СЫРЛЫБАЙ ХАН ТУРАЛЫ СЫР
Сыр өңіріндегі ел мен жер тұтастығын сақтаған, қол бастаған данышпан билер мен дара туған батырлардың ерлік істері ешуақытта ұмытылмайды.Осындай ардақты бабалардың бірі – Сырлыбай Шабақұлы туралы, оған байланысты белгілі жайттарды бүгінгі ұрпақ жадына салғалы отырмыз.
Сырлыбай Шабақұлының (1818-1896 жж.) өмірі қазақ тарихының азапты, трагедиясы мол кезеңіне сәйкес келеді.
Хиуа ханы 1806-1824 жылдары қазақ қоныстарын жаулап алып, оның ішінде Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойындағы Жаңақала және Бабажан сарттың қамалдарын салдырады. Бұл төңіректегі тұрғындар жиі-жиі шабуылдап, олардан зекет жинап, көптеген салық өндіріп отырады.
Бұл кезеңде небір сорақылық жағдайлар болды. Хиуа билеушілерінің ауыр салығын төлей алмаған қазақ кедейлері, базарларға балаларын құлдыққа сатуға мәжбүр болған.
Алайда, ХІХ ғасырдың отызыншы жылдарында Хиуа хандарының басқыншылығы оның сыртқы саясаттағы жеңілісіне ықпал етті. Орыстың алдыңғы қатарлы әскери қарулы күштерінің Орта Азия халықтарының шекарасына тікелей жақындауына байланысты, қазақ даласы үшін күрес, Хиуа хандығын Ресей империясынан қорғайтын қалқанға айналды.
Сырлыбайға елден жиналған малды Хиуа жеріне айдап жеткізу тапсырылады. Бұл кезде ол 14 жас шамасында еді. Барғаннан кейін, оны кері жібермей өздеріне қызмет жасауға пайдаланады. Сонда бірнеше жыл тұрып, Хиуа бектерінің сеніміне кіріп, кейін ханның көмекшісіне дейін көтеріледі. Ел басқару ісін меңгереді. Бұдан әрі қазіргі қарақалпақстанның Шымбай жерінде Хиуаның кіші хандығын құрып, хан атанады.
Хиуа ханы қазақ жеріне өзінің үстемдігін күшейту үшін «Сырлыбай сен еліңе барып хан боласың» дейді. Арнайы құжат дайындап, мөр жасатып, беліне ақ пышақ байлап, нөкерлер мен жеткілікті қаражат бөлуге үкім шығарады.
Сырлыбай келгеннен кейін өз халқының жағына шығып, Хиуа бектерінің құлдығынан азат етуге тікелей кіріседі. Бұл кез елдің солтүстігінен орыс колонизаторларының жаулап алу пиғылы өршіп тұрған.
Сырлыбай Жанқожа батыр мен басқа да елдің қамын көксейтін ру басшыларымен кездесіп, бірқатар жоспарлар жасайды. Қазіргі Өркендеу, Бозкөл, Кәукей, Тасарық елді мекендерінде тұратын Жиеней руын біріктіреді. Алғашында жоғарыда көрсетілген рулардың биі, кейін болыстық құрылымда болыс болады.
Сырлыбай 1896 жылы қайтыс болған. Балалары Нұрқожа, Нұрман, Нұралы, Тобажандар күйдірілген кірпіштен әкелерінің басына кесене тұрғызады.
Биыл Сырлыбайдың туғанына 200 жыл. Қазалы ауданының азаматтары осы датаны атап өтуге бастама көтеріп, құлшыныс көрсетуде. Бұл дегеніңіз бүгінгі және келешек ұрпақ тағылым аларлық іс тындырған ардақты атаға көрсетілер құрмет болмақ.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертетінін, әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер қалыптасқанын, әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар, осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс екендігін, Ұлы даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарғанын, неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқан әрі ұлттық, мақтаныштың қайнар бұлағы екендігін тұжырымдап берді. Бұл – ұлттық тарихымызды ұлықтаудың, бүгінгі қол жеткізген биіктерімізді бағалау мен қазақстандық патриотизмді ұрпақ жадына сіңірудің бірден-бір жолы дер едік.