Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢАҚОРҒАН

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДАҒЫ ЖАҢАҚОРҒАН


Жаңақорған өңірінің аудандың әкімшілік болып құрылғанына 90 жыл толып отыр бұл күнде. Орталық биліктің шешімдеріне сай аудандастыру саясаты барысында құрылған әкімшілік-аумақтық бірлік қазіргі кезде тұрақты сипатқа ие болды. Аумағы да, тұрғындары да орныққан өңірдің әлеуметтік-экономикалық өмірі мен тұрмысы облыстың, еліміздің құрамында дамып, өркендеп келеді. Соған қарап өңірдің тарихын осы мерзіммен шектеп қоюға болмайтындығы белгілі.
Дербес аудан болып құрылғанға дейін Жаңақорған Перовск – Ақмешіт – Қызылорда уезінің, кейіннен округінің құрамында Жаңақорған болысы болып аталды.
Жаңақорған елді мекенінің пайда болып, қалыптасуын көбіне Қоқан осы атпен бекінісінің салынуымен байланыстыратындар бар. Ол рас. Қоқандықтар Жаңақорғанды бекініс ретінде пайдаланды, бірақ оның өркендеуіне елеулі ықпал жасамады, ниет те танытпады. Жаңақорған қоқандықтардан бұрын пайда болған. Шымқорған, Діңқорған деген аттармен бірнеше рет орын алмастырған. Ақырында дариямен байланысқан көлдің жағасына орныққан.
Орыс отаршыларының Ақмешіт – Түркістан арасын жалғаған әскери шебінің салынуына байланысты Жаңақорғанның аты жазбаларда жиі атала бастайды. Орыс әскерінің бекіністі басып алуына қатысты да біршама деректер сақталған. Оған дейін Кенесарының оңтүстікке жасаған жорықтары тұсындағы деректерде аталады.
Оңтүстік өңірді патшалық Ресей отарлап алғанда 1868 ж. Жаңақорған болысы болып алғаш рет әкімшілік бірлік болып құрылды. Болыстың алғашқы болыснайы найман руының ақтаз бөлімінен Бектас Қойлыбаев, болыс басқарушылығына кандидат арғын руы шұбыртпалы бөлімінен Бекжанов сайланды. Болыста 6 би сайланған екен. Таратып айтсақ, ошақты руынан Сатыбалды Илебаев, арғынның тарақтысынан Шөкей Төлегенов, қыпшақтың қарасарысынан Байсын Күлдеев, қоңыраттың көтеншісінен Тасболат Кешуов, найманның балталысынан Құлажан Томпақов, жүзге кірмейтін сунақтан Сасықбай Тоқболовтар.
Сол кездегі талап бойынша болыстықтың негізгі аумағы көшпелі тұрғындардың қыстаулары бойынша айқындалды. Орыс отаршылығына дейін белгілі дәрежеде бекіністі елдімекенге айналған Жаңақорған қонысы болыстықтың орталығы және әкімшілік бірліктің аты болып таңдалды. Сол кезде Жаңақорған бекінісі Жөлектен Түркістанға дейінгі аралықтағы ірі елдімекен болатын. Бұл жөнінде сол замандағы жазбаларда мол деректер сақталған. Сондай деректерде Жаңақорған болысының егістік жер көлемі 1000 танапты құрағандығы айтылады. Бұл дерек сол заманда жергілікті тұрғындардың мал шаруашылығымен бірге жоғары егіншілік мәдениетін де игергендігін танытады.
1871 жылы Перовскі уезінің құрамындағы Жаңақорған болысы Түркістан уезіне берілді де Жаңақорған Түркістан уезіндегі Қоңыр-Маңғытай, Алтыата, Божбан, Қаңлы-Сапар, Жаманбай, Сары, Маңғытай-Саңғыл, Тама, Бестамғалы, Сіргелі, Тілік болыстарының бірін құрады. Сол кезде болыстық 8 ауылға бөлінген екен. ХХ ғасыр басындағы отарлық биліктің жерге орналастыру комиссиясының жинаған деректерінде ол ауылдар туралы барынша мол деректер жазылып қалдырылған. Керек еткендер ол деректерден өз ата қоныстарына, ата-бабаларына қатысты мағлұматтар таба алады.

