Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » СЫРҒА ТОЛЫ СЫНЫҚШЫЛЫҚ ҚАСИЕТ

СЫРҒА ТОЛЫ СЫНЫҚШЫЛЫҚ ҚАСИЕТ


    Бақшада ойнап жүрген немересі Ақтотының апалап жылаған жан дауысына Үміт кейуана жүрегі алқымына тығылып тұра ұмтылды. «Баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» дейтін дана халықпыз ғой. Олай болмағанда ше? Елбе-делбесі шығып немересінің қасына қалай жеткенін де аңғармады. Талдырмаш немересінің қолын құшақтап жылап отырғанынан-ақ сүйегінің майып болғанын бажайлады. Шыр-шыр еткен Ақтоты қолын ұстатпай әлек. Сүтпісірім уақыт бұрын ғана асыр салып жүрген көзінің қарашығына ақырын ойнауын ескертіп-ақ еді. Ойын баласы ғой. Қызығымен жүріп арықты байқамай омақаса құлады. Не керек, күн ұяға батар тұста бұлар мінген көлік аудандық аурухананың алдынан бір-ақ тоқтады. Үміт немересін алдымен сүйектің сырын білетін Жұмаханға алып барғысы-ақ келген. Дегенмен, дәрігерге барса, барлығы жақсы болып, көңілдері орнығатынына сенімді еді. Иә, қай уақытта да жаның ауырғанда дертіңе арашашы болатын дәрігерлердің еңбегі ерен. Ақтотының да сынған қолын гипстеп, орнына келтіріп, ауырғанды басатын ине де шаншып берді. Бірақ Ақтотының сынған қолының сарсаңы алда еді. Ауырғанды басатын дәрінің күші қайтқан соң қолының қақсағаны үдей түскендей ме, қалай? Екі күн солай жүріп, болмаған соң түнеу күнгі дәрігердің алдына қайта келді. Салынған сынықтың гипсін шешіп, рентгенге қайта түсіріп, оны қайта салды. Ал, үйге келген соң немересінің ауырсынған ұсқынын көрген Үміттің ойына сынықшы Жұмахан орала берді. «Оқығандарды да көрдік қой. Алла шипасын берсе, сынған сүйектің сырына қанық жаннан да ем табылар» деп өз ойымен арпалысқан Үміт көп ойланбастан Жұмаханның жайына тартты. Бұл дәрігерлердің еңбегін елемеу емес, халық медицинасына деген риясыз көңілдің биігі еді. Айтса айтқандай, немересінің сынған қолын қисық біткелі тұрған жерінен бұзып, қайта салды. Не керек, сынықшы Жұмахан Ақтотының неше күнгі ауруын бір-ақ сәтте ұмыттырғандай болды. Бұл Үміт әжейдің аузынан естіген сынықшыға деген құрметі еді. Өмір болған соң түрлі жағдайлар туындайды. Сынықшы Жұмахан жайлы бұған дейін де естіген болатынбыз.
    Бүгінде сынықшылықтың сирек кәсіп түріне айналғаны рас. Тарихи-әдеби материалдардан бұрындары әр ауылдың өзінің сынықшысы болатындығын оқимыз. Ал, қазіргі күндері бір ауданның өзінен бір сынықшыны табу қиын болып қалды.
    Сол бірегей кәсіптің иесі дейміз бе, әлде сүйектің сырын етене танитын жан дейміз бе, кім десек те әңгімеміздің арқауы Жұмахан Тұрманов болмақ.
    Балаби ауылында дүние есігін ашқан Жұмахан Шәукенұлы сынықшылығым бар деп жарияға жар салып, жарнама беруден аулақ. Десе де, жарақат алып шипасын сұрай келгендерді кері қайтармайды. Төрге шығарып, жағдайын ыңғайлап, сынған, шыққан жерінің емін жасайды. Айта кететіні, ешкімнен ақы да сұрамайды. Алланың берген қасиетін қастерлеп ұстауға ниеттенген бір тоға азамат зардап шеккен жандардың азабын жеңілдетуге ғана құштар.
    Атадан балаға қонатын ерекше қасиет дегеніміз бекер емес. Жұмахан ағаның айтуынша Есабыз әулиеден тараған нағашыларында осы қасиет болған екен. Шынында да сынықшылық, емшілік қан қуалап, ген арқылы ауысып, беріліп отырған қасиет. Сынықшылықты кез келген адам үйрене алмайды. Себебі қан жүйесінің қозғалу бағытын, тамыр соғысын тек ішкі түйсік арқылы біліп, байқап барып ем жасамаса, сынықшылық қасиет қанына бітпеген жанға оны үйрену мүмкін емес. Қай буынның қай жілігі сынғанда қан айналымы бағыты бойынша айқындап, біліп отыру керек. Қалай, қайтіп, неге сүйеніп, бұл жағын түсіндіріп бере алатын сынықшы болмайды. Жұмахан өзі ешқашан да сынықшы боламын деп ойламаса керек. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ата дәстүрдің бойына қонғанын алғашқыда өзі де байқамаған. Аудан орталығындағы спорт мектебінде самбо, дзюдодан жаттықтырушы болып жүрген кездерінде оқушыларының жаттығу немесе сабақ кезінде шыққан, сынған сүйектерін жайлап, сипалап отырып орнына салып, таңып бастаған. Бір қызығы, сүйектердің орны өзіне білініп тұратын болған. Ауырсынған адам аяқ-қолының ауырғаны басылғандығын жеткізеді екен. Арада көп уақыт өтпей, түсініксіз түстер көріп, бірнеше рет аян да берілген. Ал, жаны ауырып алдына келген жандардың өзі туралы қайдан білгендерін естігенде таң болған. Себебі, сырқаттардың түсіне еніп, жол нұсқап отырған. Осылайша, нағашысы Насыр молданың «бұл қасиет ұрпақтарымыздан ешкімге қонбағаны ма?» деген қынжылысының орнын толтырған.
    Біз сырына үңілген сынықшы қазіргі таңда кешкі мектеп директорының орынбасары қызметін атқарып жүрген ұстаз. Ұстаз Жұмахан емес, сынықшы Жұмахан жайлы білгеніміз осы болды. Ұстаздық, басшылық қызметті де абыроймен алып жүрген Жұмахан Шәукенұлы қандай да бір жетістікке жетсе, ол өзі шарапатын тигізген халықтың тілегі, ізгі ниеті болар.
    Дина Жүсіпова.

15 қаңтар 2018 ж. 1 261 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области