ҚЫСТАУБАЙ БАТЫР ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?
Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті. Ал туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады. Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих. Оған сай сол өлкеде халқына пана бола білген, ел есінде қалған біртуар перзенттер бар. Сондай еліне қорған болған ерлердің бірі – Жиенәлі ұлы Қыстаубай батыр. Елі үшін қолына қару алған хас батырлар жайында кейінгі жас ұрпақтың білгені абзал.
Ел аузындағы әңгіме аңыз әңгімелер мен Сыр бойы ақын-жырауларының шығармаларынада Қыстаубай аты жиі аталатыны байқалады. Бұл кім, қай кезде өмір сүрген батыр, ел қорғауда қандай үлесі бар деген ойы мені оның тарихын зерттеуге талпындырған болатын.
Қыстаубай – Жанқожа, Есет, Тоғанастармен замандас, Сыр бойының белгілі батыры, Ерекше ерлігінің арқасында өз әкесінің аты айтылмай, руының аты Қыстаубайдың есімімен бірге аталып кеткен. Мұндай атаулар ерен ерлік жасаған, халқына адал қызмет еткендерге ғана берілетін болғанын ескерсек оның шынайы халық батыры болғандығын көреміз. Есентайұлы оразымбет жырау Базарға арнаған толғауында:
- Батырлығың Базеке,
Қоңырдың ұлы Қыстаубай,
Дәуітбай, Қасым, Сәлтеке,
Бұрынғы өткен Тарғынбай, - деп Базар жырауды жоғарыда аталған адамдардың алдыңғы қатарына қосып жырлаған.
Осындағы Қоңыр-Қаратамыр руының Қоңыр деп аталатын бір тармағы. Шығыс елдерінде бұрынғы кездері елге сыйлы адамдарды ру атымен атау кең орын алған сияқты. Оның айқын мысалындай Балқы Базар, Қаратамыр Дүр Оңғар, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Қарасақал Ерімбет болып жалғаса береді.
Қазақ халқының қазақ болып қалыптасып аталған уақытынан бері ішкі және сыртқы жаулардан қорғану үшін ер жүректі ұлдары, апай төсті батырлар үздіксіз шығып, тәуелсіздік үшін күресе білген. Сыр топырағынан жаралып, осы жерден нәр алған, еол қорғаған батырлардың бірі – Жиенәлі ұлы Қыстаубай болған.
Қыстаубай Сарғасқа Бәйтік батырдан кіші де, Тоғанастан үлкен екен. Атақты Кенесары хан Қоқанның Созақ қамалын шабу үшін Сыр бойының батырларына қолқа салып, Жанқожаға өзіне көмектесуін айтып хат жазады. Қоқандықтардың Сарман батырды өлтіргенін айтып, бірге аттануға кеңес береді. Жанқожа бас болып, Созақ қамалын алуға басқа батырлармен бірге Тоқым тыққан Қыстаубай батыр да барып, үлкен шайқасқа қатысқан. Қыстаубайдың атақты болғанын даусыз тарихи фактілердің өзі-ақ дәлелдеп отыр.
Сол Созақ қамалының іргесінің сөгілуін тарихи деректерді жинақтаушы белгілі ғалым Ғ.Ахмедовтың «Жұлдыз» журналының 1991 жылы №11 санында Жанқожа Нұрмұхамедұлы туралы зерттеу мақаласынна оқып білуге болады. Сырдың Қызылқұм жақ бетіндегі ел билігі біраз уақыт қоқандар мен хиуалықтар қолында болғаны тарихи шындық. Олар елден әртүрлі алым-салықтар алып отырған. Елді езіп, арын жаншыған қоқандықтар мен хиуалықтарға қарсы күрес бір тынған емес. Олардың билеушілері Қожанияз, Бабажанға қазақтардың ашу-ызасы қайраулы еді. Ел ішінен ат жалын тартып мінген азаматтар озбырлыққа қарсы шығып, олардан кек қайтара отырып, бірнеше рет ірі қаласы мен ордасын бұзған.
Шөмекейлер негізінен Қуаңды жазда жайлап, Сырды қыстаған. Жазда Тобыл өзендерінің бойына дейін өткен кездері болған. Кейбірі «Қарақ» бойында, Қаракөл маңында егіншілікпен де айналысқан. Қоқанға бағынышты болып, олардың озбырлығына шыдамаған Сыр қазақтары өздерінің азаттығы үшін күресті үзбей жүргізеді. Жасаулы сарт жасағынан бірде жеңіліс тапқан батырлар «Көздіқара» деген жерде бас қосып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып келімсектерге қарсы күрес жүргізуге уағдаласады. Осы одақтың басы-қасында Қыстаубай батыр болды.
