Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТЕМІРҚАЗЫҚ

ТЕМІРҚАЗЫҚ


Соңында суылы қалып отырған уақыт самұрығын кім тұғырына қондырған?! Өткен күннің қараңғылығы қоюлана түссе де, шығыстан найза бойы көтерілген күн секілді жарық шашып, өшпес із қалдырып кеткен қайран әке?!
Жүзін топырақ жасырғанымен, жүрегінің лебі әлі есіп тұр. Тағдыр иықтан басса да, өр рухын түсірмей, қайта мұқалғанның орнына қайрала, езілгеннің орнына қайраттана, жұмсарғанның орнына шыңдала түсті. Жазбасының сиясы кеппей жатып-ақ, оқырман жүрегіне жол тауып жататын. Әкем ұлар шулаған шың басында қыранмен бірге қанат қаққан асқаралы Алатаудың мұзбалағы болатын. Қалам тұлпары боз жорғадай, бүйірі бүлкіл қаққанда тұяғына ілінбеген, қаламының ұшы тимеген мәселе қалмады. Тұнық судың өзін кешіп ішкен Тайбурылдың тектілігі болмысына сай бекзаттылығы, қара сөзді шиыра сөйлеген шешендігі мен Лұқпан Хәкімнің парасаттылығы... бәрі-бәрі мен әкем деп бас иген сол бір ұлы тұлғаның бойында болды. Тіл – ұлы қару! Ол тас жарады, тас жармаса, бас жарады. Жүзі алдаспандай қылпылдаған қызыл тілдің қадіріне жете білген де менің әкем. Майда сөзі балға малынғандай тәтті, Ақжүністің сұлулығын көркемдегендей әдемі, таным қауашағын сілкіп жіберіп көзілдірік кие қараған адамға мағынасы терең, түбі тұнық болатын. Тағдырдың тайғақ жолында тайып жығылмау үшін таға болған, тұрмыстың өткір желі өрекпи соққанда пана болған әкемнің сөздері, әкемнің ақылы еді. Жанарымды пенделік қараңғылығы тұмшалағанда,  ақ боз аты мен көк боз аты жарқырай жанған Жетіқарақшы болып жөн сілтеген де әкем.
Әкем Қалқабай Әбенов 1922 жылы Сырдария ауданының Айдарлы совхозында дүниеге келген. Арқа жайлы болса егер, арқар ауып несі бар, түйір нанға зар болып қара суды қара қазанда тас салып қайнатып, асқазан алдаған сол бір ашқұрсақ ашаршылық жылдары Ташкент облысындағы Янгиюльге көшіп барады.
Сырда туып, қырда балалығының кекілін қойған әкем осы жерде жеті сыныптың бастауыш білімін алды. Ескіше молдадан хат тануды ғана көзі ашық еткен ол кездері бастауыш сыныпты бітіру деген үлкен азамат болғанмен бірдей еді. Дала баласының ерекше қабілетіне балақтан тартқан жоқшылық та тосқауыл бола алмаған. 1938 жылы Ташкенттегі қазақ училищесіне оқуға түсіп, 1941 жылы бітіріп шыққан соң мұғалім болып еңбек жолын бастайды. Бірақ, найзағайын ойнатып  жер бауырлай келген соғыстың қара бұлты бейбітшіліктің аспанын түнертіп жіберді. Жанары күлім қаққан көз тамшысын сығып, ауыр күрсіністен жүректер қақ айырылып, азаматтар майданға аттанып жатты. Ар-намысты тірек еткен жігітке қалам ұстап мектепте қалу жөн бе, қабырғасын теріс беріп қалқада қалмай 1942 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Сұрапыл шайқастың бел ортасында жүрген жалғыз ағасы Еркебайды ойлап, үшбу хатқа «жеңіспен орал» деп ыстық сәлемін қоса жіберсе де, жау тұлпарының дүбірін алыстан естіп құлағын қайшылаған Тайбурылдай жер тарпып тұра алмады.
