Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Неге "жаман болады"?

Неге "жаман болады"?

Қазақ қоғамында жазылмаған заң көп. Бірақ, бала тәрбиесінде жалғыз ғана ереже бар. Оның аты – «жаман болады». Барлық жағдайда осыған сүйенеміз. «Ойнап жүріп жылама, жаман болады», «босағаға сүйенбе, жаман болады»… Тізе берсең, баланы барлық әрекеттен шектейтіндей көрінеді. Бірақ, осы ырым-тыйымдардың түбінде ізгі ниет, игі ой жатқаны жасырын емес.
Бала күнімізде неге жаман болатынын түсінбесек те, «жаман боладыдан» қорқып өстік. Ал жаңа ғасырдың ұрпақтары олай емес. «Не болады, не боладымен» мазаңды алғанда, абдырап қаласың. Расымен, олай істесе не болады деп өзің де іштей ойланып қаласың. Кезінде ата-анамыздан сұрап алмағасын не болатынын өзіміз де білмейді екенбіз. Бірақ, сол «жаман боладының» ережесін әлі ұстанамыз. Олардың кейбірінің нақты ғылыми дәлелдері бар болғанымен, кейбірін түсіндіріп бере алмаймыз. Себебі кейбірі діни наным-сеніммен, кейбірі жай ғана жағымсыз көрінетіндігімен түсіндіріледі.
Жаман ырым болмайды. Барлығы жақсы ниеттен туған жақсы амал есептеледі. Дәуір жаңаланған сайын, адамдардың ойлау кеңістігі кеңейіп, дәстүрдің озығы мен тозығы анықталып, кей ырым-тыйымдар маңызын жоя бастады. Заман талабына сәйкес келмейтіндері сұрыпталып, өміршеңдері әлі де өзектілігін жойған жоқ. «Ұланның» тұрақты кейіпкері Негебек неге «жаман болатынын» жан-жақты анықтауға тырысты.
Мұрат Есжан өзінің Фейсбуктегі парақшасында: «Сыпыртқыны тігінен қойсаң, жаман болады дейтін. Негізі, жаман болмайды екен ғой, тек ұшы майысып, дұрыс сыпырмай қалады екен. Сыпыртқыны әлі де пайдаланамыз, демек, бұл әлі де болса пайдасы бар қағида. Тек «жаман болады» деген дәстүрлі сөз қосылып, қарапайым қағиданы нанымға айналдырып жібергені болмаса», – деп жазды.
Қазақ халқы ырымды ғылымнан жоғары тұратын тылсым құдіреттің түсінігі ретінде қарастырған. Ырым-тыйым – түйсігі барлар түсінетін өмір заңдылығы екені даусыз.
Басыңды шайқама, адамға қарап түшкірме, саусағыңды шошайтпа, нанның қиқымын жерге шашпа – осының бәрі баланы жастайынан әдепті, тәртіпті болуға тәрбиелейді.
«Қазақ халқы баласын «жағыңды таянба», «тізеңді құшақтама» деп өсіреді. Оған ешкім темекі тартпа, арақ ішпе деп айтпаса, ол осы әрекетті жасауы мүмкін. Бірақ, жағын таябайды, тізесін құшақтамайды. Неге? Өйткені оған кішкентай кезінен ата-анасы осыны бойына сіңіріп өсірді. Егер оны бармақтай кезінен күнәлі істерден тыйып отырса, оның бұрыс бағытқа түсуі мүмкін емес. «Болмайды» дей салу да баланы қанағаттандырмайды. Оның себебін түсіндіріп, өзіміз үлгі болуымыз керек», – дейді Алматы қаласындағы Орбита мешітінің наиб имамы, үш қыздың әкесі Ернар Мәжен.
Жапондар балаларына шектеу қоймайды екен, сондықтан ұрпақтары алғыр болады дегенді жиі естиміз. Кейде қазақтардың жасық, ұяң болуы ырым-тыйымдардың көптігінен болар деген ойға қаламыз. Жаңа ғасырда балаға қандай тәрбие беру керек, дәстүрлі ырым-тыйымдар баланың ой-өрісінің дамуына қалай әсер етеді? Бұл туралы 40 жыл мектепте қызмет еткен педагог, қазір зейнеткерліктегі әже, бес бала, он бір немере, бір шөбере тәрбиелеп отырған Дина Қойшыбайқызынан сұраған едік.
Бес бала, 11 немере, бір шөбере тәрбиелеп отырған Дина Қойшыбайқызы дәстүрлі қазақ қоғамының өкілі болғанына қарамастан, балаларға таңдау еркіндігін беріп, көп нәрседен шектемеген дұрыс деп есептейді. Өзі 40 жыл бойы мектепте ұстаздық қызмет еткен әженің айтуынша, қазақ халқының ырым-тыйымдары тек тәжірибелі адамдардың басынан өткен оқиғаларынан туындайды. Заман өзгерген сайын оның өңі де, мазмұны мен мағынасы да өзгеріске ұшырайды екен.