.... Бірде батырлар көрші ауылдағы той-думанға кеткенде аңдысып жүрген жаулары елдің жылқысын барымталап кетсе керек. Бұлар тойдан келсе ауыл шабылып, мал айдауға кеткен. Қарақшылардың артынан қуа жөнеледі. Барымташылар жылқыларды жылқышыларға айдатып, өздері қуғыншыны күтіп тұрады. Бір ақбоз атты барымташы саспай аяңдап кете барады, артынан Қыстаубай түсіп, бірте-бірте жақындай береді.
Бұрын-соңды ұрысқа түспеген жастар жағы бірден шауып түскісі келіп ұмтылғанда Қыстаубай тоқтау салғанмен өрімдер қарайламай аттың басын қоя береді. Сөйтіп, қалың жаудың ортасында қалады. Қарсы шапқан ақ боз аттылының ісі ерен, айласы бөлектеу. Екі жақтан біраз адам шығын болып, кейін шегінеді. Осы ұрысқа Қыстаубайдың баласы да қатысқан. Өлген адамдарды арасынан баласын көрген ол: «баламның жарасы қай жерде екен?» деп сұрағанда, «найза кеудесінен тоғыз жерден қадалған екен» деген жауап алады. Сонда көзіне жас алған батырға бір құрдасы: «сені батыр демейтін бе еді, неге жылайсың?» десе ол: «мен оның батырлығын көре алмадым, тым жастай кетті ғой» деп қатты қамықса керек.
Шөмекейлерді өз кезінде Елкей сұлтан Қасымов басқарған. Сұлтан бірде «жорыққа шығамыз» деп елге хабар салды. «Әруаққа сыйынбай жол болмайды, бұл жолы бармайық» депті Қыстаубай. Оны тыңдайтын сұлтан ба? Жорыққа шыға жөнеліпті. Ханы жорыққа шыққанда қарашасы қалай бұғып жата алады, артынан аз ғана жасақпен Қыстаубай да барыпты. Алдыңғы келгендер бір ауылды басып алған көрінеді. Ауылды шауып, олжаға батқан. Олжа қызығына мас болған жігіттер ауыл адамдарының қырағы көзі, қанды қанжарынан құтыла алмайды. Әлгілер ағын сумен жайлап білдірмей, сүңгіп келген көрінеді. Сұлтанның бейқам әскерлерін жатқан жерінде бауыздаған.
Кейіннен келіп қосылған Қыстаубай бір сұмдықты сезгендей жүрегі алабұртып, ұйқысы қашып жата алмаған. Жау келгенін сезген ол атына мінейін десе, аты ақсап қалған шаба алмайды. Мұны көрген осы елдің бір адамы: «Сен бір елдің арлы азаматы, еңіреген ері едің, менен қан шығар да, атымды мініп кет» деп кеңес берген деседі.
Енді бір аңызда қалың жаудың қоршауында қалып, қашуды бойына ар санаған Қыстаубай биік төбенің басына барып, аттан түсіп жауды қуып келгенін найзамен шаншып, ат үстінен шылбырмен тартып алып тұрған. Түс қайта, зауал шақта ол: – Мен шаршадым, су әкеліп беріңдер,- деп еш қарсыласпай қасқая қарап тұрыпты. Қыстаубайды жаяу айдап, халық алдына апарыпты. Алдынан келіп өлтіруге бата алмайды. Ақырында кереге байлап келіп, Қыстаубайдың ту сыртынан қанжар салып, жүрегін ойып алыпты. Сөйтсе, жүрегінде бір түп ақ қыл шыққан, сол қыл өсіп, жүректі торлап тастаған екен. «Мынау ер жүрек қой, еш қайтпайтын қайсар екен»,- деп жауы да ержүректігін мойындаған көрінеді.Қыстаубайдың өзі жауына қырық Қыстаубай болып көрінетін болыпты. Ақырында осы ұрыста қаза болады. Сонда қас елдің жақсылары «бұл пұшықты бекер өлтірдік» деп өкінген екен. Көнекөз қария, ел әңгімелерінің сырына қанық 92 жастағы Ерлан Амановтың айтуы бойынша, Шөмекей руының Бәйбектен кейінгі бас батыры Қыстаубай болған. Тоғанасқа ақ батасын беріп, ұрыстарға баулыған осы Қыстаубай сияқты. Бірде Тоғанас пен Қыстаубай батыр қоқандықтармен соғысу үшін Қоқан қамалына барғанда, қамалдың жан-жағына су жіберегеннен мұз болып, қазақ батырларының тұлпарында таға болмай тая береді. Осыған қарамастан ол жекпе-жекке де шығады. Ақ боз атты Жорабектің інісін аттың сауырынан түсіріп, қоқандықтар өз батырының сүйегін алып кете алмаған. Кескілескен ұрыстарда Қыстаубайдың найзаласуы мен қылыштасуы елден ерек екен. Осы ұрыста, яки 1843 жылдар шамасында Хиуаның Қуаңдариядағы бекінісін құлатып кетеді және 1845 жылы бекіністі қайта қалпына келтіруге жіберегн екі мың жасақты талқандауға қатысады.
