Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » САМАРҚАН ШАҺАРЫНДАҒЫ «ТІЛЛӘ-ҚАРИ» ЖӘНЕ «ШИРДАР» МЕДРЕСЕСІ НЕМЕСЕ ЖАЛАҢТӨС БАТЫРДЫҢ ШЕЖІРЕСІ

САМАРҚАН ШАҺАРЫНДАҒЫ «ТІЛЛӘ-ҚАРИ» ЖӘНЕ «ШИРДАР» МЕДРЕСЕСІ НЕМЕСЕ ЖАЛАҢТӨС БАТЫРДЫҢ ШЕЖІРЕСІ


Редакциядан: Әйгілі алаш көсемі, дәрігер, тарихшы, әдебиетші, лингвист, фольклортанушы, тағы басқа сан қырлы талант иесі Халел Досмұхамедұлының Самарқанд шаһарының билеушісі Жалаңтөс баһадүр және оның салдырған медреселері туралы жазған мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
Самарқанд шаһарының көптеген көрнекті орындарының ішінде ерекше көз тартатыны – қалалық Регистан алаңы, оның үш бетінде архитектурасы мен әрлеуі ғажайып көркем үш медресе – «Тіллә- қари», «Ширдар» және «Ұлықбек мырза» сән түзеген.
Бұрынғы кездерде Самарқанның тыныс-тіршілігінде Регистан алаңының алған орнын Мәскеудегі Қызыл алаңмен салыстыруға болар еді. Үкіметтің барша маңызды жарлықтары мен пәрмендері халыққа осы алаңда жарияланатын және қоғамдық келелі істерді шешу үшін шақырылатын немесе әулиелерге тәу етіп, қауымдасып құлшылық қылатын халықтық жиындардың бәрі де осы алаңда өткізілетін.
«Тіллә-қари», яки, «Алтынмен апталған» медресесі іш жағында ауласы бар, тік бұрышты көлемді ғимарат, оның биік, шаршы шатыр жиегі (фронтон), сыртқы қабырғасы мен мұнаралары әсем нақышты өрнекті жазу түзеген түрлі-түсті, алтын жалатқан жұқа кірпіштермен қапталған. Ал аулада шәкірттерге арналған 25-ке жуық құжыра бар, мешіттің ішкі қабырғасы да түрлі түсті, алтын жалатқан өрнекті жазу, суреттермен безендірілген.
«Ширдар», яки «Арыстанды медресе» медресесі айбынды да сәулетті ғимарат, оның сыртқы жағы адам таңғаларлық өрнекті жазу түзген түрлі-түсті жұқа кірпіштермен қапталған. «Ширдардың» шатыр жиегі айбынды аспалы дарбаза іспетті, оның жоғары жағына аузын арандай ашып тұрған қос арыстанның бейнесі салынған. Аула ішінде мешіт пен шәкірттерге арналған құжыра бар. Мешіттің ішкі жағы да өрнекті жазулармен безендірілген.
Самарқан тұрғындарының аңыз қылып айтуынша, бұл ғажайып қос медресені салдырушы – әмір Жалаңтөс батыр көрінеді. Шынында да «Ширдардың» порталының ішкі қабырғасында парсы тілінде мынадай жазу бар: Бұл жазудың аудармасы мынадай:
«Әмір қолбасшы, турашыл Жалаңтөс, оның кемелдігін жеткізе мақтайтын қызыл тіл – інжу-маржан; ол тұрғызған медресенің биіктігі соншалық, оның ұшы көкке тірелген; ақылдың қыраны қанатын қанша қатты қақса да жылдар бойы сенің биік аспалы дарбазаңа жете алмас; оның мұнарасының ұшына ғасыр бойы ілмекті арқаны бар айлакер ұры да шыға алмас; сәулетші оның аспалы дарбазаларының тізбегін жасағанда таң қалғандықтан аспан бармағын тістегендей (таңданыс, қызғаныш белгісі ретінде) жаңа толған айды қарпып алды; осы құрылыстың іргесін Жалаңтөс баһадүр қалағандықтан, ғимараттың тұрғызылған жылы «Жалаңтөс баһадүр жылы» деп аталады.
Егер «Жалаңтөс баһадүр» сөзін құрайтын (араб) қаріптерінің сандық мәнін тізсек, онда ғимаратты салу жылы хижра бойынша 1028, ал қазіргі жыл санаумен 1619 жыл болып шығады.
Осы күнге дейін бүкіл әлемді таң- тамаша қылып, таңдандырып келген құрылысты ХVІІ ғасырдың басында салдыртқан бұл Жалаңтөс баһадүр әмір де- ген кім?
