Қазіргі келіндер неге арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты ұрпақты өмірге әкеле алмайды? (аудио)
Kyzylorda-news.kz. Танымал этнограф Жағда Бабалықұлы: «Жас келіндеріміздің «жеріктікті» аңсамауының себебі, олардың көңілінде тотемдік көзқарас, белгілі бір халық зиялысына деген «құмарлықтың» жоқтығы», – дейді. Десе дегендей, қазіргі қыздарда «шіркін-ай, пәленше сияқты ұл тусам, түгенше сияқты қыз тусам» деген арман саябырсыған. Қазіргі келіндер неге арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты ұрпақты өмірге әкеле алмайды? Бұл туралы журналист Думан Кеңшілік өзінің мақаласында жан-жақты талдап жазады.
«Баланы жастан». Бұл – сәби кезінен тәрбиелеу деген сөз. Жастайынан тәлім-тәрбие алған бала жамандыққа жуымайды. Бұғанасы бекімеген, жақсы-жаманнан хабары жоқ шыбықтай баланы қалай исек, солай икемделеді. Қазақ «тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаған. Алайда, баланың мінез құлқы дүниеге келгеннен кейін емес, анасының құрсағында-ақ қалыптасады екен. Ең бірінші анасынан нәр алатындықтан, оның көңіл-күйі, қуанғаны мен мұңайғаны құрсақтағы балаға әсер етпей қоймайды. Бұл туралы медицина ғылымының докторы А.Н.Хлуновский: «баланың барлық болмыс бітімі ана ағзасымен біте қайнасқан. Сондықтан ананың күнделікті жақсы-жаман әдеттері, жеген тамағы, бәрі-бәрі бала бойына сіңіріледі» деп жазады. Көп жағдайда анасы темекі мен араққа құмар болса, баланың өлі туу ықтималдылығы да артады екен. Мұны қазақ байырғы кезден білген.
Анасы құрсақ көтергенде бірнеше аптадан кейін әлдебір тағамдарға жерік бола бастайды. Бұл ағзадағы дәрумендердің азаюынан екен. Әйелдің жерік асына орай өмірге келетін баланың мінез-құлқы қалыптаса бастайды. Мұны бұрынғы аңыз-әфсаналардан кездестіруге болады. Ел басқарған хандар мен билердің, ел қамын жеген батырлардың анасы жолбарыстың, аюдың немесе қасқырдың етіне жерік болған деген деректер бар. Жерігін басқан ананың баласы өмірге маңдайы жарқырып, шекесі торсықтай болып келеді деп сенген. Халқымызда «жерік асын жегендей қуанды» деген тіркес осыдан қалса керек. Ал жерік асын жей алмаса, бала әлжуаз, аурушаң, аузы суланып жүреді екен.
Тарихқа үңілсек, Орақ батырдың қаза болғанын пайдаланып, елге жау шабады. Бұл кезде Қарасай – 17-де, Қази –15-те еді. Жауға аттанған қолдың тойтара алмайтынына көзі жеткен анасы Қарасайды шақырып алып, қайрапты. Сонда анасының айтқаны:
…Атаңа тартып тумадың,
Аюдың етін жегізді,
Беліңе садақ бумадың,
Жолбарыстың сүтін ішкіздің.
Не болды саған, ұлдарым?..
Белден қарға аунатты.
Айналайын Қарасай!
Сегіз жылан жеп едім,
Мен саған жерік болғанда,
Сөйтіп туған сен едің…
Содан кейін Қарасай мен Қази жас та болса жауға аттанады. Алдында кеткен қол жаудан жасқанып кейін қайтса, қос батыр дұшпанмен шайқасқа кіреді. Жасанған жауға екеуі бірге шауып, ақыры жеңеді. Сан мың қалмақтың әскерін кырып, қос батыр елге аман-есен оралады. Бұл Мұрат Мөңкеұлының «Қарасай – Қази» дастанынан үзінді еді.
Ертеде келіннің аяғы ауырласа, абысын-ажын жиналып, құрсақ тойын жасаған. Тойда келіннің аман-есен босанып, қол аяғын бауырына алуына тілек білдірген екен. Қазіргі жерік ас біршама өзгергенін жас аналардың аңсарынан байқауға болады. Бірі балмұздақ, бірі тәтті десе, енді бірі заманға сай суши, KFC сұрап жатады. Байырғы аналарымыздай қасқырдың еті мен аюдың жүрегіне жерік болар әйел жоқ қазір. Майдаланған қазақтың мінезіндей, жерік астың да салмағы «жеңілдеп» бара жатқандай. Танымал этнограф Жағда Бабалықұлы: «Жас келіндеріміздің «жеріктікті» аңсамауының себебі, олардың көңілінде тотемдік көзқарас, белгілі бір халық зиялысына деген «құмарлықтың» жоқтығы», – дейді. Оның айтуынша, қыздарда «шіркін-ай, пәленше сияқты ұл тусам, түгенше сияқты қыз тусам» деген арман саябырсыған. Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты перзентті өмірге әкелу құштарлығы кеміген. Шынында, көпке топырақ шашпаймыз. Дегенмен, «бір-екі бала болса болды» деп немесе «баланы өзім үшін туамын» деген ойдағы жастар аз емес. Кезіндегі «атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген қастерлі сөздің қадірі кеткендей. Мұның арты неге апарып соғарын бәріміз де білеміз. Келешек ұрпақ – адамның һәм қазақтың баласы болсын десек, осы айтылған ойларды жас аналар көкейге түйсе екен.
Мақаланы оқыған: Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