Ана жүрек... Мейірімі болатты да балқытып жіберетін ана махаббаты... Өзбекстанның шеткі аймағында орын тепкен Қауыншы ауылында жігіттігін өткізген әкем 1942 жылдың көктемінде майданға аттанып кете барды. Ақ жаулығымен көз жасын сүртіп, ақ тілек айтып, жауынгерлер тиелген эшелонға қол бұлғап Қалбибі анасы қала берді.
Басына бұғалық түсіп көрмеген асауға бас білдіріп өскен, қайраты тасыған білекті жауынгерлердің арасында әкемнің де алғаш табан тіреп тоқтаған бекеті Свердловск қаласы болды. Дархан далада құлашын кең сермеген жігіттерді қатарға тұрғызып, аралас тілде сөйлеген әскери адам «байланысшы боласыңдар» дегенді ұқтырды. Жауға деген өшпенділігі күшейіп, намыс қамшысы жауырынына бата тиген жас жігіттердің ішінде командирдің сөзін місе тұтпай, «қолымызға қару алып соғысуға келдік қой, неге майданға тіке тартпаймыз?» деп қызбаланғандары да болды. Бірақ, олар әлі автомат оғының ызыңын естімеген, жастана окоп қазып, жауға винтовка кезеніп көрмеген, соғыстың қою қара түтіні мұрнына бармаған жастар еді. Соғыс әр жерден келген жастардың мақсатын бір арнаға тоғыстырып, жүзі бөлектің жүрегін бір етіп, түрлі ұлт өкілдерін байланыстырды. Байланысшы даярлығында жүргенде әкемнің Михайл Зославский, Владислав Виткус, Галика Нурлович секілді телеграфист достары болған. Ол кезде майданның қан тамырларына нәр беретін де байланысшылар еді.
1943 жылдың қысы. Үскірік аяздай борандата соққан немістің де шабуылы толастап, «тісі өтпеген, жалайды» дегендей, ашық майданды ала алмағасын, жеке-жеке операция жүргізіп, қулыққа көшкен кез еді. Шабуыл жартылай жеңіс деген, жау зеңбірегі ұңғысын басқа жаққа бұрған соң, біздің әскерилер екпіндей алға ұмтылды. Әкем ақпан айының 10-күні Отанымыздың Орта Азия және Қиыр Шығыс өлкелеріндегі  шекара чекистерінен жасақталған құрамаға қосылып, Свердловск қаласынан тура майданға аттанды. Теміржол бойымен өрлеп, Илецк қаласына келіп түседі. Жақын маңайдағы Орел-Курск бағытында қызу шайқастар жүріп жатқан еді. Құлақ тұндырар зеңбірек дауысы да жандарынан естіліп, жарылған бомба, ысқырған оқ үні алдыңғы шепке енді ғана табаны тиген байланысшыларды сынап жатқандай еді. Осындайда қанқұйлы фашист жауызбен ұрысқа қолма-қол араласқысы да келеді.
Әйтсе де, алдында тұрған одан да зор міндет – армия мен майдан, дивизиялар мен корпустар арасындағы байланысты қамтамасыз ету тапсырмасы тұрған болатын.
Сталинград соққысынан жеңілістің ащы дәмін татқан неміс-фашистер қарымта қайтаруға жанталасып баққан, шыбын жаны мұрын ұшына келген кез еді. Екі жылдай шабуыл-тойтарыста болған аймақта жазғы маусымда «Цитадель» операциясы басталды.
«Бұл өзі Ұлы Отан соғысындағы естен кетпес шайқас болды. Біз онда 2-ші Беларусь майданына қарайтын 70-ші армияның 3-ші дербес полкі сапысында байланысшы едік. Сол 5 шілде күні таңертеңгі мезгілде демін ішіне тартқан Курск иінінде, аспан төсі самолеттерден көрінбей қалды. Қара жер зіркілдеген танктердің шынжыр табанынан қайысқандай болды. Қым-қуыт қарбалас басталды да кетті. Алай-дүлей әлем-тапырақ болып жатқан кезде байланысты қадағалау оңай емес еді. Жаудың ең бірінші болып қарашығына ілігетін де осы байланыс нүктесі. Снаряд жарықшақтары талай жанның ғұмырын қиып кетті. Қалай да тұрақты байланыс болуы керек деген міндет орындалып, Курск даласының үстінен жеңіс туын желбіретіп өттік. Алғашқы соғысқа қатысуым, айтулы жеңіске үлес қосуым осылай басталған» деп әкем Қалқабай сұрапыл жылдардағы естен кетпес естеліктерін айтып отыратын.
