ПРЕЗИДЕНТ СЫНЫНАН КЕЙІН МҰНАЙ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ҰСТАЛДЫ
Тәжікстанда мұнай өнімдерін жеткізіп, сатумен айналысатын "Умед-88" компаниясының директоры Раджабали Одинаев "бюджет қаржысын жымқырды" деген күдікпен ұсталды" деп хабарлады мемлекеттік коррупциямен күрес және қаржылық бақылау агенттігіндегі дереккөзіне сілтеме жасаған https://www.azattyq.org.
Дереккөзінің айтуынша, Раджабали Одинаев қазір уақытша тергеу изоляторында отыр.
"Компания қызметін тексеру қаржы министрлігі бюджет қаржысының қайтарылмағаны туралы мәлімдеген соң, екі ай бұрын басталды, ал Одинаев өткен аптада ұсталды" деді дереккөзі.
Раджабали Одинаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 14 қазанда кәсіпкерлермен кездесуінде "Умед-88" басшылығын сынаған соң ұсталып отыр. Рахмон ол кезде компанияның қаржы миинстрлігі бөлген 170 миллион доллар бюджет қаржысын бірнеше жыл бойы қайтармай отырғанын мәлімдеген.
Коррупцияға қарсы агенттікте Азаттықтың Тәжік редакциясына қазір компания қызметі тексеріліп жатқанын және бюджет қаржысын мемлекетке қайтару мүмкіндіктері қарастырылатынын хабарлады. Соңғы күндері "Умед-88" компаниясына тиесілі барлық жанармай станцияларында маңдайшадағы жазу алынып тасталған. Жанармай станциясының жұмысшылары әлдебір "Эхтиром" деген компанияның жаңа қожайын болып отырғанын айтады.
"Умед-88" компаниясы 1996 жылы құрылған және Ресей, Қазақстан және Түркіменстаннан жанармай тасымалдаумен айналысады. Елде осы уақытқа дейін компанияның 70-тен астам жанармай құю станциясы жұмыс істеген.