Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Халық дұрыс таңдау жасады

Халық дұрыс таңдау жасады


1983 жылдың тамылжыған тамыз айы болатын. Ол кезде Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің ғимараты №45 «Ақорда» мектеп-гимназиясының жанындағы, М.Шоқай көшесіндегі жатаған үйде орналасқан еді. Жеке құрамның саны қырық шақты миллиционер. Шағын ұжым ұйымшылдықпен аудан халқымен қоян-қолтық жұмыс жүргізетін. 1980 жылы милиция қызметкерлерінен республикамызда тұңғыш құрылған «Жалын» атты вокалды-аспапты ансамбліміздің дүрілдеп тұрған шағы. Ансамбль құруға басшы болған бастығымыз милиция подполковнигі Кәрім Жұмағалиев қызмет бабында облыстық ішкі істер басқармасына ауысып кеткен. Орнына оның жедел қызмет жөніндегі орынбасары, милиция майоры Бақыт Бекмамбетов тағайындалды. Мен бөлім бастығының саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары, «Жалын» ансамблінің көркемдік жетекшісімін, милиция капитанымын.
Ұжым сұрыпталғандай спортшы, өнерлі жігіттерден жасақталған еді. Жаппарбек, Сейдомар, Оразбек, Сансызбай, Қуаныш, Мәлік, Тұрахмет, Бердалы, Шанақ, Бақытжан, Оңғарлар т.б. сайдың тасындай қызметкерлер болатын. Бірде бөлім бастығы Бәкең: «Екеумізді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Орынбасар Бәйімбетов шақырып жатыр», – деді. Хатшыдан жауапты тапсырма алып шықтық. Астанамыз Алматы қаласынан он шақты ақын-жазушылар ауданға келіп, халықпен кездесу өткізеді екен. Бірінші кезек біздің ұжымға бұйырыпты. Ленин бөлмесі безендірілді. «Жалын» ансамблі даяр, жеке құрам ақ шағала формада сап түзеп тұр. Қонақтарды барынша құрметтеп қарсы алуға тырыстық. Республикадан келген ақын-жазушыларға сол тұстағы облыстық комсомол комитетінің хатшысы Болат Оразов жетекшілік жасап жүрді. Қонақтардан бізге есімі таныс, қылмыстар туралы шым-шытырық детективті шығармаларымен танымал болған жазушы Кемел Тоқаев пен махаббат жайлы сырлы өлеңдерімен белгілі болып қалған жас ақын Аққұштап Бақтыгереева көзіме жылы ұшырады.
Аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Зәкім Жайлыбаев ағамыз да осы Кемел Тоқаевты төңіректеп жүрді. Есік алдына шығып фототілші Сайдқасан Хутаев қонақтарды естелік суретке түсіргенде, мен Кемел ағаның арт жағына келіп тұрдым. Зәкең де сол жерге келіп тұра қалды. Алдыңғы қатарға қонақтар мен аудан басшылары жайғасқан тұғын. (Оң жақтағы бірінші қатарда Кемел Тоқаев.)
К.Тоқаев өте байсалды, сабырлы, барынша қарапайым кісі екен. Оны суретке түскенде де аңғардым. Өзге жазушылар бірінші хатшының қасына отыруға асығып ортаға ұмтылып жатқанда, ол сол жақ қанатқа барып шеткі орындыққа жайғасты. Кездесуге аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Орынбасар Бәйімбетов, аудандық атқару комитетінің төрағасы Әзімхан Исмаилов бастаған аудан атқамінерлері Насыреддин Байқуатов, Қалдыбай Сүгірбаев, Бибіжан Жәукебаева, Сайлаубай Әбішевтер мен облыстық ішкі істер бөлімі басқармасы штабының бастығы, ішкі істер қызметінің полковнигі, жазушы Қаппар Сүлейменов қатысты. Ал қонақтардан есімде қалғандары Кемел Тоқаев, Сейтжан Омаров, Дүкенбай Дос¬жанов, Сағынғали Сейітов, Төлепберген Тобағабылов, ақын қыздар Наталья Иванова мен Ақұштап Бақтыгереевалар. Ақын-жазушылармен кездесу кешін аудан басшысы О.Бәйімбетов ашып, кіріспе сөз сөйлеп, қонақтарды таныстарды.
