Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «ДОМБЫРА – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ, ӘКЕМНІҢ КӨЗІ»

«ДОМБЫРА – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ, ӘКЕМНІҢ КӨЗІ»



Жарты әлемді шарлап, көрген қызықты деректерді жазбаша қалдырған орыс саяхатшысы А.Берг қазақ даласына келгенде ерекше таңқалысын жеткізіпті. Ол: «Қазақ елі қонақжай халық. Мұнда келген мейман ән қанатында қалқып, сиқырлы музыкалық аспап үнімен ғажап күй кешеді», - дей келе, әр қазақ домбыраны кие тұтып, қадірлейтінін жазыпты. Осыдан-ақ, домбыраның қазақ ұлты үшін аса қастерлі екенін бағамдауға болады.
Бүгінде ұлттық музыкалық аспаптың құндылығын ұлықтап, босағаға биік ілетін отбасын сирек кездестіреміз. Бабалар өсиетін жалғап, көне домбыраны теберік етіп, төріне ілген Әбдіхалық Аманов салт-дәстүр туралы санаға түйгенімен бөлісті.
– Менің әкем қолынан қара домбырасы түспейтін, ұлттық өнерді дәріптеген жан еді. Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін әуелеткенде ел іштен тынатын, – деп бастады ол әңгімесін.
Кеңестік кезеңнің содыр саясаты ұлттық құндылықты дәріптеуге мұрша бермесе де Нұрлыбек Аманов секілді өнер сүйген жандар қолынан қара домбырасын түсірмеген. Ауылдастарының арасында бір ауық ән салатын жанның әсем үнін ағайындары әлі де ұмыта қойған жоқ.
– Бұл домбыраны әкем мен туылған жылы ең мықты ұстаға жасатып, небәрі 6 жыл ғана тартқан. Яғни, мен алтыға толғанда өмірден озды, – деді балалық шақты еске алып. Ауданда мықты механизатор болып, үш ұл мен бір қызының тірегі болған жан өмірден озар шағында қолындағы домбырасын кенже ұлы Әбдіхалыққа аманаттапты. Жастайынан әке мейірінен айрылған бала бүгінге дейін әкесінен қалған мұраға ерекше құрметпен қарайды. Жаны жабырқап, көңілі құлазығанда домбыраны қолына алып, күмбірлетіп сала жөнеледі. Ол: «Домбыра үні – әкемнің қоңыр дауысын еске салады. Домбыра мойынында саусағының ізі қалған, жақтауына иісі сіңген. Әкемді сағынғанда осылай мауқымды басамын», – дейді.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар жәдігерді қолға алып, шертіп көрдік. Дауысы әлі де таза шығып тұр. Өткен ғасырдан жеткен дүние ерекше талғаммен жасалған. Сексеуілден қашалған сүйегі Сүйінбайдың домбырасы секілді сүйірлеу келген, мойны ұзын, бет қақпағы қазақы ою-өрнекпен нақышталған. Үн шығаратын ойығы өте кішкентай әрі қолға қонымды. Сүйегі ауыр, пернелері айнамен әрленген. Жезбен жылтыраған алқымы көз тартады. Домбыраның артқы жақтауында «1964 жыл. СССР. Нұрлыбек» деген жазу, бес жұлдыз, ромбик, және арқар мүйізді ою-өрнекпен қашап салыныпты.
Бір әулеттің берекесін ұйытып, бауырмалдылыққа, ағайындылыққа, адамгершілікке баулып, шаңырақ шаттығын келтіріп тұрған дүние ұрпағы үшін баға жетпес байлық. Әкесінің көзіндей қадірлі жәдігердің орнын ештеңе толтыра алмайтынын түсіндірген Әбдіхалық аға 54 жыл бойы өзімен бірге жасаған домбыраны көзден тасада ұстайтынын айтты. Себебі, домбыра әкесінен қалған жалғыз жәдігер, ұрпағына артқан аманаты.

31 шілде 2018 ж. 1 633 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области