ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының бір тармағы, бізден тым алыста қалған қилы замандарда ғұмыр кешсе де, ізгілікті істері бүгінгі күнге өшпей жеткен ардақтылардың өмір жолын ұлықтау болып табылады. «Өнегелі ғұмырларды» зерделеп, әлсін-әлі ұрпақ жадына сала білсек, бұдан біздің қоғамның ұтпаса ұтылмасы анық. Сондай туған жердің тұлғалы перзенттерінің бірі Сырлыбай Шабақұлы.
Сырлыбай Шабақұлы 1818-1893 жылдары өмір сүрген. Бұл тұста Кіші жүз ханы Әбілхайыр қапыда қайтыс болған соң, 1824 жылға дейін еркінсіген Хиуа шахы Мұхаммед Рахимның, одан кейін Аллақұлының езгісінен Сырдың төменгі ағысындағы Қызылорда мен Арал аралығын қоныстанған халық көп зардап шекті. Бұдан әрі Ресей патшалығының Қазақстанды отарлау саясаты белең алған қысталаң жылдар болды. Осындай қоғамдық-саяси ахуалды көріп, әкесі Шабақ бидің тәрбиесімен жетіліп келе жатқан Сырлыбайдың жастық шағы он төрт жасынан Хиуа бектерінің ортасында, хан сарайында өтті. Ол Орта Азия, Ресей, Ағылшын мемлекеттерінің өздері санасып отырған Хиуа ханының бас кеңесшісі орынтағына қолы жетіп, ел басқару ісіне машықтанады. Бұдан әрі Қарақалпақстанның Шымбай жерінде құрылған Хиуаның кіші хандығының ханы атанады.
Жырақта жүріп, Хиуа шахының бас кеңесшісі және кіші хандыққа хан болуға келісу арқылы, Сырлыбай өз еліне көмегін тигізуді ойласа, Хиуа шахы Сыр бойы қазақтарын «өз уысында» ұстап отырған Сырлыбай арқылы тізгіндеу саясатын босаңсытып алмауды көздейді. Сондай-ақ, бұл кезеңде Хиуа хандығының қазақ жеріне баса көктеп кіруі етек ала бастаған. Ал Ресей патшалығы осы әрекетті жақсы сезгендіктен олардың алдын орап, қазақ еліне ықпалын уақыт өткен сайын әлсіретуге күш салды. Арғы бабасы Кәлібек биден, атасы Қазанбай мен өз әкесі Шабақтан дарыған сөз киесі Сырлыбайға да қонғандығы, Ресей мен Хиуа хандығы арасындағы қарама-қайшылық етек ала бастаған уақытта оның дипломатиялық іс-қимылынан айқын байқалады. Сол оқиғалар былайша жалғасады.
Сыр бойында 1835 жылдан бастап Аллақұлы шахтың Қуаң бойынан салғызған Құртөбе, Сырдың сол жағалауынан тұрғызған Қожанияз бекінісі бүкіл әскерімен бірге Сырлыбайдың астыртын хабары арқылы Жанқожа батыр қолымен талқандалады. Үш жылдан кейін Жанкент маңындағы Бесқала (Жаңа қала немесе Бабажан сарттың қорғаны) қиратылып, Бабажан қазыққа отырғызылып, масқара күйде өлтіріледі.
Бұл жағдай Хиуа шахының ашу-ызасын туғызады. Сырлыбай ел ішін жайлаған зорлық-зомбылықты жақсы білгендіктен осы жайттарды жіті бақылап, Аллақұлыға Бабажанның әділетсіздігінен Сыр бойы қазақтарының жазықсыз жапа шегіп, ар-намыстары тапталуға ұшы¬рағанын жеткізеді. Пайым-парасатының биіктігі нәтижесінде Қазақ-Өзбек қарым-қатынасы ушықпай, келелі келісімге келеді. Ұзамай екі елдің ішкі-сыртқы мәселелерін жетік білетін ол, Шахтың бас кеңесшілігіне тағайындалады. Бас кеңесшілікте болған уақыттарында Өзбектер мен Мары арасындағы мемлекеттік дауды басуға да қатысады.
Тарихтан білетініміздей «Қазақстанды 1731 жылдан өз қол астымызда» деп есептейтін, Қазақ елін уысында ұстау үшін күн ілгері-ақ, бекіністер салуға ыңғайлы жерлерді әскери-топографиялық картаға түсіріп, 1840 жылдардан бастап Еділ, Жайықтан өтіп, теріскейі мен шығысында Есіл, Тобыл, Ертіс бойына көптеген бекіністер салып, әскерлерін шоғырландырып келе жатқан Ресей империясы, енді Сыр бойына көз тіге бастағаны анық. Хиуа шахы болып келген Мұхаммед Аминге 1842 жылы Данилевский басқарған елшілер тобы «Россия империясының территориясы болып саналатын Сыр бойын және Арал теңізінің солтүстігі мен шығысын мекендейтін қазақ ауылдарынан ешқандай алым-салық алмауы және үсір-зекет жиналмауы тиіс, оған қоса Хиуа тарапынан болып келген әскери шабуылдар мен барымта жортуылдарына тыйым салу» қажеттігі айтылған хат тапсырады. Осы кездесуде Сырлыбай Шахпен тізе қоса отырып уақытша болса да, Сыр бойы қазақтарын Ресейдің қыспағынан, Хиуалықтардың салығы мен барымталарынан қорғап қалу үшін қазақтың да басқалармен бірдей терезесі тең халық екендігін келіссөз барысында айта алып, екі ел өкілдеріне мойындатады.