Жаңақорған болысының шекарасы солтүстікте Ақсүмбе, Ақжайқын көлі, Бесқұлан, Бақтоған сайынан басталса, батысқа қарай Барқын, Бесарық, Бетпақдаладан Мешеулі сайына дейін созылған. Ал шығысында Жайылма, Балапан-төбеден Жаңақорғанға дейін жерге созылды. Болыстың қысқы қоныстары Құмсаба, Борықты, Бозкөл, Шиелі, Бұқарарал, Тартоғай, Қарғалы, Киікқырған, Алакөл, Қырғауыл, Оймақты, Алмалы, Бесқазақ, Ақшығанақ, Қышқорған, Төменарық, Иіркөл, Қадыр, Баба-Сейіт, Жайылма, Қоржынтөбе, Бестамақ, Ақсүмбе, Бесарық, Бесқұлан, Ақжайнал, Арысланқұдық болып аталатын еді. Болыс тұрғындарының жаз жайлауы Жетітөбе, Ақсүмбе, Ақмылтық, Бесқуаң, Айнакөл, Тамғалы, Белдік, Қатынқұм, Боқтықарын, Табақбұлақ сайы арқылы өтіп, Сібір ведомствасына қарайтын Құмбел, Сарыкеңгір, Қаракеңгір, Қорғалжынға дейін созылып жатты. Бұл аталған жаз жайлаулардың кейбірі қазіргі кездегі ауданның аумағынан тыс қалып отыр. Егістіктері Ақұзаң, Асаршық, Қызылтал, Шалқия, Жиделі, Арыстанды, Шолақ, Ақсүмбе өзендері мен Ақбастау, Қарасүйір, Келте, Алашапан, Жыланды, Қырғыз-бұлақ, Жолбарыс бұлақтарында болды.
Кеңестік билік тұсында қазіргі Жаңақорған аумағында Сауран (Бесарық), Өзгент, Приречный (Төменарық) және Жаңақорған болыстары болса олар кейіннен ірілендіріліп, Жаңақорған болысына айналған екен.
Рухани жаңғыру – барынша ауқымды ұғым. Мен аудан аумағындағы көне жер-су, елдімекен атауларының ұзақ-сонар тізімін келтіргенде бүгінгі ұрпақ кезінде ата-бабаларына құтты мекен болған қасиетті жерлердің атын ғана емес, ол жерлердің тарихын да біліп жүруі керек екендігіне назар аударғанды құп көргендігім еді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған ұлтты ұйыстыратын маңызды шаралардың бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Бұл бағдарламаны іске асыру жас ұрпақ бойында нағыз елжандылық тәрбиенің өзегін қалыптастыруға арналады. Демек, жастар өз туған жерінің тарихын жете білуі, игіліктерін ұлықтай алуы қажет. Бұл қасиет өз ұлтын ұлықтауға ұласары сөзсіз.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша республикалық деңгейдегі 100 және өңірлік деңгейдегі 500 киелі нысан іріктеліп алынған болса, олардың қатарына таяу болашақта Сығанақтан өзге де Жаңақорғанның киелі жерлері енгізілуі керек болады. Жергілікті интеллектуалды орта ол киелі жерлерді ғылыми тұрғыда негіздеуі тиіс. Бұл жұмыс аудандағы жекелеген өлкетанушылардың қолынан келе бермесі де анық.
Шайдарбек Әшімов ағамыз жалғыз өзі Сыр бойының қаншама киелі жерлерін анықтап, айналымға ұсынды десеңізші! Бұндай жұмыстар алдағы уақытта ғылыми сипат алуы керек қой. Сонда ғана киелі жерлерімізді өзгелерге мойындатып, елге таныта аламыз, оларды абаттандыру, қайта жаңғырту арқылы ауданға туристерді көптеп тарта аламыз.
Аудан аймағында ұлттың мәдениеті мен руханиятының ескерткіштерінің қатары аса мол. Көне шаһарлар, тұлғалы азаматтардың кесенелері, сақ қорғандары, тас, қола дәуірлерінің ескерткіштері мен жәдігерлері жетіп артылады. Тарихи оқиғалар өткен жерлер де тарихи құндылық ретінде назар аударуды қажет етеді.
Ұлт дамуының діңгегі рухани байлықтардан басталары хақ. Ол мәдени, тарихи құндылықтармен сабақтасады. Қорасан (Әбжәлел баб) кесенесі, Төлек ата кешені сияқты ескерткіштер – тек сәулеттік маңызға ғана ие емес, олардың рухани өнегесі де барынша маңызды.
Демек, осындай сәулет ескерткіштерін жаңғырту, қайта қалпына келтірумен бірге оның рухани өнегесін жаңғырту – заман талабы. Осыған байланысты мынадай бір мысал айтуға болады. Қорасан кесенесі аумағында кезінде Қағбаның көшірмесі болған. Ол кейінгі уақытта жаңғыртылды. Осы мәселе әсіре діндарлар тарапынан аса шамшылдықпен қабылданды. Олар «Мекке біреу, Қағба біреу. Оның көшірмесі болмауы керек. Ол Аллаға серік қосу» деген мазмұнда байбалам салды. Олар бұл ғимараттың діни ағарту, оқу жаттығу мақсатында салынып, қажылық сапарға баратындарды, бара алмағандарды қажылық парызын өтеуге дайындауға қызмет еткендігін мойындағысы келмейді. Еліміздің басқа аймақтарында бұндай орталық кездеспейді. Демек, Жаңақорған өңірі өз кезінде үлкен діни ағарту орталығы болғандығы да рухани жаңғыру шараларының қатарында қарастырылуы керек.
