРІ


...ХІХ ғасырдың 50-жылдарында Сыр бойына басып кірген патша өкіметі бүкіл қазақ даласын империя иелігіне қосуды аяқтау мақсатында Сырдың бойындағы Қоқан хандығының бекіністерін басып алып, оны Сібір шебімен қосу туралы жоба дайындайды. Патша өкіметінің алдына ұсынылған Перовскийдің жобасында Ақмешіт бекінісіне зор мән беріліп, оның маңыздылығын былай көрсетеді: «Орынбор қазақтарын әкімшілік жағынан басқаруда кең мүмкіншіліктер туады. Сырдарияның орта ағысында нық орнығуымыз арқылы біз Орта Азия хандықтарына жақындай түсеміз. Сыр өзені мен Ақмешіт Орта Азиямен саяси және сауда қарым-қатынасында негізгі тірек болары сөзсіз».
Патша өкіметі Перовскийдің жобасын мақұлдағаннан кейін, ол жаңа аймақтарға барлау жұмысын жүргізуге топограф Голов басқарған 80 адамнан тұратын топты 1852 жылы 18 сәуірде Сыр бойына аттандырады.
1852 жылы 18 сәуірде барлауға шыққан Головтың әскери тобына Орынбор генерал-губернаторы В.Перовский Сырдарияның оң жағалауынан жоғарыға қарай Қоқанның Ақмешіт бекінісіне дейінгі жерлерді картаға түсіруді міндеттейді. Ал бұл кезде, яғни, 1852 жылы сәуір айында патша өкіметінің қаупі анық төне бастағасын Ақмешітке 2000 қоқан әскері келген еді. Оның 400 сарт болса, 1600 қазақтар болған. Сарттар Ташкенттің бегі Ешмұхаммедке бағынса, қазақтар Ақмешіттің елбегі Абдуали бектің қол астында болған. Бұл әскердің құрамында Кенесарының ұлдары Тайшық, Осман, Кенесарының ағасы Саржанның ұлдары Қошқарбай мен Иса да болды. Олардың қолында 8 зеңбірек бар еді.
Орынбор генерал-губернаторы В.Перовский сол жылы полковник И.Бларамбергтің басшылығымен ірі әскер жасақтап, оған тек барлау жұмысын жүргізіп қана қоймай, мүмкіндік болса Ақмешіт бекінісін басып алуды тапсырады. В.Перовскийдің нұсқауын орындауға шыққан полковник Бларамберг 1852 жылы 3 шілде күні 30 күнге жететін азық-түлігін алып, 3 зеңбірегі бар 300-ден астам әскерді бастап жорыққа шығады да 18 шілдеде Ақмешіт бекінісіне жетеді.
Олар 20 шілде күні таң алдында әрқайсысы 100 адамдық екі колоннаға бөлініп, бекіністі шабуылдайды. Алайда, басым бөлігі қазақтардан тұратын қоқандықтардың негізгі күші бекініске дер кезінде көмекке жетіп, жауға қарсы шабуылға шығады да орыс әскерлерінің 15 адамын өлтіріп, 57 адамын жаралайды. Ауыр шығынға ұшыраған орыстар 23 шілдеде кейін қарай шегінеді. Полковник И.Бламберг Ақмешіт түбінде тас-талқан болып жеңілгенімен, Сырдарияның негізгі бөлігін зерттеп, оны картаға түсіреді және қайтар жолында қоқандықтардың Күмісқорған және Шымқорған бекіністерін талқандап кетеді .
В.Перовский 1852 жылы 15 қыркүйекте Сібір корпусының командиріне былай деп хат жолдайды: «...Бұрын белгісіз болған Қараөзек пен Жамандарияның зерттелуі – бұл аймақтың қоныстануға өте қолайлы екендігін көрсетті. Егер де орыс әскері осы аймақтарда жеңіске жетсе, қазақтарға деген саяси ықпалымыз күшейе түседі».
Осыдан кейін алдыңғы екі жорықтан мол сабақ алған Орынбор генерал-губернаторы В.Перовский Ақмешітті алу үшін Сыр бойына бірнеше бекіністер салу қажет деген ұйғарымға келіп, патша өкіметіне мәлімдеме жасайды. В.Перовскийдің жасаған жоспарына сәйкес Қазалы аңғарында №1 форт, Қармақшыда №2 форт, Күмісқорған бекінісінің орнына №3 форт салынып, патша әкімшілігінен жорыққа қажетті заттарды таситын түйелерді жинау жөнінде тапсырма алған сұлтан-правительдер түйелерді қазақтардан еріксіз жинап алады.
Жергілікті қазақтар туралы саяси және әскери мәліметтер жинастыруға шығыс тілдерінің маманы О.Осмоловский Сыр бойына арнайы тапсырмамен аттандырылды. Осмоловскийге Ақмешіт бекінісінде орналасқан қоқандық әскерлердің саны мен құрамы, Кенесарының ұлы Сыздық төре бастаған қазақтар туралы, Орта Азия хандықтарының саяси жағдайы, Сыр бойындағы қазақтардың патша билігіне деген көзқарасы және тағы басқа да мәліметтер жинау тапсырылады. Мұнымен бірге В.Перовский Есет Көтібарұлы, Елекей Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Бұқарбай Естекбайұлы сияқты Кіші жүз қазақтарының батырлары мен сұлтандарын жорыққа қатысуға көндіруді Арал бекінісінің басшысына жүктейді.
/жалғасы бар/

Кенже АХМЕТОВА,
Ақмешіт музей филиалының
меңгерушісі
26 қыркүйек 2018 ж. 1 149 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области