Орыс тілінде шыққан әдебиеттерде қазірге дейін бұл сауалға дәлелді жауап берілген жоқ, Орта Азия туралы жазылған бізге белгілі тарихи еңбектерде Жалаңтөс туралы атүсті, оның тамаша ғимараттар салғызғаны ғана аталып өтеді, ол жайында егжей-тегжейлі деректер келтірілмейді.
Левшин өзінің «Описание казачьих орд и степей» атты белгілі еңбегінде (т.2, стр 60.) Ер Есім ханның ұлы, қазақ ханы Жәңгір 1643 жылы 600 сарбазымен қалмақ ханы Қонтайшы Батырдың 50 000 қолын жеңгенде оған (Жәңгірге) көмекке «20 000 атты әскері бар бір татар князі Ялантуш келді» дейді, бірақ оның кім екендігін тәптіштеп айтпайды.
Масальский «Туркестанском крае» атты еңбегінде «Тілләқари» мен «Ширдар» медреселерін «өзбектің алшын руынын шыққан Жалаңтөс баһадүр әмір (Имамқұл ханның қолбасшысы) салдырғандығын» жазады, әйтсе де автордың бұл деректі қайдан алғаны бізге белгісіз.
Кіші жүз қазақтарының арасында Жалаңтөс батыр (қазақ тілінде осылай дыбысталады) белгілі тарихи тұлға саналады, ол алшындардың әлім бұтағынан тарайтын төртқара руына жатады, ал оның тікелей ұрпақтары қазіргі кезде Сырдария губерниясының Қазалы уезінде тұрады.
Жалпы, Кіші жүздің барша қазағы «алшын» атанып, үш үлкен бұтаққа жіктелетіні белгілі: 1) байұлы, 2) әлім мен шөмекейден құралған қаракесек және 3) жетіру. Әлім бұтағына жататын қазақтар қазіргі кезде Темір, Ырғыз, Қазалы уездері мен Қарақалпақ облысында тұрады. Біздің қолымызда әлімді тарататын бірнеше шежіре-жазбалар бар, олардың бәрінде Жалаңтөс батырдың шежіресі бірыңғай таратылады.
Бұл шежірелердің бірі 1920 жылы білгір шежіреші Молдиман ақсақал Шонтаевтың аузынан жазылып алынған. Осы шежіреде Жалаңтөс батырдың ата- бабалары мен үрім-бұтақтары былайша таратылады (көлемді шежіреден біз тек Жалаңтөс батырдың тікелей ұрпағына қатысты бөлігін ғана келтіріп отырмыз және орынның аздығына байланысты бұл бөліктің өзін тек қазіргі аталарға дейін ғана баяндаймыз): Әлімнен – Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнық, Тегінболат. Қарамашақтан – Оразгелді, Ораз, Жаншоқыр, Қараш; Ораздан – Ақбан, Тоқпан; Тоқпаннан – Тоғамыс, Шобан, Сейітқұл; Сейітқұлдың Сары бәйбіше атты қатынынан – Сейтімбет, Төлес, Ақша би, Ақша биден – Байбек, Шалым; Байбектен – Әйтеке би, Қаракемпір атты қатынынан – Қожағұл, Жалаңтөс, Қалматай, Түрікпен, Дүйсеней, Кенже, Семетей; Жалаңтөстен – Сатыбалды, Раңбай, Наурыз; Сатыбалды- дан – Тілеу; Тілеуден – Қара Абыз батыр, Қара Абыз батырдан – Дауыл би, Бәймен; Дауылбиден – Айтбағамбет, Бәйменнен – Бұсұрман қожа, Жалаңтөстің екінші ба- ласы Раңбайдан – Құдайназар, Дәулет, Сейтек, Өтеген; (төл еңбекте Бурақұл, Дайырқұлдың Құдайназардан ба, Сей- тектен бе тарайтыны анық көрсетілмеген – құр.); Бурақұлдан – Уайыс, Уайыстан – Қожанияз, Бобан; Дайырқұлдан – Құл, Айқожа, Шалабай; Шалабайдан – Тажбағамбет; Дәулеттен – Алтай, Қармыс, Ақбота; Ақботадан – Мұнарбай; Өтегеннен – Құдайберген; Құдайбергеннен – Шонтығұл, Айтқұл, Қойбақ; Шонтығұлдан – Кіребай; Айтқұлдан – Өтетілеу, Қойбақтан – Кәрібоз.