Дина Қойшыбайқызы: Ұрпақтарыма шектеу қоймаймын
Мектепте алғашында бастауыш сыныптарға, кейіннен жоғары сыныптарға тарих пәнінен сабақ бердім. Қырық жыл ұстаздық қызмет еттім. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, ырым-тыйымдар мен салт-дәстүрлердің де екі түрлі әсері бар. Бір жағынан балаларға көп тыйым салу, таңдау еркіндігінен шектеу олардың жасық, өз ойын ашық жеткізе алмайтын тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Қазақ халқында мұндай дәстүр ертеден сақталған. Бірақ, заманына қарай адамы деген сөз бар. Заман талабына сай адамзат түрлі эволюцияға ұшырайды. Ежелгі адамдар жапырақ жамылып өмір сүрді. Егер ата-бабамыздың дәстүрінен ауытқымауымыз керек десек, неге солар сияқты өмір сүрмеске? Жоқ, олай болмайды. Өмірде барлық нәрсе тәжірибе арқылы келеді. Ырым-тыйымдар да солай пайда болған. Ешкім бұлай істеуге болады, бұлай істеуге болмайды деген ереже кітап жазып кеткен жоқ. Саналы адам өмірінде жиі кездескен оқиғаның жамандықпен аяқталатынын түсінген соң ұрпағына олай істемеу керектігін аманат етіп кеткен. Ықтималдық теориясы бойынша оның дұрысы да, ақылға қонымсыз бұрысы да бар.
Қазір жаңа ғасыр, жаңа заман. Менің балаларым басқа ғасырда, немерелерім мен шөберелерім басқа ғасырда өмір сүріп жатыр. Олардың мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы, таным-түсінігі басқа. Әке-шеше мен ата-әжелер де осыған ыңғайлануы керек. Әулетте тек менің ережеммен жүресіңдер, тыйымдарды сақтау керек деген тәртіп болмауы керек. Бәрі сыйластықта, ақылмен шешілуі керек. Бұрын балаларыма «олай істеме, жаман болады» десем, көзі жыпылықтап қоя қоятын. Ал қазір немерелерім «неге олай болады?» деп сұрақтың астына алады. Сосын олармен бірге неге олай болатынын анықтап, ізденетін болдық. Бұрын «жаман болады» жасықтыққа тәрбиелесе, жаңа заманның «жаман боладысы» балалардың ой-өрісін кеңейтіп, миға жаттығу жасауға көмектесетін болды.
Жалпы, балаларды ойлау деңгейі мен көзқарасына қарап жіктеуге болады. Мысалы, XX ғасырда өмірге келген немерелерім тілалғыш, жауапкершілігі мол, ал XXI ғасырдың басында туған немерелерім кітап оқып, ертегі тыңдағаннан қарағанда компьютерге, жаңа технологияға жақын. 2006 жылдан бері қарай өмірге келген балалардан қорқу керек. Жақсы мағынада айтам, әрине. Олар нағыз «іштен оқып туғандар». Жеке басының пайдасын, қандай жерде не істеу керектігін, ортада өздерін қалай ұстау керектігін үйретпесең де біледі. Өз ойын ашық жеткізеді. Тығырықтан шығатын оңай әрі тиімді, жаңа жол іздеп тұрады. Оларға ата-ана тарапынан жасалатын қарым-қатынас та соған сәйкес болуы керек. Қазіргі балалар ненің жаман, ненің жақсы екенін түсінеді. Сондықтан, оларға көп шектеу қоюдың қажеті жоқ. Қазақ Алладан: «Бала бер, балама сана бер, сана бермесең ала бер» деп тілейтін халық. Ырым-тыйымдарды дұрыс қабылдау баланың санасына байланысты.

Түнде тырнақ алуға болмайды деген ырым бар. Неге?
Түнде тырнақ алуға болмайды. Бұл тыйым жеке бас гигиенасының талаптарына сәйкес пайда болған. Бұл туралы түрлі қорқынышты әңгімелер бар. Бірақ ол мистикалық нанымнан емес, гигиеналық және техникалық қауіпсіздік талаптарына байланысты. Түн қараңғы. Ал ертеде киіз үйде жарық нашар болған. Түнде тырнақ алсаң, не қолыңды кесесің, кеспеген күнде де тырнағыңның ұшып барып қайда түсетінін білмейсің. Қазір күндіз тырнақ алуға қолымыз тимей, кеш қарайғанда, үйге келгенде есімізге түсетіні жасырын емес. Бұл тыйым бүгінде маңызын жойған. Себебі, қауіпсіздік ережелерін сақтап, жарық жерде абайлап тырнақ алғанның айыбы жоқ.

Тізеңді құшақтама. Неге?
Тізені құшақтап отыру ұйқы шақырады. Адамдар жалғыздықтан шаршаған кезде қу тізесін құшақтап отырады деген ырым бар. Дінде де тізені құшақтау құптайтын әрекет емес. Хадисте жұма намазда тізені құшақтап отыру ұйқы шақырады, бұл құпталмайтын әрекет. Оның кесірінен адам құтпаны дұрыс тыңдамай, қалғып кетіп, дәреті бұзылуы мүмкін делінген. Қазақтың кейбір ырымдары күнделікті өмірдегі қате іс-әрекеттен сақтындырса, кейбірі шариғат заңынан алынған.

10 қараша 2018 ж. 1 312 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области