Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЫРЫМ-ТЫЙЫМ –ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

ЫРЫМ-ТЫЙЫМ –ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

Ырымдар-тыйымдар – халқымыздың сан ғасырлар бойы ұрпақ жадында жаңғырып, тәрбиенің қайнар көзі болып келе жатқан киелі ұғымдарының бірі. Осы бір наным-сенім қай ел, қай халықта болмасын бар. Түркі тілдес халықтар былай тұрсын, Еуропа елдерінің де өздеріне тән ырымдары бар екені рас.
  Алайда, осы ырымдар мен тыйымдар қазақ елінде алабөтен дамыған. Халқымыз қашаннан ырымшыл ғой. Бабаларымыз сонау заманда ырым етудің артықшылықтарын жіті ұғынып, адам өміріне зияны тимесін деген сеніммен оған аса көңіл бөлген. Бұл дәстүр жалғастығы арада қаншама жылдар өтсе де, ұрпақ санасына сіңіріліп келеді.
  Жаңа ғасырда өмір сүріп жатырмыз десек те, ертеден қалыптасып келе жатқан ырым-тыйымнан біздің де аттап өте алмайтынымыз анық. Кейде тірлігіміздің кетеуі кетіп, шалқақтаған шаруамызға ырым етсек, алға басып дөңгелене жөнелетінін жоққа шығара алмаймыз. Бала күнімізде үлкендер «Бүйіріңді таянба», «бетіңді баспа», «Табалдырыққа тұрма», «Үйдiң iшiнде ысқырма», «Сыпырғышты тiгiнен қойма», «Үйді, кісіні айналып, жүгірме», «Босағаны керме» сынды сантүрлі ырымдарды алға тартып, үнемі тыйым етіп отыратын.
 «Неге?» деген сұрағымызға іле-шала «жаман болады?» деп қысқа қайырады. Десек те, осы екі ауыз сөздің ықпалы соншалық, сол әрекетті істеуге жүрексініп, шынымен бір жамандық болып қалардай үреймен қарайтынбыз. Жалпы, ырымдар халықтың табиғатпен үйле¬суінен, бірге біте қайнасуынан пайда болған деуге толық негіз бар. Қазіргі біздің қолданыста қоғамның қалыптасу тарихындағы рухтарға табынған тотемизм, аңдарға табынған анемизм, тас мүсінге табынған фетимизм және отқа табынушылықтан қалған ырымдар да бар. Мәселен, келін түскенде отқа май құю, жаңа қонысты немесе бесікті отпен аластау секілді жоралғылар соның айқын дәйегі.
  Асылында, ырым-тыйымдар тазалыққа, адалдыққа, мәдениеттілікке бастайтын тәрбиелік құрал іспетті десек қателеспейміз. Себебі, әрбір ырым-тыйымның астарында сол халықтың үлкен философиялық танымы жатыр.
  «Мен ұзақ жолға шығарда үйге қайтып кірмеуге тырысамын. Менің түсінігімде ұзақ жол¬ға бара жатқанда үйге екінші рет қай¬тып келу жаман ырым. Бұл орыс халқында да бар. Олар: «Қайтып келме, жолың болмайды» дейді. Сондай-ақ, алдымнан қара мысық өтіп кетсе де, көңіліме аламын. Ерінбей, келесі көшені айналып өтемін. Бұл әрекетіме кейде достарым күліп жатады. Бірақ, бір таңғалатыным, осындай жағдай болған күні міндетті түрде бір сәтсіздікке тап боламын. Осындай жәйт басымда екі-үш рет қайталанды. Сондықтан, ырымның адам өміріне тигізер өзіндік әсері бар екеніне сенемін», – дейді Жақсылық Өтебаев есімді қала тұрғыны.
  Иә, расында данышпан халқымыз ештеңені де жәйдан-жәй шығармаған. Оның түп төркінінде үлкен халықтық дүниетаным жатқандығын білеміз. Ертеден келе жатқан сансыз ырымдардың әлі күнге дейін өшпей жалғасып келе жатқандығы соның дәлелі.
  Мәселен, «Табалдырыққа тұрма», «Табалдырықты оң аяқпен атта» деген сөздер күнделікті тұрмыста, той-томалақтарда жиі естейтін ырымдардың бірі. Бұдан дана қазақтың табалдырықты ерекше құрметтегенін ұғынамыз. Оны – екі арадағы өткел деп бағалаған. «Бісмілләні» айтып кірсеңіз, осы жолыңыздағы мақсатыңыз сәтті болмақ деген тағылымды ой айтқан. Шынымен, оны кез келген иісі қазақ мойындайды. Келін түсірсек те, сынға түсер сәтте де, тіпті күнделікті үйден шығарда да тілімізді кәлимаға келтіріп, оң аяқпен қадам жасағанды жөн көреміз.
  Қазақтың қай ырымы болмасын, тазалыққа, жақсылыққа үндейді. Мысалы, біздің халқымызда «Тамақтың беті ашық қалса, шайтан жалап кетеді» деген ұғым қалыптасқан. Үйдегі апа-әжелеріміздің қазан-ошаққа араласып, тамақтың бетін жабық қалдыруды үнемі қадағалап жүретіндігі сондықтан. Қалай болғанда да, беті жабық тамақтың таза болатыны рас қой. Бұл ырымның біржағынан отбасыны ұқыптылыққа, тазалыққа үйретуде орны айрықша.
– Мен күнде тұрмыста қолданылатын ырымдарды қатаң сақтаймын. Себебі, кішкентайымнан үйдегі тәрбие сондай болды. Мәселен, дастарқан қос қабатталса, қонақ келгенде оның тұйық жағын төрге қаратып, оң бетін келтіріп жаямын. Бұл «дастарқан оң болмай, ісіңде жол болмайды» дегенді білдіреді. Сондай-ақ, кетік, сынық ыдыстарды қолданбауға тырысамын. Бұл туралы әжем: «Ыдыстың кетігінен шайтан қосарлана ас ішеді, қонақ қорланады, оның жебеуші иесі шамданып, кәрін төгеді» деп отыратыны әлі есімде. Ал, кейде алақаным қышыса – ақша ұстап, табаным қышыса – жол жүретін де жағдай кездеседі. Бұл, бәлкім кездейсоқ дүние болар. Бірақ, ырымның да әсері жоқ емес демеймін, – дейді отбасындағы ырымшыл келіншек Жазира Әлібекова. Ырымға мойын бермейтін қазақты кездестіру кемде-кем шығар. Десек те, «Қазақ ырым етеді, ырым қырын кетеді» немесе «Ырым – жырым» деп мән бермейтін жандар да кездеседі өмірде. Әрине, ырымға сену-сенбеу әркімнің өз құзырында. Дегенмен, оның адам өміріне тигізер орасан әсерін күнделікті тұрмыста орын алып жатқан сан түрлі оқиғалар одан әрі айқындай түсетіндей. Демек, ата-бабадан келе жатқан ырым-тыйымдарда түпкі негіз бар екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Тек оны жөн-жосығымен қолдана білген абзал.

Б.ТІЛЕУБЕРГЕНОВА,
Қызылорда

29 сәуір 2018 ж. 3 946 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области