ЖӨЛЕКТЕ СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Ауылдық округ әкімі Базарбек Кенжебайұлының есебінде 30 шаруа қожалығы 18 жеке кәсіпкер жұмыс жасайтындығы айтылды.
Былтыр ауылда «Жөлек-Ырыс» ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, ауылшаруашылығын қолдау қорынан берілген 15 млн. теңгеге 63 бас мал алынған. Сонымен қатар, «Бабасов» шаруа қожалығы 4 млн. теңге несие алып, 16 бас сиыр сатып алды, оның бесеуі асыл тұқымды бұқа. «Абылай» шаруа қожалығында да Зеңгі баба тұқымын асылдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Бизнес бастау» бағдарламасы аясында 2 азамат 30 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастады.
Былтыр Жөлек ауылдық мәдениет үйі 48 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп, 9 млн. теңгеге жаңа жиһаздармен қамтамасыз етілді.
Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өткен жылы Жөлек елді мекенінде жобалық құны 22 млн. теңгені құрайтын спорттық сауықтыру кешен құрылысы басталды. Кешен құрылысын осы ауылда тұратын 5 азамат қаржыландырып отыр.
Осы жылы «Ұшқын» «Сенбек-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру мақсатында құжаттары әзірленуде, қосымша 20 адам жұмыспен қамтылады. «Жайсаңбай» шаруа қожалығы қымыз өндіру фермасын ашу жұмыстарымен айналысуда. Қосымша 7 жұмыс орны ашылатын болады.