ЖАМБЫЛДЫҢ ДОМБЫРАСЫ
Әлемдегі ыспа аспаптардың атасы қобыз делінеді. Түркі тайпалары қобызды ең кем дегенде ІХ-Х ғасырдан бері, яғни Қорқыт баба заманынан қолданып келе жатыр деген тұжырым айтылады. Ал, шертпе аспаптардың ең алғашқысы қазақтың қара домбырасы екендігін қазіргі ғылыми деректер дәлелдеп отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл музыкалық аспаптың мың жарым жылдық тарихы бар, яғни абыз қобыздан кемі бес ғасыр үлкен.
Жалағаш аудандық музей қорында бірнеше домбыра сақтаулы. Солардың ішінде Жамбыл Жабаевпен оның немересі Әлімқұлдың тұтынған домбырасы да бар.
Әлімқұл Жамбылов 1927 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданында дүниеге келген. Әлімқұл бала кезінен Жамбыл атасының тәлім-тәрбиесін көріп өседі. Өз замандастары Манап Көкенов, Надежда Лушникова, Ә.Ысқабаев, Ә.Сарыбаев, тағы да басқа айтыскер, ақын-жырауларымен талай рет сайысқа түскен айтыскер. Атасы Жамбыл мен қазақтың басқа да ақын-жырауларына арнап көптеген толғаулар жазған Қазақстанның халық ақыны. Әлімқұл Тоққұлыұлы жарты ғасырдан астам мәдениет саласында еңбек етіп 2015 жылы өмірден озды.
Бұл домбыраны Әлімқұл Жамбылов, ғалым, фольклортанушы Мардан Байділдаевқа 1982 жылы Қызылорда облысы Қармақшы ауданында ұйымдастырылған республикалық айтыста сыйға тартқан. Домбыра аудандық музейге 2006 жылы қабылданған. Домбыраны музей қорына жерлесіміз Мардан Байділдаевтің қызы Жанат Байділдаева өткізген. Аталған домбыраны кезінде ақын-жырау Жамбыл Жабаевтың өзі ұстаған. Бұл домбыраның шанағы қатты ағаштан тұтас шабылған. Атасы тартқан домбыра шанағынан басқа бөліктерінің барлығын Әлімқұл қайта қалпына келтіріп, жаңғыртқан.
Музыкалық аспап жетісулік үлгіде жасалған. Шанағы ұзын, бесбұрышты, мойынтұғыр жағы сүйірлеу, түйметұғыр жағы төртбұрышты, екі бүйірі түйметұғыр тұсынан бастап жоғарылай сәл кеңейе келе дыбыс ойығы тұсына бір елідей жетпестен мойынтұғырына қарай тарыла түскен. Мойны жіңішке әрі ұзындау. Арқасы үшкірлі дөңестеу болып келген. Шанағының беті қарағаймен ал қапсырма беті жұқа тақтайшамен жабылған. Дыбыс ойығы адам шынашағының ұшы сиярлықтай. Бастырығы мен түпкі тиегі жоқ. Мойынының сырты жұмырланып, беті еңгіштеліп тегістелген. Мойын мен шанақтың ортасында, яғни домбыраның сағасында жіңішке темір жапсырылып түйінделген. Құлақ тесіктері қос шектің ара қашықтығына ыңғайланып, сәл ғана қиғаштау тесілген. Құлақтары мен түйметығырығы ағаштан жасалған. Домбыраның өлшемі: тұрқы – 97 см.; шанақтың ұзындығы – 40 см.; шанақ бетінің жалпақтығының ең кең тұсы – 16,7 см.; шанақтың түйметұғыр жалпақтығы – 12,7 см.; шанақ беттелген қарағайдың қалыңдығы – 0,2 см; домбыра мойыны шанақ ұшынан домбыра басының (алақаны) ұшына дейінгі ұзындығы – 57 см.; шанақ ұшының мойынмен ұштасатын тұсының жалпақтығы – 3,7 см.; 1-ші перне мойнының алтын асық түйісер тұсының жалпақтығы 1,9 – см.; мойнының орташа қалыңдығы – 2 см.; шайтан тиегінің жалпақтығы – 2 см.; биіктігі – 0,5 см.; екі құлақтың арасы – 3,9 см.; домбыра басының (алақаны) ұзындығы – 9,1 см.; домбыра басының қалыңдығы – 0,9 см.; домбыра басының жалпақтығы – 3,9 см.; дыбыс ойығының диаметрі – 1,6 см.; 19 пернелі.
Музейдің негізгі қорында №761 санымен тіркелген бұл домбыраның құндылығы біздер үшін өте жоғары.
Марат АҚМЫРЗАҰЛЫ,
Жалағаш аудандық музейінің ғылыми қызметкері