Одан әрі полковник Қ.Сүлейменов жүргізіп отырды. Алғашқы сөз де милиция қызметкерлері өміріне, қылмыс әлеміне қалам тербеп жүрген, өзінің «Тасқын» кітабымен танымал болған жазушы Кемел Тоқаевқа берілді. С.Омаров сөз алып, Наталья мен Ақұштап өлеңдерін оқып, поэзия тізгінін қолдарына алды. Бөлім бастығы Б.Бекмамбетов қонақтарға кереметтей кездесу жасағандары үшін алғыс білдіріп, орамал тон болмайды, жол болады рәсімін жасады. «Жалын» ансамблінің әншілері Ж.Оразмаханов пен Б.Қошқаров ән салса, күйші С.Ермекбаев «Мереке» күйін күмбірлеткен еді. Мен бұл кездесуді 36 жылдан кейін жазамын деп ойлаппын ба? К.Тоқаев ұлы Қасым-Жомарттың тәуелсіз Қазақстанның президенті боларын сезіп пе? Әрине, мен олай ойламадым, Президенттің әкесі де білген жоқ шығар. К.Тоқаев 1923 жылы Талдықорған облысы, Қаратал ауданы, Қалпе ауылында дүниеге келген. Балалық шағы жетімдікпен өткен Кемел Ұлы Отан соғысының ауыртпалығын бастан кешіп, еліміздің Тәуелсіздік алғанының куәсі бола алмады. Оның әке-шешесі ашаршылық жылдары Қырғызстанға барып жан сақтайды. Фрунзе қаласындағы жаяу әскер училищесін бітірген К.Тоқаев, Сталинград майданына аттанады. Соғыста жарадар болып, госпитальға жатудан бас тартып, 7-ші гвардиялық танкі полкінің құрамында бірінші Украина, одан соң екінші Беларуссия майданында ұрысқа түседі. К.Тоқаев осы танк полкі сапында Беларусь, Украина, Польша жерлерін азат етіп, Сталинградты қорғауға қатысқан жауынгер. Ал соғыстағы ерлігі үшін екі мәрте
«Отан соғысы» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. 1945 жылы әскери формадағы, қос балдақты майдангер К.Тоқаев Алматыдағы Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға емтихан тапсырады. Ол студент бола жүріп балалардың республикалық «Қазақстан пионері» газетінде журналистік жолын бастайды. Ол көп ұзамай осы басылымның бас редакторы болады. Өзінің жазушылық қабілетін танытқан К.Тоқаев Қазақстан пионерлеріне арнап, «Жұлдызды жорық» атты алғашқы кітабын жазып шығады. Үш жылдан соң жазушының милиция қызметкерлерінің қиын да қызықты жұмыстары жайлы, оқиғалы шығармалары енген атышулы, қызықты «Толқын» кітабы жарық көреді. Бұл 1958 жыл еді. Онан соң К.Тоқаев қаламынан «Түнгі атыс», «Соғысқа кеткен солдат», «Таңбалы алтын», «Сарғабандағы оқиға», «Ұясынан пыр етіп ұшқан құс», «Құпия із» т.б. он шақты кітап оқырмандар қолына тиді. Кемел Тоқаев қазақ әдебиеті мен жазушылар ортасында беделді, шоқтығы биік жазушы болды. Ол Қазақстандағы дедективті жанрдың тұңғыш ізін салушы, қалаушысы болып саналады. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Иә, сол майдангер, жауынгер, журналист, жазушы Кемел Тоқаев Жетісу өңірінен іс сапармен келіп, Сыр бойына, оның көркем Шиелісіне ат басын бұрып, ауасын жұтып, аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, қадірлі қонағымыз болып еді. Сөйлеген сөзінде «Шиелі халқына денсаулық, ауызбіршілік, ынтымақ, тыныштық тілеп, елімізде ұрлық-қорлық, зорлық-зомбылық, қанды оқиғалар мен сұмдық қылмыстар болмасын» деп өзінің жамандыққа жаны қас, жүрегі тек жақсылық деп соғатын азамат, жазушы екендігін аңғартқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев – майдангер жазушының ұлы. Ол ұлын адал бол, әділ бол, адамдарға сен, өзгелерге көмектес, білім теңізінде жүзе біл» деп тәрбиеледі. Нәтижесінде халыққа қызмет етуінің арқасында Қ.Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Ол БҰҰ хатшысының орынбасары болып, еліміздің Премьер Министрі, Парламент Сенатының Төрағасы қызметтерін адал атқарып, үкімет пен парламентте зор беделге ие болды. Дипломат әрі мемлекетшіл, қайраткер дәрежесіне көтеріліп, өзінің кім екендігін дәлелдеген тұлға. Баршамыздың ойлайтынымыз халық игілігі. Бұл жолғы сайлауда Қазақстан халқы дұрыс таңдау жасады деп ойлаймыз. Әділ өткен сайлау қорытындысымен үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Президенті болып сайланды. «Нұр Отан» партиясының бұл жеңісі – болашағымыздың кепілі. Нұротандықтар сенім артқан Президентіміз құтты болсын!

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.
13 маусым 2019 ж. 647 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области