Елбасының «жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген тұжырымының астарында тарихымыздың тағлымды сабақтарынан өнеге алып, оны құрметтеу, ұлықтау керек деген үлкен ойлар өрбиді.
Жаңақорғанның тарихы Отан тарихының құрамды бір бөлігі. Оны бөле-жара қарастыру мүмкін емес. Ел басына өткізген сындарлы да тағдыршешті оқиғалардан Жаңақорған да сырт қалған жоқ. Алтын Орда, Ақ Орда, Қазақ хандығы кезеңдерінің айбынды тарихи оқиғаларына куә болған Жаңақорған атырабы Қоқанның, Бұхардың, жоңғардың шапқыншылығын да бастан өткерді. Елдік пен ерліктің өнегесін де көрсетті. Осы кезеңдердің қаһармандары рухани жаңғыру аясында ғылыми, әдеби тұрғыда тұлғалануы керек. Үкіметтің көмегіне қол созып отыра беру – жалқау жанның, немқұрайды пиғылдың көрінісі. Осы жерде Хасен ағаның азаматтығына тоқталып кетсек болады. Сыр бойынан шыққан санаулы ғана Алаш қайраткерлерінің бірі – Серіқұл Алдабергеновтің атын тірілтіп, ешкімге алақан жаймай-ақ жалғыз өзі ескерткіш белгі орната алды. Бұл игі бастама алдағы уақытта ел қамдаған қайраткерлердің есімін ұлықтауға, оларды ғылыми, әдеби және монументалды тұрғыда тұлғаландыруға ұласуы тиіс. Бұл рухани жаңғыруға жеке адамның үлес қосуының жақсы үлгісі. Елде осындай сауапты істерге бастамашы болатын азаматтар аз болмаса керек.
Елбасы айтқандай, ұлттық код дегеніміздің өзі – халықтың тектілігінің түбірі, рухани дүниесінің, санасының түп-тамыры, халықтың бойындағы ешкім алмастыра да, тартып та ала алмайтын мыңжылдықтарда қалыптасқан Алланың берген рухани сипаты. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу.
Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген Президенттің пікірі – өз тарихыңды біл, өз тегіңді ұмытпа, бабалардың елдік пен ерлікті, білім мен имандылықты пір тұтқан игі дәстүрлеріне адал бол дегенге меңзейді. Міне, осы қағиданы басшылыққа алар болсақ, онда рухани жаңғыру барысында туған жер тарихын елеп, екшеп, беймәлім тұстарын айқындап алуымыз керек. Тұлғаларымыздың өнегесін ұлқтауымыз керек. Әрине, тұлғалар көп, қайсы бірін таңдаймыз деген таңдау да алдан шығады. Оның өлшемі біреу ғана – аталған тұлға ел игілігі үшін нендей игіліктер жасай алды деген сауалдың жауабы тұлғаны ұлықтаудың қажет немесе қажет емес екендігін айқындап бере алады.
Мемлекет басшысының елдің елдігін танытатын ел байлығы, жер байлығы, ер байлығы деген сөзі бар. Жаңақорғанның ел байлығын елдің ынтымақ пен береке-бірлікке, имандылыққа үндеген ізгі салт-дәстүрлері құраса, жер байлығы бүгінгі ұрпақ игілігін көріп отырған қазба байлықтары, түгін тартсаң май шығатын құнарлы топырағы болар. Солармен бірге жердің де, елдің де атын шығаратын ер байлығынан - тарихи тұлғалардан Жаңақорған өңірі де кенде емес. Қазірге дейін тұлғаланған әрісі діндар ғұлама Хусамаддин Сығанақиден бастап берісі Орта жүзге пір болған Айқожа ишан, Ақназар ханның қолбасшысы Қожамберді батыр, Абылай ханның замандасы Желкілдек батырдан қоқандықтармен алысып өткен Көкен батырға дейінгі аралықта қаншама тұлғалар атаусыз келеді.
Ел үшін қызмет етіп, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған Бегайдар Аралбаев, Садықбек Сапарбеков, Уәш Бабаев, Сүлеймен Қошқаров және т.б. қайраткерлердің өнегесі де рухани жаңғырудың аясында іске асатын тірліктер.
Жаңақорған ауданы өндірісі мен ауылшаруашылығы қатар дамыған, мәдени-рухани әлеуеті мықты өңірлердің бірі. Таяу жылдары дамудың жаңа белесіне көтерілетіні даусыз. Өскен, өнген, өркендеген елге рухани жаңғырудың аясында пәрменді шаралар іске асырылуы керек сияқты. Алдағы уақытта Жаңақорғанның қасіретті де қайғылы кезеңінен мағлұмат беретін Ашаршылық пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған, ауданнан шыққан айтулы тұлғалардың аллеясы сияқты ел тарихын монументалды тұрғыда көрсететін ескерткіш кешендер салынатын болар деп сенемін.

Хазретәлі ТҰРСҰН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.
09 қазан 2018 ж. 1 040 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области