Талай боздақтың қанымен келген жеңісті әкем Германия жерінде қарсы алды. Нарев өзенін кесіп өтіп, Варшаваны азат етуге қатысты. Пренцлау, Атермюнде, Шлохау, Штегерс, Хаммерштайн, Бальденберг, Бубнец, Штральзунд, Гриммен, Деммин, Мольхин, Варен, Везенбург, Берлин жаяу жүріп, жаумен алысқан қанды қалалар еді. «Әскери қызмет еткені үшін», «Германиядағы жеңісі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары сол соғыстың белгісін білдіреді. Виттенбург қаласында 1945 жылы 3 мамырда одақтас ағылшын әскерлерімен кездесіп, бір-бірлерінің достық тілін тауып, Гюстров қаласында айқара құшақтасып, шаттыққа кенелген ұмытылмас сәттерін бізге әңгімелегені әлі де сол қалпында санамда сайрап тұр.
«Соғыс аяқталды» деп, Рейхстагтың төбесіне қызыл жалау тігілгенмен, қуыста қалып қойнына гранатасын жасырғандар тасадан тас атқылап, қол алысып, ант беріскен Германияның одақтасы Жапония қылышын қынға салған жоқ еді. Сталиннің түйілген қабағы Шығысқа бет бұрғанда, әскер де солай ауып, шығыс майданға бес жұлдызды ұшақтар ұшып шыққан болатын.
Автомат ұстағандардың қолына күрек беріп, қалпына келтіру науқаны басталғанда, тұрмысы тұралап қалған ауылда сауат ашу ісі күн тәртібіне қойылып, жоғарғы жақтың «мұғалімдерді қайтару» туралы үкімімен 1945 жылы әкем елге оралды.
Жауқазыны қауыз жарған табиғаттың көктемі мен қызғалдағы құлпырған Жеңістің көктемі келіп, ауыл ішінде де ақ түйенің қарны жарылып, соңғы уыс бидайын қазанға салып қуырып жеп жатқан кез. Бірі өз аяғымен, бірі сүйенген таяғымен жауынгерлер елге оралып жатты. Қолында піскен наны. Ауыл шетіне алаңдаған ел. «Қара қағазы» келсе де баласын күткен ана. Үзілмеген үміт. Орамалының түйіні шешілмей, сағынышы жүрегін кернеген жар. Есікті біреу қағып қала ма деп, түнімен сөнбеген шырақ. «Әкемді көрдің бе?» деп ауыл шетіне жүгіріп шыққан балалар... Міне, сол кездегі ауыл бейнесі осындай еді.
Әкем елге келген соң, Оразкүл анаммен шаңырақ көтеріп, Сырдария ауданының «Бірлестік», «1-Май» мектептерінде мұғалім, артынан оқу ісін басқарды. Мектеп деген аты болмаса, талай жыл қара құлып есігін күзеткен білім ордасы, түндіксіз үйдің жыртығын жамағандай еді. «Бізге мынау керек» деп арызданатын кез емес, қолына түскенді кәдеге жаратып, ауыл балаларының сауатын ашып, санасына ағартушылықтың сәулесін түсірді. 1946 жылы Қызылорда қаласындағы пединститутқа түсіп, оны 1951 жылы сырттай бітірген әкем 1946-1956 жылдар аралығында Қызылорда облыстық комитетінде нұсқаушы, насихат секторының меңгерушісі болып қызмет етті. Соғыс салған лаңның әлі де ызасы кеппеген сол кездері көкірегі ояу, көзі ашық жандар сирек еді. Ауылда өскен баланың өзгеге ұқсамайтын өзінше жазу мәнері бар болатын. Бәлкім, бала болып «өнер алды қызыл тілдің» құдіретін түсінбеген шығармыз, бірақ әкемнің қаламынан туындаған жазбаларға сол кездегі ел ағалары жақсы лебіздерін білдіріп жататын. Тұяғын қанша серпісе де, мыңның бірі жорға болатыны секілді, талант та адам баласына талғап қонады. Әсем тілдің отын жағып, қара сөздің қазанын қайнататын әкем, ақпарат айдынына қайығын 1956 жылы түсіріп, 1962 жыл аралығында Шиелі ауданындағы «Коммунизм жолы» газетінде редактор болып қызмет етті. Көңіл түкпірінде тұнған ойды қайта тербеп, асыл сөзді қағаз бетіне түсіріп, көл түбінде жатқан асыл тасты жел толқыта жағаға шығарып, Сыр руханиятында өз қолтаңбасын қалдырды.
