Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » БӘБІШ МОЛЛА

БӘБІШ МОЛЛА


Сырдария бойы - сонау тас ғасырынан бері үзілмей ел қоныстанған құтты өлке. Сырдарияны біздің заманымызға дейінгі антикалық грек-рим тарихшылары мен саяхатшылардың еңбектерінде Яксарт, арабша жазбаларда Сейхун деп аталған. Тарихқа толы бұл өлкеде қазіргі кезеңде 300-ге тарта археологиялық ескерткіштердің орны белгілі. Алайда, археологтар толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізбегеннен бұл тізім қатары көбеюі тиіс. Сонымен қатар құм басып, уақыт тезіне төзе алмай, жермен-жексен болып тегістеліп кеткендері қанша.
Алыстан менмұндалап көрініп тұрған Сыр бойындағы ескі қалалар орны көне және орта ғасырлық жазбаларда, карталарда кездескенімен шын мәніндегі ғылыми зерттеу жұмыстары ХVIII ғасырдың орта кезінен басталды. Солардың бірі Сырдың сағасына таяу орналасқан Жанкент т.б. қалалар жөнінде И.Гладышев, Д.Муравин, С.Ремезов, П.Рычков, А.Левшин т.б. еңбектерінде тұнғыш мәлімет береді. Ал, Аралдың шығыс жағалауындағы Амудария мен Сырдария бойындағы ескерткіштерді тұрақты қазып, зерттеуді 1946 жылы профессор С.Толстов басқарған Хорезм археология-этнографиялық экспедициясы бастады.
1991 жылға дейінгі жұмыстар кезінде 200-ден аса адамзат тарихының әр кезеңінен қалған ескерткіштер ашылып, олардың бір қатары зерттелініп, өмір сүрген уақыттары анықталды.
Арал теңізіне құйған Сырдарияның ең көне арналары Жаңадария, Қуаңдария мен Іңкәрдарияның бойларын Страбонның айтуынша "аралдар мен сазды жерлерді мекендеуші" массагет тайпалары қоныстанған. Кейінгі гректегі Александр Македонский жорығымен байланысты жазылған деректерде тағы төрт тайпаның: апасиактар, тохарлар, аугастар және сакаравактардың аттары аталған. Аса қуатты мемлекет құрған бұл тайпалардан ғажайып ескерткіштер мол сақталған. Олар Шірік-рабат, Бұланды (Баланды), Бәбіш молла, Сеңгір қала, Іңкәр қала қалалары, Шірік 3, Қарабас, Алып пен Қабыл қамалдары мен қалалардың төңірегінде қорымдары және ғұрыптық салттар өткізген Сеңгір-там сияқты зәулім ғимараттары қалған. Сонымен қатар жоғарыда аталған көне арналар бойында ондаған шақырымға созылған каналдар мен арықтардың іздері жақсы көрініп жатыр. Олар егіншіліктің кең дамығанын көрсетеді.
Сондай қалалардың бірі - Бәбіш молла қаласы. Ол Сырдариядан бөлініп шыққан Жаңадария арнасының оң жағалауында, рухани-әкімшілік орталығы болған Шірік-рабат қаласынан солтүстік-шығыста орналасқан. Қаланың суландыру жүйесі жақсы дамыған. Жаңадария арнасы Аққыр тауынан төмен қарай бірнеше тармаққа бөлінген. Жергілікті халық олардан каналдар мен арықтар тартып, егістік алқаптарын сумен қам-тамасыз етіп отырған. Каналдарды жағалай егін шаруашылығымен айналысқан ауылдар мекенде-ген. Олар бірнеше шақырымға созылған егіс алқаптарында сұлы, тары, бидай өнімдерін өсірген.
Бұл аймаққа 1957-60 жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы қазба жұмыстарымен қатар, маңайға барлау жасап 150-ге тарта қоныс тапқан болатын. Кейін, 2004 жылдан бері Археология институты ішінен Шірік-рабат археологиялық экпедициясы қайта барлау жүргізіп, зерттеу жұмыстарын жасап келеді.
