Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » СЫРҒА ТОЛЫ СЫРЛЫТАМ

СЫРҒА ТОЛЫ СЫРЛЫТАМ


Қармақшы өңірі – тарихи мұраларға бай өлке. Біздің жерімізде болған тарихи оқиғалар жайлы қазақтың ғалымы Мекемтас Мырзахметов, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаевтар түрл ғылыми тұжырымдар айтса, жазушылар Сәбит Мұқанов, Мұхаммеджан Қаратаевтар шығармалар жазды. Оғыз хандығы кезінде Баят, Қият тайпалары біздің жерімізде мекен еткені ғылыми зерттеулер, жер, су, мазарлар аттары, ескерткіштер арқылы белгілі болған.
Жеріміздегі Қорқыт ата, Қармақшы ата, Марал баба, Қалқай ишан кесенелері халықты рухани тәрбие жағынан бағыттап отыратын зиялы адамдардың тарихта болғанын дәлелдейді.
Аудандағы Тағай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан Сырлытам кесенесіне тоқталмақпын.
Ескерткіш Жаңадария өзенінің көне арнасының алқабында орналасқан. Сырлытам кесенесі порталды-күмбезді, бір камералы құрылысқа жатады. Ескерткіштің жалпы биіктігі күмбезбен бірге 13 метрді құрайды. Кесене төрт бұрышты күйдірілген кірпіштен қаланған. Сәулет өнері жағынан оның өлшемі 10Ч11 м, ғимараттың сақталып қалған биіктігі 9 метр болып табылады. Салмақ түсетін қабырғаларының қалыңдығы әр түрлі болып келеді – солтүстігіндегі 2 метр, батыс және шығысындағы 1,5 метр, оңтүстігіндегі 1 метр. Кесененің оңтүстік және солтүстік жағында терең қуыстары бар екі есігі бар. Кіреберістер жалпақ жарма есіктермен жабылған. Кесененің шатырындағы 6 метр күмбезі 16 қырлы күмбез астындағы барабанда орнатылған. Кесене күмбезі екі қабаттан тұрады: сыртқысы күмбез астындағы барабан тәрізді 16 қырлы пирамидаға ұқсас, ал ішкі қабаты жартылай сфера тәріздес болып келеді. Күмбездің сыртқы және ішкі қабаттары бір-бірімен қырлардың бұрыштарында орналасқан қаттылық қабырғалармен бекітілді. Биіктігі 7,5 метр порталдың оңтүстік секторға бағытталған призмалы корпусқа жазылған, терең қуысы бар, айқышты қабырғада кірме ойығы бар сүйір аркасымен жабылған порталды терең қуысы бар. Порталды қуыс қазіргі күнге дейін сақталынбаған араб графикасымен ойып өрнектелген күйдірілген саздан жасалған плиткалардан жасалынған «П» әрпі тәрізді белдеумен қамтылған.
Бұл ескерткішпен аттас Сырлытам күмбезі атты екінші ескерткіш Қызылорда қаласының батысында «Іңкәрдария» совхозының жерінде тұрғанын ғалым Ә.Қоңыратбаев «Сыр бойында - Сырлытам» атты мақаласында жан-жақты деректер келтіріп жазған (Ертедегі ескерткіштер, Алматы, «Өнер», 1996 ж.). Ә.Қоңыратбаевтың жазба деректеріндегі бұл Сырлытам мазары «Ислам дінінің әсерінде емес, шаманизм рухында салынған. Мазардың есігі біреу, ол құбылаға емес, шығысқа қараған. Оның ішіндегі сегіз мола да шаман салтымен теріскейге қарата жерленіпті. Дөңгелек кірпіштен өрілген екі босағаның арасына орнатылған ою-өрнек үлгілері түрікмендердің қалы кілеміне ұқсас» делінген.
Қазақтың сәулетшісі М.Сембин сәулет өнеріндегі ескерткіштердің кейбір жиі кездесетін атаулардың мағынасын талдап, былай жазды: «Ішкі көріністегі сәндік өрнегімен, қасбеті оюлы терракотасымен қапталуымен Сырлытамды байланыстыру жөн (сырлы–әшекейленген). Қазақстанда осылай аталған кесенелердің бірнешесі бар және олар түрлі аймақтарында орналасқан (Ақмола, Қостанай, Қызылорда облыстары)».
Қармақшы ауданы аумағындағы Қызылқұм ішіндегі Сырлытам күмбезінің ерекшелігі – есігі біреу емес, екеу. Алдыңғы кіре беріс есік батысқа (құбылаға) қараса, артқы есік шығысқа қарай ашылған. Күмбез төбесі жабық. Күмбез қабырғаларынан жарық түсерлік үшбұрышты бірнеше тесіктер ғана жасалған. Есіктен 3 метрдей биік маңдайша доғалданып иіліп өрілген қыштар аспан түстес көк сырмен боялған. Бұл бояу ескерткіш салынғаннан бар бояу деседі. Ескерткіштің батысқа қараған кіре беріс есігінің екі жағында адам қолы жетерлік жерде арабша жазылған жазулар іздері бар.
Уақыт пен адамзаттың әрекеті көне ескерткіштерді аямайды, өкінішке орай бұл Сырлытам кесенесіне де байланысты. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, ХХ ғасырдың ортасында кесененің шатырын «Өзбекторға» сексеуілді дайындау бойынша кәсіпорынның кәсіп еткен трактористері арқанмен жұлып әкеткен. Дегенмен қабырғалары бүтін және аман болып қалды. Ескерткіш қатты қирағандықтан, 2000 жылдардың басында тарих және мәдениет ескерткішіне күрделі қайта құру жұмыстары жүргізілді. Күмбездің, портал мен жерлеу камерасының сыртқы және ішкі қабырғаларының толығымен жойылған бөлшектері қалпына келтірілді, есіктері қайта орнатылды. Кесене қайта қалпына келтірілгеннен кейін өзінің бастапқы түріне ие болды.
Талай жылдар қараусыз, ескерусіз жатқан ескерткіштерімізге еге болып, жәдігерлерімізге жанашырлықпен қарауға Елбасы Н.Назарбаевтың 2004 жылы қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы өшкенімізді жандандыруға, жаңа істерге жол ашқан игі бастама болды.

Қ.СӘРСЕНБАЕВА
17 қазан 2018 ж. 1 474 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области