Хан тәңірдің шыңын көздеген мұзбалаққа қарсы соққан жел кедергі болған ба, алдына үлкен мақсат қойған әкем 1962 жылы Москва қаласындағы ЦК КПСС жанындағы жоғары партия мектебінде оқып, 1964 жылы бітіріп шығады. Оқудан келген соң облыстық комитетте лектор, лекторлар тобының жетекшісі болды. Одан әрі облыстық партия комитетінің оқу бөлімін басқарып, 1968 жылдың соңында облыстық «Ленин жолы» газетіне редактор болып тағайындалды. 1985 жылы тамыз айынан бастап одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығып, өмірінің соңына дейін өлкетану музейінің директоры болды. Ұзақ жылдар бойы Қызылорда облыстық партия комитетінің мүшесі, бірнеше дүркін облыстық, қалалық кеңесіне депутат болып сайланды. Еңбегі бағаланып, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», майданда көрсеткен ерліктері үшін республикалық кеңестің «Құрмет» грамотасымен екі рет, «Отан соғысы» ордендерімен, өзге де мадақтамалармен марапатталған.
Мен үшін әкем ерекше тұлға! Журналист Қаныбек Шәрібекұлының тілімен әкем жайлы сөйлесем, «Қандай да қулық-сұмдықтан ада, жүзінен қуаныш нұры арылмайтын, мейірімді мінезді кісі. Шүкіршілікке мінәжат еткен, иманжүзді, жолдасын жауға тастамайтын, сертке бекем жан. Барға қанағат, жоққа сабыр сақтаған ақық азамат, жалғыз дәнді жарып жеген жомарт, көл-көсір көңілімен, қамқор пейілді қазақ. Ақыл-парасатымен төрт көзі түгел топқа төрелік жасаған тұғырлы тұлға, нардың белі бүгілген тауқымет тегеурініне тайсалмай, қарсы тұрған тіреубақан. Отбасынан бұрын Отанын ойлаған омыртқалы ер, жүрегімен жарын сүйген, ұлын ұлық, қызын қырмызы етіп өсірген өнегелі әке. Ағайынның ауызбіршілігін, туыстың татулығын, достың дені-басын, әріптестің әл-қуатын күйттеген кемел кісі. Ет жүрегі елімен, бек білегі жерімен сырлас сырбаз жан».
Әкем туралы естеліктерге тіл біткенде оқыған адамды бей-жай қалдырмайды, көңілдің сыр пернесін баса сөйлеп, жаныңды тебірентіп жібереді.
Боямасыз ерекшелік Қалекеңнің бір қасиеті елдегі жазуға құмар жастарды бағалай білді. Газетке ауыл-село тұрғындарынан штаттан тыс тілшілер тартып, оларды журналистика ісіне баулыды. Ең бастысы, жастардың бағын ашты. Басылымның шығармашылық тобына сайдың тасындай сыйлы журналистерді жинақтады. Қалмақан Әбдіқадыров, Дүйсенбі Смайлов, Жүніс Жәукебаев, Әбдіразақ Баранов, Сейітқасым Сейтенов, Дархан Сапаров секілді шабыты шалқар, қаламы қарымды азаматтар газетті жаңашылдығымен түлете түсті. Газет жанры, корреспонденция легі, әдебиет әлемі салалық жағынан жетіле түсті. Көпке беймәлім сыр, Қалмақан Әбдіқадыровтың туған жерге оралуы інісі – Қалқабай Әбеновке арқа сүйеп келгені еді. Сырдың саңлақ серкелері Асқар, Сырбай, Әбділда, Әбдіжәміл, Қалтай жиі бас қосатын құтты қоныстың қанатын кеңейтіп, дала академигін даралауға тікелей «Коммунизм жолының» редакторы Қалқабай Әбенов сеп болғанын айта өткен жөн. Міне, бұл азаматтық айбын емес пе? Әрине, қарақты көз, саналы сана, білгір болмыс, қамқорлықпен қадірлеудің нағыз нышаны.
Қалекеңнің дұшпанын қайдам, достарын санауға саусақтың сіңірі талады. «Жолаушы – мүсәпір» деген бар, бірақ оның «Жауда да үйі табылатын» қасиеті қапыда қалдырған емес. Республикалық, одақтық достары «көрінген төбеден» көрінді. Оның ішінде қоғам және мемлекет қайраткерлері, көрнекті ғалымдар, заңғар жазушылар мен арқалы ақындар, қысқасы, түрлі мамандық иелері болды.
...Әкем туралы естеліктер қанша жазсаң да қағаз бетіне сыймайды. Асқар тау әкем туралы құдасы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер Сәмит Далдабаевтың естелігіне үңіліп көрсек... «Қалекең шынында құдаларын Құдайындай сыйлаудың үлгісін көрсеткен адам. Ол бізден бұрында Сейділдә Оспанов, Балта Ыбыраев, Қонысбек Қазантаев секілді Сыр еліне ағалық еткен көшелі азаматтармен құда болатын. Солардың барлығымен күн салмай хабарласып, аман-саулықтарын сұрасып, жағдаяттарын біліп тұратын. Бір ғажабы, олардың бала-шағаларының да, немерелерінің де атын, туған күніне дейін білетін, соған дейін сұрап, арасында күлкілі әзіл айтып отыру ол кісінің бойындағы үлгі тұтар қасиет еді.
Отының басындағы қариялық қалпы тіпті тамаша болатын. Әсіресе, дастархан үстіндегі ас мәзірін мақтап, оны дайындаған келінінің мерейін өсіріп, арасында Оразкүл апайдың абыройын асыратын сөздер айтып, қонақтарын ақпейілмен қарық қылатын. Ауданда жүргенде облыс орталығында өтетін сан түрлі жиналыстарға келіп, сапырылысып жатамыз ғой. Сондайда көбіне қаладағы қадірлі ағаларымыздың үйлерінде ас-су ішіп тарасатын едік. Көбіне осы Қалекеңнің үйінде тоқайласатынбыз. Соқпай кетсек, дәстүр бұзылатындай көретінбіз. Сөйтіп, Қалекеңнің үйінен күліп-ойнап, жақсы демалып аттанатынбыз. Ол да бір ұмытылмас шұрайлы шақтар екен-ау».
Әке қашан да асқар тау ғой, оның орны, қадір-қасиеті адамгершілік айбыны, ғибраты, тәрбиесі ұмытылмайды. Сыртта жора-жолдастары арасында көңілді мінезімен танылса, үйде өте қатал еді, әсіресе, балаларына.
Басшылардың балалары секілді жасымызда біз де импорт киім кигіміз келетін, тек, ол кезде таныс басшыларға ғана береді. Бірақ, әкем оған қарсы болып, «Шырағым, елден артық болма!» дейтін. Осы сөзі құлағымда жаттаулы. Қазір ойланып қарасақ, оның қарапайымдылығы, қазақылығы бұзылмаған, әдептен аттамаған қасиеті болашағымызға бағыт-бағдар болды десем, артық айтпаймын. Бізді жақсылыққа, ұлттық болмысқа тәрбиелеп өсірді. Одан еш жамандық көргеніміз жоқ.
Ал, енді анама келер болсам, Әбенова Оразкүл 1926 жылы 30 сәуірде Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты «Ким» колхозында дүниеге келді. Нағашы атам диқаншылықпен күн көріп, колхозда жұмыс істеген адам. 1934 жылы 1-сыныптың табалдырығын аттап, «Ким» жетіжылдық мектебін бітіріп, 1942 жылы облыстық оқу бөлімі жанынан ашылған сыныптарға мұғалімдер даярлайтын бес айлық курс оқып, 1949 жылдың аяғына дейін, Сырдария ауданының «Ким», «Бірлестік», «Орджоникидзе» мектептерінде ұстаздық қызмет атқарды. Кейіннен, Қызылорда қаласындағы ЛКСМ-ның 25 жылдығы және М.Горький атындағы мектептерде, 1956 жылдары Шиелі ауданындағы Ломоносов атындағы №45 қазақ орта мектебінде, 1964 жылдары Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев және №8 Осипенко мектептерінде қызмет істеп, 1976 жылы зейнеткерлікке шықты. Санаулы ғұмырын ағарту саласына арнаған анамыз ұзақ жылдардағы еңбегінің нәтижесінде 1995 жылы «Соғыс және халық ағарту ісінің ардагері» атағын иеленді.
Анамыз өте парасатты адам болды. Әйел затына тән инабат, ибаны, одан артық білетін адам жоқ сияқты көрінетін. Отбасының татулығын, ағайынның аралық қатынасын сақтап, қазір әкенің де, ананың да жауапкершілігін өзі көтерген керемет кісі. Өйткені ол әкенің жоқтығын сездірмеді.
Өмір дариясында бір жүзген қуанышта да, қайғыда да бірге болған арқасүйерінің өмірден озуы анама қатты тиді. Екі аяғы мазаламағанда денсаулығы әлі талай күнге жарайтын, жан-жарын, ұлағатты ұлын еске алып, сағыныш сезімін жанардан аққан жаспен жуып алатын. Әкемнің рухына арнап, үнемі дұғасын оқып, ағайын-жақынның басын қосып отыратын. Анамыз 2011 жылдың 29 қазанында бақиға аттанып кете барды.
Анам алты құрсақ көтеріп үш ұл, үш қызды, (Болаты кішкентай кезінде шетінеген) дүниеге әкелді. Үлкені Патима – Алматы медицина институтын бітіріп, мамандығы бойынша қызмет атқарды. Мұнай саласында еңбек еткен жолдасы Ибраш екеуі үш бала, он екі немере тәрбиелеп өсірген бақытты ата-әже, бүгінде Шымкент қаласында тұрады. Марат ҰҚК-да қызмет атқарған. Шені полковник болатын. Зейнетке шығамын деп асығып жүруші еді, асығып кетіп қалды ғой. Жары Әзима білікті дәрігер, облыстық диагностикалық орталықта, медколледждің директоры болды. Екі бала мен алты немере тәрбиелеп өсірген.
Жамбыл технологиялық институтын бітірген Қатира мұнай саласына техникалық қызмет көрсететін «Құмкөл сервис» компаниясында еңбек етті. Облыс әкімшілігінде жұмыс жасайтын жолдасы Дүйсен екеуі үш баладан немерелер сүйді. Қатираның ізін басып, соңынан ерген Закира да жоғарыда аталған технологиялық институттан экономист мамандығын игеріп шығып, ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқаратын жездем Ғалым екеуі баласы Ержанның қызығы мен қуанышын көре бастаған еді... Иә, өмір иірімі айтып келмейтін сұм ажал Қатираны да, Закираны да фәни дүниедегі ортамыздан мәңгілік орны – бақилық дүниеге алып кетті...
Көңілінде күдік, жүрегінде ыза ұстамаған азамат ардақты қалыбынан таймайтыны рас. Қоғам қайраткері бола тұрып, қатардағы жанмен бірге жүріп, көпшіл мінезімен елдің елеулісі болып, бағаланып өтті. Өмірден озғанына жиырма төрт жылдың жүзі болса да, өткеніне сенбей, тірідей көрінетін тамаша тұлғаға ұлтымыздың бар ұлағатын арнасаң да аздық етеді. Өнегелі өмірінде өшпестей өсиет, ізгілікті із қалдырған оның орны әрдайым биіктен шалынып, тұғырынан түскен жоқ. Сырдың рухани өміріне риясыз рең қосып, әдебиет пен мәдениеттің үстемдігін үкілеген өлшеусіз өнегесі өміршеңдігімен өзекті, майталман кісіні кейінгі ұрпақ білуі керек деп есептейміз.
Қанат ӘБЕНОВ,
ұлы.

15 наурыз 2018 ж. 973 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области