Аңыз бойынша, Қарамашақтың төрт ұлы (Оразгелді, Ораз, Жаншоқыр және Қараш) жастай жетім қалып, содан «төртқара» атаныпты-мыс. Олардың үрім-бұтақтары әлім ішінде төртқара руын құрап, бүгінде Ырғыз, Қазалы уездерінде және Қарақалпақ облысында тұрады. Төртқара руы ерекше жауынгерлігімен көзге түседі, олардың арасынан атақты адамдар көп шыққан және қазақтардың біржолата аузы біріккенше Кіші жүз ішінде үлкен орны болды.
Жалаңтөстің ағасы Ақша би өз кезінде атақты би болған. Ақша бидің немересі – Әйтеке би жарғы шығарушы үшеудің бірі еді (Кіші жүзден – Әйтеке би, Орта жүзден – Қазыбек би, Ұлы жүзден – Төле би).
Жалаңтөстің шөбересі – Қара Абыз айтулы батыр болған, қазақ аңыздары бойынша, Кіші жүзде Ералы Әбілқайырұлы хандық құрып тұрған кезде (1791-1794 ж.ж.) қарақалпақтармен шайқас үстінде қаза тапқан.
Жалаңтөс батырдың ұрпақтары қазіргі кезде Сырдария губерниясының Қазалы уезі, Сарытоғай болысында мекен етеді. Олардың арасында Жалаңтөс батырдың Самарқанда әмір болғандығы туралы аңыз-әңгімелер бүгінге дейін сақталған.
Осы орайда өзбек хандары тұсында нағыз қазақтың өкілі – Жалаңтөс қалайша Самарқанның әмірі болды деген сұрақ өз- өзінен туады.
Жалаңтөс заманының тұсында Бұхарада 1608-1644 жылдар аралығында аштархандық Имамқұл хан хандық құрғаны тарихтан белгілі. Шайбаниліктердің соңғы тұяғы Абдулмомын ханды өлтіруге қатысқандардың бірі әрі бірегейі – ықпалды қазақ Абдул Уәси болған (Қараңыз: Вам- бери, т.11, стр.59). Бұдан шайбаниліктер мен аштархандықтар төңірегінде қазақтан шыққан лауазымды орынды ұстаған, салмағы бар адамдардың болғанын көреміз. Ол кездерде қарасүйектен шыққан адамдардың ішінде бұндай лауазымды орындарда билікке ие жұрт – өзбектен ғана шыққан немесе әскери жағынан тірек боларлықтай, саны көп ру өкілдері ғана отыра алатын еді. Соңғылары, мәселен, соғыс, шапқыншылық, сарай төңкерістері кезінде хан мен хандықтың тағдырын шеше алатын үлкен саяси күшке ай- налып кете алатын-ды. Сондықтан да Бұхара хандығында өзбектермен терезесі тең болған қазақтардың тұтас рулары ие бөліктері болды деп айтуымызға болады.
Темірліктерді тақ басына әкеліп, патшалығын жаулап берген Алтын Ордадан шыққан түркі тайпалары болатын, ал олардың сол кездегі Түркістанның тұрғылықты халықтарын (шағатайлықтар, тәжіктер, сарттар) бірде өзбек, бірде қазақ деп атайтын (Қараңыз: Тынышпаев М. «Материалы к истории казак-киргизского народа» стр.37).
Мұхаммед Салихтың «Шейбанинәмәсінде» Түркістанды жаулап алған кез- де «қазақтар» қатысты делінеді және қазақ ретінде қоңырат, найман, жалайыр, тама және басқа руларға сілтеме жасалады. Бұхара хандығында Жалаңтөс батырдың аса үлкен лауазым, салмағы болғанына қарап Түркістанды жаулап алушылардың ішінде Кіші жүздің, «алшынның» деп, тіпті жоқ дегенде Жалаңтөс батыр жататын әлім руының қазақтары болды деп айтуға әбден болады.
Отырықшы Түркістанды (Бұхара, Самарқан) билеп-төстеу заманында шейбаниліктер мен аштархандықтарға баста серік болған Жалаңтөстің, Көгенің, мүмкін Абдол Уәси бидің үрім-бұтағының бүгінгі таңда қазақтар арасынан табылуы Тынышпаев айтқан (Аталған еңбек, 37-бет, т.б.) қағиданы – ХVІ-ХVІІ ғасырларда шейбанилік, аштархандық көшпелілер (өзбектер) мен жәнібектік көшпенділер (қазақтар) арасында айтарлықтай этнографиялық айырмашылық болмағандығын, олардың қай-қайсысының құрамында да бұрынғы Алтын Орда рулары барлығын тағы бір дәлелдей түседі.


03 қазан 2018 ж. 1 487 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области