ҚАРТЫ БАР ЕЛДІҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан ажырап қалмау, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы айтылған. Әрине, бұл өте өзекті мәселе. Өйткені, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәстүрімізді ұлықтамасақ, дамыған 30 елдің қатарынан көріну бізге жай арман боп қалары анық.
Көшедегі кішігірім оқиғаның есімнен шықпай-ақ қойғаны. Асыл әжелеріміз дініне, салт-дәстүріне қалай берік? деп таңданып отырмын. Соны баяндайын.
Күнделікті әдетімше қаланы қақ жарып өтетін сәулетті көшені бойлап жұмыстан үйге бет алып келе жатқан бойым еді. Жаяу жүргіншілер жолымен менен сәл ғана ұзап бара жатқан аяғы ауыр келіншектің алдынан қиялай өтетін жолмен жаулығы желмен желбіреген, ақ орамалы ардың қорғанындай әжей шығып келді.
Жүзіндегі қатпар-қатпар әжімі қиын кезеңдердің көрінісі іспетті. Жанына еріткен 5-6 жас шамасындағы немересіне мейірлене сөйлеп, маңдайынан сипағаны, қарт езуіне үйірілген күлкісімен айналаға шуақ төккендей. Бет жүзінен бүкіл тарихты оқығандай әсер қалдырған әжейдің ішкі дүниесі тіпті елжіретерлік қасиеттерге толы деп мен дәл сол сәтте ойламаған да болатынмын. Бірақ, әлгі жас келіншек пен әжейдің әңгімесін жандарына жақынырақ барған кезде ғана түсіндім.
Жүкті келіншек те мен секілді ойлады ма, әлде қартты көргенде жол беруге дайын тұратын әдетімізге салды ма, кілт тоқтап:
– Әжей, амансыз ба? Өтіңіз, өтіңіз, – деп жол берді. Қазыналы қартын сыйлаған әрбір қазақ баласы үшін бұл бас шайқап, таңдай қағарлық іс емес, салт жөні осылай. Бірақ, қазыналы қарттың жауабы керісінше, еріксіз таңданыс тудырды.
– Айналайын, бақытты бол! Өркенің өссін, – деп батасын бере келе:
– Жол сенікі, өте ғой қарағым, – дегендей ишарат білдірді. Әжейдің алдынан өте шығуға қысылған болашақ жас ана да:
– Жоқ, әже, мен сіздің алдыңызды кесіп өте алмаймын. Осы күнге жеткеніміз сіздердің баталарыңыз бен тілектеріңіздің арқасында емес пе, – дей беріп еді,
– Айналайын, қызым. Қазақ қашан да ерлерін төрге шығарған, алдынан кесіп өтпек былай тұрсын, сапарлап жолға жықса, қайда бет алғанын да сұрамаған халықпыз.
Бүгінгі күн еркегі сөз бастаған, жол бастаған даралығына берген Алланың сыйы. Оның үстіне ер адамның алдынан өте шыққан әйелден ұят кетеді. Сол себепті, 80 жыл ғұмырымда ер кісінің алдынан өте шығып көрмегенмін. Сенің аяғың ауыр екенін көріп, жол беріп тұрған себебім де сол, құрсағыңда мүмкін ер бала жатқан болар, – деп, көңілімізді елжіретіп жіберді.
"Қарты бар елдің қазынасы бар" деген аталы сөздің құны да осыда емес пе?!
Міне, Елбасы айтқан рухани саланы дамыту, ата-баба тәрбиесі дегенді қарапайым кейуана күнделікті өмірлік салтына айналдырған. Ендеше, немересіне ертегі айтатын, салтымызды сақтаған әжелер тәрбиесіне үлкен мағына жатыр.
М.Әуезов: «Ұлт боламын десең – бесігіңді түзе» деп қалай дәл тауып айтқан десеңізші...