Бәбіш молла 1 - цитаделі бар үлкен қала. Қаланың оңтүстік-шығыс бөлігі биік дуалдармен қоршалған. Қабырғаларын жау алмастай етіп мұнаралар тұрғызып, оларды оқ ататын ойықтармен күшейткен. Қала цитаделі солтүстігінде орналасқан, оның көлемі 100х100 м. Биіктігі 2 м болатын қабырғаларын жартылай дөңгелек мұнаралармен бекіткен. Оның да қабырғалары мен мұнараларында бір немесе үшеуден оқ ататын тесіктер бар. Қала орталығының оңтүстік-батыс кіре беріс қақпасында "донжон" деген атауға ие болған көлемі 30х30 м болатын қуатты бекініс бой көтерген. Оның қабырғалары 4-5 м биіктікте сақталған. Іші бірнеше бөлмеден тұрады. Бөлмеден-бөлмеге қатынайтын есіктерін арка қылып көмкерген. Басты кіретін қақпасы осы жерде болғандықтан жауды күтіп алатын мұнара ретінде қолданып, кейін жауынгерлердің мекен-жайы ретінде пайдаланған.
Қаланың цитаделінде "үлкен үй" деп аталатын шаршы тектес, жалпы ауданы 44х44 м ғимарат орны сақталған. Қабырғаларының қазіргі биіктігі 1,5 м. Ғимаратта оқ ататын ойықтар сақталған, мұнаралы қабырғалармен қоршаған, бұл мұнаралар орталықтың бұрыштарымен кіре берістегі оңтүстік қабырғаның орта тұсын тұтастай қамтыған. Кірер тұста ғимарат дәліз тәріздес екі бөлікке бөлінген. Қазба барысында шығыс бөлігінен бірнеше өндірістік пештер мен каркастан тұрғызылған үйдің орындары аршылды. Саз балшықтан күйдірілген мүсіншелер, мыс қалдықтары және тұрмыстық ыдыстар табылған.
Қала маңында кісі жерлеген молалары да сақталған. Олар жұмбаздалған саздан және шикі кесектен тұрғызылған кесенелерден тұрады. Солардың бірі қалаға тікелей жақын батыс бөлігінде Бәбіш молла 2 делінетін ғибадатхана орналасқан.
Бәбіш мола 2 кесенесі - жалпы аумағы 21х21 м, жобасы шаршы тектес ішкі жоспары симметриялы келген, оның биіктігі 7 м. Биіктігі жарты метрден асатын алты пақса блоктарынан тұратын негізгі тұғыры пирамида тәріздес. Жоғарғы жағы шикі кесектермен тұрғызылған. Кесененің басты есігі батыс бөлігінен шығады. Ішкі жағы төрт бөлмеден тұратын олар бір-біріне дәліз арқылы байланысқан. Олардың есіктері доға тәріздес безендірілген. Кейбір бөлмелердің едендеріне төртбұрышты болатын шикі кірпіштер төсеген. Бөлмелердің барлығы алебастрлы сылақпен сыланып, шахматтық жүйеде қызыл және ақ бояумен көмкерілген.
Бөлмелерден, қазба барысында кісіні тікелей еденге немесе тақтайшаларға қоюмен қатар ыдыс ішіне салу салты да қолданған жерлеулер табылған. Кісімен олардың моншақтары, темір жебе ұшы, алтын сырғалар мен ыдыстары бірге қойылған.
Қала маңайында және Жаңадария арнасы мен одан тартылған каналдардың бойында бірнеше ауылдар мен жекелеген үйлердің орындары бар екендігін жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Олар төмпешік түрінде, тақыр жерлерде шоқы түрінде, ал кей жерлерде қыш ыдыс сынықтардың шашыранды түрінде сақталған. Сондай ауылдардың біріне 2015 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология Институтындағы Шірік-рабат археологиялық экспедициясының зерттеуі нәтижесінде көзешілердің ауылы екені анықталды. Ол Сырдария бойындағы алғашқы керамика өндіретін өндіріс орталығы болып саналады.