1845 жылы Сырлыбай Шымбайға бас уәзір болып келісімен Мұхамед Аминнің Сыр бойына кезекті шабуыл ұйымдастырғалы жатқанын жедел жеткізіп, Жанқожаның оларды талқандауына жол ашып береді. Бірақ Ресей өзінің Қазақ даласын иемдену саясатын жалғастыра түсіп, №1 Райым (Арал) бекінісін, 1853 жылы №1 Қазалы фортын сала бастайды. Сонымен қабаттаса хиуалықтар да дүркін-дүркін шабуыл жасауын тоқтатпайды. Бұл Сырлыбай кіші хандықтың тағына отырған кезеңдер еді. Осы аласапыран кездері қазақ елін уысынан шығармауды ойлаған Хиуа шахы: «Сырлыбай, сен өз еліңе хан боласың» – деп оған сенім артады. Шах өзінің арнаулы қолхатымен, мөр жасатып, беліне ақ кездік байлап, нөкерлер мен қаражат бөліп, еліне қайтуына үкім шығарып, рұхсат береді.
Сырлыбай елге келген бойда өз жолын таңдайды. Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған Сыр, Арал бойы қазақтарының, Хиуа бектерінің құлдық тәртібіне, патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы 1856-1857 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінде мыңбасы, кейін Қазалы уезі Ақтөбе болысында болыс болады. Оны әуелі баласы Нұрман, онан кейін Нұрқожа жалғастырып, өңірдің болашағы үшін тұқым-жұрағатымен қызмет етіп бар ғұмырларын арнайды.
Сырлыбай елі, қаны бір халқы үшін мехнат көрген, өзінің соқтықпалы-соқпақты өмір жолдарында кейінгі ұрпақтарына өнегелі істер қалдырып, 1893 жылы жетпіс бес жасында дүниеден өтіп, Шынар деген әулие жатқан қорымға жерленеді.
Орынбордан қарағай бөренелер алдырып, «Нұрқожа» атты көпір салдырып халық игілігіне жаратып кеткен Сырлыбайұлы Нұрқожа, інілеріне бас-көздік жасап, Нұрманды жұмсап, Оңтүстік өңірдің құрылыс шеберлерін алдырып, әкесі жерленген қорым маңынан кірпіш зауытын ашады. Бүкіл халық жұмылып қыш күйдіріп, 1896 мешін жылы Сырлыбайға еңсесі биік, шығыс сәулет өнерінің үлгісімен, күмбезді үй там салып бітіреді. Келер жылы ат аяғы жетер жердегі ағайынды жинап ас береді.
Осы күнгі Өркендеу жерінде орналасқан бұл күмбезді кесене академик, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Шабақұлы Сырлыбайдың Нұрманынан өрбіген Әйтбембет баласы Бегалының өз қаржысымен, Қазақстан Мәдениет министрлігінің рұқсатымен, Қызылордадағы ескеркіштерді қайта қалпына келтіру шеберханасының меңгерушісі Біртай Бижанұлы бастаған шеберлер күшімен екі рет реставрация жасалды. Бегалы Нұрманұлының қажыр-қайратымен Қазақстан мемлекетінің қорғауына алынды.
Біз осы кезге дейін біліп келген Сырлыбай туралы сонау ХХ ғасырдың алғашқы жартысында төте араб жазуымен, одан соң латын қарпіне аударылып жазылған Найзабек Башарұлы Кәрібаевтың «Сырлыбай хан» атты оның өмірінен дерек беретін дастаны табылды. Бұрын көпшілікке беймәлім болып келген құнды дүниені Бегалы Нұрманұлы Әйтбембет өз қаржысы есебінен бабасы Сырлыбай Шабақұлының 200 жылдығына арналып өткізілетін рухани шара қарсаңында Алматы қаласындағы баспадан шығарып, рухани құндылығымызды байытуға мұрындық болды.
Қазақ фольклоры үлгісімен жазылған, тілі мен стилі және дастандық эпостың мәтіндерінде байрығы түркілік формалар кездесетін бұл туынды оқырмандарды жаңа деректермен қызықтыратыны анық.
Елім деп өткен ерлердің есімі ешқашан өшпейді. Сырлыбайды әр қырынан тани білсек артық етпейді. Ол біріншіден, бабаларына тарта туған, көсем сөздің шебері болса, екіншіден, жастайынан тура сөзді түйреп айтар би болған. Үшіншіден ол шетте, туған жерден жырақ жүріп әке-шеше мен бауырларын, сүйген жарын зарыға күттіріп, ел үшін, жеке мүддесінен халқының қамын жоғары санаған, мемлекетаралық дауларды шешуде дипломаттығымен де танылған қоғам қайраткері әрі өз елінің қамын ойлаған қауіпсіздік қызметкері. Ең соңғысы қолындағы қаруын кімге сілтеп, ақыл-парасатын қайда жұмсайтынын жетік меңгерген батыр. Демек, Сырлыбай есімі халық жүрегінде тұғыры биік тұлға ретінде бағаланатыны, оның 200 жылдығы аясындағы өткізілгелі жатқан рухани шараның бүгінгі ұрпаққа тағлымы мол екендігі сөзсіз.
Шарафадин АЛТЫНБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі