Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ДӘСТҮРІМІЗДІ ҰЛЫҚТАП ЖҮРМІЗ БЕ?

ДӘСТҮРІМІЗДІ ҰЛЫҚТАП ЖҮРМІЗ БЕ?


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін маңызды құжат. Мұнда сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтерген. Енді осы міндеттерді ел болып жұмыла орындауымыз керек.
Елбасының бағдарламалық мақаласының бір бөлігі туған жердің ұлттық құндылықтарды – ұлттық салт-дәстүрді қадірлеугеге, олардың тарихы мен тағылымын бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіруге арналған.
Ұмтылып бара жатқан салт-дәстүрімізді алдымен әрбір ата-ана ұл-қызына өзі үйретуі керек. Өкінішке қарай, қазір бұлай болмай тұр. Жуырда таныс апаймен дәстүрлеріміз туралы әңгімелесіп қалдық. Отанасы «Айталық, шолпыны қыздар тек әдемі болу үшін таққан. Қазір мұның маңызы жоқ» деп бейғам отыр. «Неге? Шолпының атқаратын үш  маңызды міндеті бар. Біріншіден, күмістен, ауыр металдан жасалған шолпы қыздың бұрымын тартып, тік жүруге үйретеді. Қазір ғой, бүкірейген қыздардың «осанканы түзеймін» деп шапқылап, дәрігер жағалап жүргені. Екіншіден, қыздар асығыс, ебедейсіз жүрсе шолпының даусы да тым қатты естілетін болған. Демек, шолпы қыздың мәдениеті мен сыпайылығынан хабар берген. Үшіншіден, үйге бөгде ер адам, қонақ келгенде сырттан естілген шолпының сыңғырынан бұл үйде бойжеткен қыз барын біліп, ол үйге кіргенде көзін төмен салған», − деп едім, бір шолпының өзі ұлттық тәрбиемізде қаншалықты маңызды екенін аңғарғандай таңырқап қалды. Мен де мұны жақында ғана білдім. Ойланып көріңізші, қазақ қыздары жаппай шолпы тағып жүрсе, қалай болар еді?
Тағы бір мысал, қонақ келгенде табақ тартудың маңызын білеміз бе? Сыйлы қонаққа бас, жамбас секілді сүбелі ет, жіліктерді, күйеу жігітке төс, қызға құймышақ берілетінін бүгінгі жастар білмейді. «Ішкен ас кешке жетпейді, ықылас естен кетпейді» дейтін қазақ, табақ тарту арқылы қонаққа құрметін, сол отбасы үшін алатын орнын білдірген. Тойларда етті табаққа саларда «білетін кісі» іздеп, тіпті ол адамға ескертіп, арнайы дайындап қоятынымыз бар ғой. Мұндай жөн-жоралғыны білетін адамның тапшы бола бастауы ұлт үшін жақсы емес.
Соңғы уақытта ене мен келіннің салқын, дау-дамайға толы қарым-қатынасын қалыпты көре бастадық. Бір-бірін ұнатпаса, сырттай сөз етсе, селт етпейміз. Өйткені жақсы дәстүрді елемейтін болдық. Қазақ келіні таңертең атасы мен енесіне иіліп, сәлем салатын. Ал, үлкендер бата беріп, ақ тілек айтады. Байқайсыз ба, бұл үйдегі таң, тірлік жақсы тілекпен басталады. Таң атқаннан ата-енеге құрметін білдіріп, сыйлайтын келін енемен бет жыртысып ұрсыса ала ма? Қазір қыз-келіншектердің жаппай ақы төлеп қатысып жүрген семинар-тренингтеріндегі «тек жақсылық ойлау», «жақсы энергетика», «таңертең адамдарға, жақын жандарға міндетті түрде тілек тілеу» деген ақыл-кеңестер дәстүрімізде бар еді. Дәстүрді ұмыттық, мінез, әдет өзгерді, талай адам от басты, талай отбасы шайқалды. Енді баяғы жақсы әдетімізді қайтару үшін «ақылды сатып ала» бастадық.
Біз тек дәстүрлерді ғана емес, сөздерді де ұмыта бастадық. Айталық, бес арыстың кімдер екенін білгенімізбен, «арыс» сөзінің мағынасын түсінбейміз. «Ойын мәймөңкелеп жеткізді» дейміз, сонда мәймөңке дегеніміз не? «Ас – адамның арқауы». Арқау дегенде көз алдымызға не елестейді?  Дәл осындай «сөздерді ұмыту, түсінбеу» жағдайы күншығыс елінің де басынан өтіпті. Бірақ олар дер кезінде шешім тауып, атакәсібі – күріш өсіруді қайтадан қолға алған.
Жері тар, табиғаты қолайсыз Жапонияға күрішті сырттан тасымалдаған әлдеқайда тиімді еді. Бірақ күріш импорттауға кететін қаржыдан он есе шығындалып, күріш еге бастаған. Себебі, олардың қолданыстағы сөзінің 70-80 проценті күрішпен байланысты. Егер сөздердің мағынасы ұмытылса, тіл жоғалады, тілі, өзіндік ерекшелігі жоқ болса, ұлт та жоқ. Ұлтын айрықша сүйетін жапондар ұлт ұпайын солай түгелдеуге көшкен. Өзімізге оралып, жоғарыдағы сөздеріміздің мағынасын тарқатайық.
«Арыс – киіз үйдің шаңырағының үлкен шеңбері» дейді осы тақырыпты тереңірек зерттеп жүрген қаламгер Ұларбек Нұрғалымұлы. Бір деректерде шаңырақты ұстап тұратын уықтардың ең мықты, негізгісі делінеді.  Қалай десек те, «арысым еді, арысымнан айырылдым» деген теңеу сөздің көшпелі қазақтың баспанасына, шаңырағына тікелей қатысы бар. Ал, мәймөңке – алашаның өрмек жіптерін қиып алмай, үзбей, шатастырмау үшін қолданылатын жұп-жұқа  құрал. Сөздің тігісін жатқызып, бірден айтып салмай, жұқалап жеткізген адамды «мәймөңкелеп сөйледі» дейтініміз содан. Арқаудың да қолөнерге қатысы бар. Алаша тоқығанда өрнектері түзу, әдемі түсуі үшін тіреп тұратын бұйымды арқау деп атаған. Демек, адамның да жүзі жайдарлы, еңсесі биік болу үшін арқауы дұрыс болу керек. Байқадыңыз ба, біздің сөздеріміз де атакәсібімізге, дәстүрімізге тікелей қатысты. Демек, ұлттық болмысымызды, сөздерімізді ұмытпау үшін атакәсіппен айналысатындардың саны артып, дәстүрді білетін, құрметтейтін жастар көбеюі керек.
Артымызға қарасақ, отбасында береке мен бірлік ұйыған, айдалада қол алысып берген уәдені бүгінгі нотариустың мың қағазынан артық бағалайтын, уәдеге берік, қызы өнегелі, ұлы өжет елдің тарихын көреміз. Жақында бір ағайымыздан білдім: қазақта «жесір» деп тек ері өмірден өткен әйелді ғана айтқан екен. Ал бүгінде біз ерінен ажырасқан әйелді де «жесір» деп атай саламыз. Біле білсек, қазақта ажырасқан әйелді атайтын атау жоқ.
Біз идеал санайтын, өркендеп, дамып кеткен батыс елдері қазір қайтадан рухани құндылықтарын іздеуде. Біздің ұлтта дәстүрді білетін, салтты құрметтейтін, сөздің төркінін аңғаратын ата-әже, аналар, азаматтар бар. Алайда, жоғарыда біз мысал отанасының сөзінен көп дәстүрді білмейтінін байқадық.
Қазір дәстүрді білмейтін жастар, жас ата-аналар аз емес. Ал адам өзі білмеген дүниесін біреуге, ұл-қызына үйрете ала ма? Қазіргі уақытта Елбасы мақаласында айтылған ұлттық кодымызды, қазақ екенімізді білдіретін ерекшеліктерімізді жас ұрпаққа үйрету ісін тек ата-анаға сеніп тапсыра аламыз ба?
Жуырда телеарналардың бірінен орта мектеп бағдарламасына «Қазақстан халқының салт-дәстүрлері» пәні қосылуы мүмкін деген ақпарат атарды. Қуанып қалдық. Біздің пікірімізше, мектеп бағдарламасына жаңа пән - «Қазақстан халқының салт-дәстүрлері» пәні қосылғаны жөн.
27 шілде 2018 ж. 791 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области