Атақты Тұрмағамбет Ізтілеуовтің:
Тоқым тыққан Қыстаубай,
Қайрат пен күшке кең еді.
Орасан ойлы, өте әділ,
Мұңлы мен мұқтаж мүскінге
Етек-жеңі кең еді.
Сықақ қылып, сын тағып,
Аңдысып жүрген жауы да,
Дей алмайды «кем еді».
Атынан түспей әрқашан
Қарына іліп ақ алмас,
Азды көпке теңеді,- деуі бекер емес.
Қармақшылық және тамдылық азаматтар Тоқым тыққан Қыстаубайға арнап «Тоқым тыққан» күйінің ерте кезден шыққанын айтады. Бұл күйді күні кешеге дейін Тамдыдағы Жаманғара күйші орындап келіпті. Мұны күйшінің баласы ақын Сәбит Жаманғараев айтқан еді.
- Батыр, осы өмірде кімнен қорықтың? – деп сұрапты бір досы Қыстаубайдан. Ол:
- Бір жау батырын аттан түсіріп, бауыздайын деп жатқанымда бір нәрсе дүрс ете қалды, жалт қарасам астымдағы жауым қылышпен теректі қиып түскен екен, егер қылыш маған тигенде, болмаса терек менің үстіме түскенде мен де өліп кеткен болар едім. Осы жағдайда бір қорықтым, - депті.
Т.Ізтілеуовтың «Назым» атты кітабында Қыстаубай батыр жөнінде: «Бір соғыста Қыстаубай батырға сұққан жау найзасының ұшы сынып кетіп, оның денесінде қалып қояды. Оны сол жерде шылбырмен байлап, тісімен тартып шығарады. Жарақатының орнынан шапшып шыққан қан тоқтамаған соң, тоқымының бір жағын кесіп алып, атқылаған қанның көзін тығындаған. Содан да, халық атаған лақап ат – «Тоқым тыққан Қыстаубай» осыған орай қойылған» делінеді. Кенесарының Созақ қамалына шабуылына Жаңқожа бастаған Сыр бойының батырларының қатысқанын жаңа айттық. Осы ұрысқа қатысқан Төремұрат жырау батырларға:
Шағырай, Сәдір, Ерғабыл,
Тоқым тыққан Қыстаубай,
Іс көрсетер күн бүгін
Құр атыңа мәз болмай, - деп батырларды шабыттандырған. Қыстаубай батыр Созақ соғысында 80 адаммен Шығыс қақпаны (Сауран жағын) қоршап, жеңіске жеткен.
Тамдылық шежіреші қария Алдабай Жабаев бұрынырақ Қыстаубайдың алып күш иесі, қылышкер, найзагер болғанын, өнерпаздығын, үнемі екі тұлпарды қатарынан ұстап, жауға шабарда кезек мінетінін әңгімелеген-ді.
Бұқара әмірі Қыстаубайдан құтылудың жолын ойлап, қыпшақтармен араздастырады. Орта жүз қыпшақтары Қыстаубай келер тұста алдын ала бір жыл бойы дайындық жасап, атымен қоса түсіп кететін ор қаздырады. Екі арада ұрыс болып, батыр атымен орда қалады. 300 найза батырға қадалады. Осы жерге, Қызылорда облысы, Сырдария ауданының «Боқты өлең», «Көктөбе» деген жерге жерленген тәрізді. Мұны белгілі ақын Қуаныш Баймағамбетовтың «Сырдың сұлу сүлейлері» деген толғауынан аңғаруға болады. Онда:
...Қыстаубай батыр өткен Шөмекейде,
Ел үшін қанды көйлек күнде киген.
Қыпшақтан тонау төлеп, өліп ақыр,
«Боқты өлең» деген жерден орын тиген,- деуі жоғарыдағы дәйектеріміздің дәлелдері іспетті.
Көршілес ағайындар бір-бірін шабу, күші келгендер басқа руларға озбырлық жасау сол кездің ең қасіретті жайттарының бірі болатын. Сондықтан да болар, көп уақыт бойы қазақ елінің басы қосылмай, шашырап жатқан елді шабуға әркімдер-ақ құмарланған. Екінші бір ескерер жайт, ру таласы, барымта болып тұрғанмен, бүкіл ел басына күн туғанда қазақтың Қыстаубай сияқты батырлары сырт жаудан елін, жерін қорғай білді.
Олардың қоқан, қалмақ, хиуалықтарды жеңіп, қайтара қуғанын ескергеніміз жөн. Әрине, көбіне-көп Қыстаубай батыр «Жаңқожа, Есет, Қыстаубай» деп басталып өлең-жырларда қазақ еліне көз алартқан Қоқан, Хиуа бектерімен күрескен халық батыры ретінде жырланады. Қыстаубай батыр туралы біз білетін деректердің бір парасы осындай.
Т.ДАЙРАБАЕВ,
өлкетанушы