Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗЫ

ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗЫ


     Дана жұртымызда «Бағалағанға бақ қонады» деген қанатты сөз бар. Кеудесінде Социалистік Еңбек Ері екендігін білдіретін алтын жұлдызы  жарқыраған Кәрібоз Әлимаев атамызды кездестірген сайын  осынау даналық сөз ойыма оралады.  Жүзінен қашанда мейірім ұшқыны төгіліп тұратын  ақсақалға сәлемдессеңіз бір марқайып қаласыз. Қазақтың нағыз қариясына тән ұлылық, ізетпен амандық-саулығыңды сұрағанда еріксіз сүйсінесіз.
    Кәрібоз Әлимаев – керіліп жатқан маңғаз даланың төл перзенті. Оған туған өлкесінің әрбір пұшпағы, сынық сүйем жері көзінің қарашығындай қастерлі. Осынау сайын далада Кәрібоздың кіндігі кесілді, қаз басып, мектеп табалдырығын аттады, еңбек етті, шаңырақ көтеріп бақытын тапты. Ал дархан пейілді құтты қонысы да мұның көкірегінен итерген жоқ. Абырой биігіне көтерді, кеудесіне жарқыратып алтын жұлдыз тақты, тіпті көзі тірісінде бюст орнатты, сый-құрметке бөледі.
    Оның балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына тұспа-тұс келді. Ел басына күн туған зар заманда кімді-кім мәпелегендей? Қабырғасы қатып, бұғанасы бекіп үлгермей жатып Кәрібоз өзге қатар-құрбыларындай елдегі ауыр жұмысқа араласты. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген жігеріңді жанитын қағидамен бел шеше еңбек етті. Сол тұста ер-азаматтар түгелдей дерлік қанды қасап шайқаста жүргендіктен, елдегі бар ауыртпалық бала-шаға, қарттарға түскені баршаға аян. Көптен күткен Жеңіс күні де келіп жетті. Ел еңсесі ептеп көтеріле бастады. Мектептен соң Кәрібоз Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығын мехବни¬каландыру техникумын бітіріп,  механизатор мамандығын алып шықты. Тағы да қызу еңбек додасына араласты. Есін білгеннен қара жұмыстың қазанында шыңдалып өскен ауыл перзенті өзіне тапсырылған кез келген шаруаны дөң¬гелентіп әкететін. Маусымдық жұмыс барысында таң бозарып атқаннан, түн қараңғысы тұмшалағанша жұмыс істеуге тура келеді. Білікті басшы, темірдей тәртіпті ұстанатын Қожали Өтепбергенов тізгінін ұстаған «Бозкөл» кеңшарының атағы сол тұста көпшілікке  жақсы мәлім еді. Өзіне бекітілген тракторды бәйге атынан бетер күтіп-баптайтын Кәрібозды темір тұлпары да ұятқа қалдырған емес. Талай мәрте жер жыртып, өзіне бекітілген нормасын асыра орындады. Тындырымды тракторист ретінде көзге ілікті. Әлденеше мәрте ауыспалы “Қызыл туды” жеңіп алды.
    «Кәрібоз Әлимаев 1964-1966 жылдар аралығында жер жырту нормасын 141-158 процентке орындаған. Маусымдық жұмыста өзіне бекітілген 528 гектардың орнына 1031 га жер жыртып, тұқым себуге әзірлеген» дейді қолдағы құжат. Мұндай көрсеткіштер осымен шектеліп қалмай, жалғасын тауыпты.
    «Адал еңбек – ердің досы». Осындай ерен еңбегі үшін Кәрібоз Әлимаевқа 1967 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл кезде біздің кейіпкеріміз небәрі орда бұзар жаста болатын. Арада бірнеше жыл өтті. Кеңшар басшылығы Кәрібозға шопан болуға ұсыныс жасады. Кеудесінде алтын жұлдызы жарқыраған еңбек батыры тартынған жоқ. Ата-баба кәсібін жалғастыруға бел байлады. Қандай жұмыстың да өзіндік қиындығы болатыны белгілі. Бірде Кәрекеңнің отар қоймен бірге түні бойы адасқаны бар. Ақ түтек боран көз аштырмайды. Ыққан малдың адамға бой бермейтіні, қайырымға көнбейтіні малсақ ағайындарға жақсы таныс. Оған қоса отардың ізінен ажалдай аңдыған аш қасқыр ермесі бар ма?! Ердің нағыз сыналар шағы. Алайда дала сырына қанық шопан сыр бермеді. Арада тәулік өте өзін іздеп табанынан таусылған топпен жүздескенде отардың да, батырдың да дін аман екенін көрген ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады. Еңбегі елеусіз қалмады. Әлденеше мәрте ауылдық, аудандық кеңестің депутаты атанды. Зейнетінің бейнетін көріп, Зибагүл анамызбен бірге перзенттерін жетілдіріп, немере, шөбере сүйді.
    Міне, бұл күнде Кәрібоз ата сексеннің сеңгірінен асты. Қазалы ауданының құрметті азаматы. Айта кетерлігі, облыс көлемінде Социалистік Еңбек Ері атанғандардың арасында бес адам Қазалы ауданының тұрғындары. Ал көзі тірісінде Кәрібоз Әлимаевқа аудан орталығындағы «Жеңіс» бағының төрінен бюст орнатылуы – саңлақ ұлына пейілі дархан даласындай ел құрметінің нышаны.
    Тасарық ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Әлмұхан Кәрібаев «Атамыз аса сыйлы жан. Бір елді мекеннің ғана емес, барша жұртшылықтың мақтанышы» деп ерекше құрмет тұтады.
    Халқыңыздың ықыласына бөлене беріңіз, елжанды Еңбек Ері!
    Ж.ӘЙДАРБЕКҰЛЫ

01 наурыз 2018 ж. 956 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области