Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АУЫЛДАҒЫ ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫ

АУЫЛДАҒЫ ӨЛКЕТАНУ МҰРАЖАЙЫ


Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясындағы «Туған жер» патриоттық жобасы әр түрлі бағыттарға ие. Бір жағынан бұл кәсіпкерлердің тікелей қолдауымен және өздерінің туған жері – аудан, қала мен ауылдарға деген жанашырлық болса, екінші жағынан, мектеп оқушылары үшін туған өлкені, оның қасиетті жерлерін, сондай-ақ ата-бабаларымыздың және жерлестеріміздің тарихын зерттеуге бағытталған кең ауқымды іс-шара. Оқущыларды патриоттық тәрбилейтін мұндай кездесулер еліміздің түкпір-түкпірінде өткізілуде. Сондай қызықты кездесу Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылында өткен еді. Осы ауылдағы №94 мектепте “Туған жерге тағзым” акциясы аясында өткен осындай игі шараға біз де қатыстық. Оны ақпараттандырдық. Туған жерден түлеп ұшқан түлектермен кездесуден кейін аталған мектептің басшысы Алик Тілеумбетов бізді білім ордасы жанындағы өлкетану мұражайына алып келіп, осындағы жәдігерлермен таныстырды.
Мұнда бізді аса қызықтырғаны, өткен ғасырда осы ауылда өмір сүрген Кәдір ұстаның өз қолымен жасалған мылтығы болды. Көненің көзіндей болып жеткен құнды жәдігерді мектеп мұражайына оның ұрпақтары табыстаған екен.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп, ұсталық өнермен айналысқан Кәдір Келісбаев өз ісінің шебері атанып, адал еңбекпен отбасын асыраған. Бар өмірін ұсталыққа арнап, артында талай жақсы істер қалдырған. Оны ауыл адамдары «Қара ұста» деп атаған.
Кәдір ата 1898 жылы киелі мекен Жанқожа батыр ауылында дүниеге келген. Кезінде белді колхозшы атанған. Соғыс жылдарында, яғни 1943-1946 жылдарда тылдағы еңбек колониясында жұмысшы болған. Онан оралған соң өз ауылында өмірінің соңына дейін еңбек етіп, 1988 жылдың шілде айында өмірден өткен екен.
Ауыл адамдарынан қара мылтықтың қасиеті барын естіп, бүгінде қарашаңырақта отырған Кәдір Келісбаевтың келіні Күләй әжеге хабарластық. Алғашында бізді пілтелі мылтықты сатып алушы деп түсінген кейуана оның үзілді-кесілді сатылмайтынын жеткізді.
– Қанша жылдан бері келе жатқан мылтық бұл күнде мектеп мұражайында сақтаулы тұр. Алайда, балаларымыз ауырып, мазасызданғанда қасиетті қара мылтықты алдырамыз. Бәрі де Жаратушы бір Алланың қолында ғой. Бірақ осы мылтықты ауырған адамның жастығының астына салып қойғаннан кейін жазылып кетіп жатады. Сондықтан да біз оны әулетімізбен кие тұтамыз. Мылтықтың бүгінгі таңдағы иесі менің балам, яғни атамыздың немересі Сәрсенғали оның үйімізде тұрғанын қалайды, – дейді әжеміз.
Айта кетейік, Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектеп жанындағы өлкетану мұражайы Ұлы Жеңістің 65 жылдық құрметіне орай 2010 жылы ашылған. Мұражай экспозициясы «Бабаның өшпес ерлігі», «Туған ауыл – тұнған шежіре» және «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім» атты үш бөлімнен тұрады.
№94 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Индира Әбдіразақ жетекшілік ететін мұражайда барлығы 265 жәдігер бар. Олардың арасында халық батыры әрі әулие Жанқожа Нұрмұхаммедұлына арналған экспозиция мен мектеп мұғалімдерінің жетістіктері, ұлағатты ұстаздар, мектептің мақтанышына айналған түлектер туралы мәліметтер жинақталған.
Сондай-ақ, Жанқожа батыр ауылы территориясындағы 1928-1950 жылдардағы бес колхоздың және қазіргі ауыл картасы мен ауылдан шыққан ұсталардың жасаған бұйымдары, еңбек құралдары да орын алған.

Ж.СОВЕТҰЛЫ,
Қазалы ауданы
31 шілде 2018 ж. 987 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области