Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЖҰМБАҚ ҮҢГІР, ЖЫЛАҒАН АТА

ЖҰМБАҚ ҮҢГІР, ЖЫЛАҒАН АТА


Тым ертеде Қаратаудың қойнауында бір шал мен кемпір өмір сүріпті. Қара лашықты мекендеп, алдындығы он шақты қараның бірін жоғалтып, бірін түгендеп, бұл тірліктің басқа рахатын көрмеген екеуі бір перзентке зарығады. «Бір перзентке зар бопты» дегеннен бір ертегі бастағандай боламыз. Бірақ бұл ізі, дәлелі қалған, дәл өмірде болған оқиға. Көнеден естіген, көңілге түйген сол оқиғаны біз де баяндап бермекшіміз. Бәлкім, біреулерге ғибраты болар.
Әдетте адам Жаратқан иемнен тілегенде «Шексіз мейірімді, ұлық Алла, саналы, ақылды бала нәсіп ет!» деп тілеуші еді. Әлгі шал болса: «Е, құдай, не берсең де, бірдеңе берші» деген сөзді күн сайын қайталай береді екен. Күндердің күнінде Алла шалдың тілегін қабыл етіп, кемпірдің құрсағына бала бітеді. Тағатсыз күткен тоғыз ай да өтеді. Ақырында шалдың құдайдан сұрағанындай аузы-мұрны, аяқ-қолы жоқ бірдеңе туылады. Әйтеуір жаны бар секілді, доп-домалақ бірдеңе. Қорқып кеткен олар іштен шыққанды далаға тастай алмай, мұның құпиясын білмек болып молда шақыртады. Сонда молда: «Бұл бала тілемей, бірдеңе бер дегеніңнен болған. Бірақ тегін емес, Алланың сынағы болса керек. Жұбайың мына месті етегіне салып, қырық бір күнге дейін түсірмей жүруі керек» деп өз жөнімен кете береді. Әлгі әйел байғұс та шыдамсыз біреу екен, қырық күн болғанда тағаты таусылып шалына: «Қашанғы қу месті көтеріп жүрем, әлгі қар молда не айтарын білмей бізді қатырып кетті» деп етегін жазып жібереді. Ал, мес доптай домалап барып, ортасынан қақ айырылады. Местен қолында аса таяғы бар кішкентай бала ыршып шығып, «Ата-анам-ау, қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадыңдар ма?» деп тауға қарай қаша жөнеледі.
Сөйтіп, бала қашады, артынан ата-анасы қуа жөнеледі. Желаяқ бала жеткізбей таудың етегіне барып бір-ақ тоқтап, артына қараса, жүгіруге шамалары қалмаған ата-анасын көреді. Шөлдеген болар деп, бір қойтасты аса таяғымен түртіп қалғанда Алланың құдіретімен тастың ортасы үгіліп түсіп, бір қауға шелек сиятын ғана құдық пайда болады. Ішінен мөлдіреп су шығады. Бала жалаң аяқ құдықты айналшықтап, аса таяғымен айналасын түрткіштеп, әудем жерде қалған ата-анасын күтіп тұрады. Олар тақап келгенде қайтадан тұра қашады. Таудың биік шыңына өрмелеген қол басындай бала, биік тұстағы бір үңгірге еніп, жоқ болып кетеді. Шал мен кемпір қанша тыраштанса да биікке өрмелей алмайды. Көрген түстей болған жұмбақ перзенттен үміт үзген ата-анасы ағыл-тегіл жылап қалады.
Ықылым заманнан бері Қаратаудағы осы оқиға болған жер халық аузында «Жылаған ата» деп аталып кеткен. «Жылаған» сөзінің тек шалға қатысты айтылуы оның Алладан бала емес, бірдеңе бер деп сұрауымен байланысты сияқты.
Өзі барып көргендердің айтуынша, сол үңгір айна тастың үстімен, бір аяқ жолмен жүріп өтетін таудың биік беткейінде орналасқан. Ол биіктен төмен қарай қалсаң, басың айналады-мыс. Е-е, енді ондай биікке жазған шал мен кемпір қайдан шықсын.Үңгірдің аузы аттылы өтетіндей кең болса, орта тұсы жіңішкеріп барып кішкентай бала ғана сиятындай қалыпқа түседі. Сағат сайын үңгірден ақ көбіктеніп мөлдір су атқылап тұрады. Мұны сорлы ата-ананың көз жасы деседі. Бір ғажабы, үңгірге ниеті таза емес адам жақындап келсе, су тоқтап қалады. Ал, судың дәмін бір татып көргендер қайта-қайта ішкісі келе береді екен. Сол суды ыдысқа құйып қайнатсаң, буланып бірден ғайып болады дейді.
Кезінде геологтар үңгірдің құдіреті туралы естіп, «жай нәрсе болса керек» деп зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Үңгірден атқылаған судың қайдан пайда болғанын анықтау үшін айлап әуреленеді. Бірақ, осы аралықта үңгірден бірде-бір рет су шықпай діңкелетеді. Таңғалған геологтар «Бұл шынында Алланың құдіреті» деп ақыры дәрменсіздіктерін танытыпты.
Аңызға айналған үңгір маңынан уілдеп, былдырлаған бала даусын естідік дегендер де бар дейді. Бірде сол үңгірге басын сұғып қараған біреу тасқа кептеліп қалып, молдалар құран оқыған соң ғана зорға шығыпты.
Үңгірге барған адамдар тау етегіндегі мөлдір сулы құдық басынан тасқа өрнектеліп қалған баланың ізі мен таяқтың сызықтарын анық көре алады дейді айтушылар.
Қазақтың «қырқына шыдап, қырық біріне шыдамадың ба?» деген сөзі осы оқиғадан қалған деседі.
***
Жақында мен «Фейсбук» әлеуметтік желісіне «Жылаған атаға» барған адамдардың бейнежазба жасап салған деректеріне жолықтым. Әуелі олар мызғымай құп-құрғақ тұрған тау жырасына жақын отырып құран оқыды. Құран оқылып болысымен тастан тасқа секірген бала секілді шапқылаған бұлақ аға жөнелді!..
Туған жер төсіндегі тұнып тұрған тарих пен небір ғажайыптың қасында жүріп соларды ертек қылып айтып отырған бойкүйездігімнен ұялып, бетімді сипадым.

Д.АЯШҰЛЫ.
15 қазан 2018 ж. 1 203 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области