Бәбіш молладағы көзешілер елді мекені (Бәбіш молла 7) Бәбіш молла қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде, кеуіп қалған арнаның бойында орналасқан. Зерттеу барысында анықталғандай, ауылдың іші қыш өндіретін өндіріс ошағы болғанын атап кету керек. Олай дейтініміз, ауылда 11 қыш күйдіретін пеш, 7 шеберхана мен тұрғын үйлердің орындары табылды. Сонымен қатар, ауылдың шетінде бір¬неше бөлмеден тұратын үлкен үй аршылды. Ауылдың ішіне қарай арнадан бөлек су қоймасы тартылған. Өндіріске суды осы қоймадан пайдаланған.
Зерттеу барысында алты пеш ашылды. Олардың көлемдері әр түрлі, ұзындықтары 2 метрден 3,5 метрге дейін болса, ені 2,1 метрден 2,7 метрге жетеді. Биіктіктері 80 см-ден 1 метр. Қалыңдығы 0,7-0,8 м болатын қабырғалары жұмбаздалған саздан тұрғызылған. Пештер екі ярусты болған, төменге оттық салса, ал жоғарғы қабатына ыдыстарды қойып күйдірген. Оған ыстық ауа өтетін ойықтар салынған. Бір пештің өзінде 16 тесікке дейін сақталған. Төбесін шикі қам кесектермен көтеріп жапқан, қазіргі таңда олар сақталмай қираған. Ал, пештің оттық салатын ауыздары домалақ немесе сопақ болып келген, көбінесе оңтүстікке қаратылған.
Қыш күйдіретін пештермен қатар, айналасында орналасқан шеберханалары аршылды. Бірнеше бөлмеден тұратын шеберханалардың қабырғалары пақса блоктарынан тұрғызылған. Бөлмелерден өндіріске пайдаланған үлкен ыдыстар, көзешілердің шарықта айналдыратын тастары табылса, кейбір бөлмелерден ошақтар сақталған. Бұдан өзге ыдыс жасауға әзірлеген қамырлары да кезікті.
Ұсталардың мекен еткен үй-жайына да зерттеу жүргізіліп, үйдің толық бес бөлмесі ашылды. Үйдің қазіргі сақталған қабырғаларының биіктігі 1 м-ге дейін жетеді. Қабырғалардың төменгі тұғыры пақса блоктарынан тұрғызылса, кейін жоғарғы жағын шикі кірпіштермен көтерген. Бөлмелерден астық, су сақтайтын ыдыстар, ошақтың орындары мен т.б. жәдігерлер табылды.
Табылған ыдыстарда әр түрлі таңбалар салынған. Негізінен мұндай таңбалар ыдыс істеген әр ұстаның жеке таңбасы ретінде қолданылса, кейбір ғалымдардың пікірінше, сыртқы сауда барысында сандық белгісі ретінде әр ыдысқа таңба салынып отырған. Мұндай таңбалар маңайындағы қалалар мен қоныстардан табылған ыдыстарда көптеп кездескен болатын.
Бәбіш молла қалашығының өңірдегі стратегиялық маңызы зор болған. Ол - Амудария мен Сырдарияның аралығындағы керуен жолдарының түйіскен жерінде орналасқан және Бактриямен, Парсы мемлекеттермен саяси және сауда-саттық байланыста болғанын көреміз.
Бәбіш молла қалашығы б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жартысында өмір сүрген жергілікті халықтың отырықшы-егіншілік мәдениетінің орталығы болғанын, мал және егін шаруашылығымен айналысып қана қоймай, өздерінің діні мен салт-жоралғыларын ұстанған олар қала мен кесенелердің салыну архитектурасына сонымен қатар, керамика өндіретін өндірістік ошақтар ұстағанын көрсетіп отыр.

Жанболат УТУБАЕВ,
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының
аға ғылыми қызметкері
05 қазан 2018 ж. 1 514 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области