Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖӨЛЕКТЕ БОЛҒАН ЕКЕН ХАН БАЗАРЫ

ЖӨЛЕКТЕ БОЛҒАН ЕКЕН ХАН БАЗАРЫ


Шиелі ауданының орталығынан солтүстік батысқа қарай 34 шақырым қашықтықта Жөлек атты ауыл бар. Бұл ауылды сөз еткенде алдымен осы өлкеде кезінде үлкен бекініс болғанын атап өту қажет. Тоғыз жолдың торабында орналасқан бекіністе Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен базардың бірі орналасқан екен.
«Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр» деп жатады үлкендер. Халық даналығының осы сөзі тамырын тереңге жайған тарихыңды танып білгенде ғана болашақтың да жарқын болатынын ұғындырып тұрғандай әсер қалдырады. Адам баласы кемел келешекке жету үшін өткенін саралап, бүгінін бағалап отыруы қажет. Жөлек атауына қатысты М.Қаратаевтың редакторлығымен 1974 жылы басылған Қазақ Совет энциклопедиясының 4-томында: «Жөлек-Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы село. Аудан орталығы Шиелі қыстағы поселкесінің батысында 32 км, Сырдарияның оң жағасында, Бәйгеқұм темір жол станциясынан 4 км. Халқы 1,4 мың (1970). Жөлек – Сырдария бойындағы ежелгі қыпшақ ауылы. Дарияны шектей жол өткендіктен алғаш «Жолиек», кейін «Джолиек», «Джулиек», аталып, ақыры «Жөлек» болды» деп түсінік берілген.
Қазір Шиелі мен Жаңақорған аудандарының шекарасында тұрған өткен тарихтан сыр шертетін Сығанақ қаласы бір кездері Қыпшақ мемлекетінің үлкен сауда-саттық және саяси орталығы болды. Дәл осы Сығанақ шаһары арқылы Жібек жолының керуеншілері келіп, Түркістанға, Отырарға, Сайрамға тауарлар жеткізіп, сауда-саттықпен айналысқан. Сонымен қатар, Сырдария мен Қаратау аңғарындағы Созақ, Құмкент, Жаңакент секілді қалалар мен қыстақтардың да бір жерге шоғырланатын қолайлы орталықтары болған. Сол маңдағы ең үлкен «Хан базары» Жөлекте орналасқаннан кейін бұл аймақты да керуеншілер мен сол кездегі халық арнайы орталық ретінде пайдаланған. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ауыл ақсақалы Әділхан қажы Жөлек базарында кәсіп еткен өзінің бабалары жайлы: «Үлкен атам – әкемнің әкесі Досан ірі саудагер болған кісі екен. Сайлы жігіттеріне жермен айдатып алып барған ірі қараларын, жылқыларын елден жинаған мол өнімдері: қой жүндері, тері-терсектерін тай-тайлап түйеге артып, кірелетіп Ресей елінің Самара қаласындағы үлкен базарда сауда-саттық жасап, ол жақтан азық-түлік, қант-шәй, кездеме мата түрлеріне айырбастайтын болған. Ол кезде «Жөлек» жәрмеңкесі тек сауда-саттықпен айналысып шектелмеген. Онда үлкен ұлттық ойын-сауықтар да өткізілген. Алтыбақан, аударыспақ, балуан күрес т.б. Бұл мереке бірнеше күнге созылатын болған. Атамыздың осы «Жөлек базарында» екі лавкасы (дүкені) болған. Оның біреуінде азық-түлік, қант-шәй сатылса, екіншісінде кездеме мата тауарлары сатылған. Ел ішінде атамызды «Қазынашай Досан» – деп атап кеткен екен» деп әңгімелейді.
Жөлек арқылы сонау Бұхараға дейін алып баратын хан жолы өткен. Ханның жолы болғаннан соң керуеншілерге де, басқалай сауда-саттықпен де айналысу үшін ең тиімді әрі қауіпсіз жолдардың санатына жатқан. Сол себепті, жолдың жағасында арнайы керуен сарайы болған деседі. Бұл туралы зерттеуші Т.Картаева «ХІХ ғасырдағы Сыр өңіріндегі керуен жолдары: қалыптасуы мен бағыттары» атты еңбегінде: «Перовск портымен керуен жолы екі бағытқа бөленеді, соның бірі 1000 шақырымға созылатын ұзақ жол Сырдарияның оң жақ бетімен жүріп отырып, Жөлек бекінісі, Түркістан қаласы арқылы өтіп екі тармаққа бөлінеді. Бір жол оңтүстік-шығысқа қарай Қоқанға, бір жол оңтүстік-батысқа қарай Ходжент, Ұратөбе, Самарқант, Зерафшан, арқылы Бұқараға апарған» – деген мәлімет келтірген.
Мұнда үш жүздің басын қосып, бар қазақтың арманын бір арнаға тоғыстырған, елдің ертеңі үшін жұмылдырып, жаумен күресу үшін біріктіре білген Абылайханның әскері жиылған. Патшалы Ресейге қарсы күрес жүргізген, Кенесарыханның да әскері келген. Осыған қарап-ақ Жөлектің тарихы тым тереңде жатқанын түсінуге болады. Тіпті, Жөлек Сырдария өзенінің бойын мекен еткен қыпшақтардың ата қонысы болып саналады. Жөлек маңында орын тепкен жеті әулие мәңгілік байыз тапқан Оқшы Ата қорымындағы Асан Ата, Оқшы Ата, Қыш Ата, Ғайып Ата, Кітап Ата сынды көне мазарлар сөзіміздің дәлелі бола алады.

А.БАТЫРБЕКОВ.
12 қазан 2018 ж. 922 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области