Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚЫЗЫЛҚҰМДА ҚЫЗЫЛБАС БАТЫР

ҚЫЗЫЛҚҰМДА ҚЫЗЫЛБАС БАТЫР


Қызылбас батыр Мүсірепұлының есімі Сыр сүлейлерінің толғау-жырларында кездеседі.
Билігі мен батырлығы қатар аталатын тұлғалардың бірі – Қызылбас Мүсірепұлы. Оның аты Ресей архив құжаттарында сирек болса да кездесіп қалады.
Сырдария облысына қараған Перовскі, Қазалы уездерінің ХІХ ғасырдағы архив деректерінде 1852 жылдан бастап көрініс береді. Қоқан, Хиуа бектерімен болған ұрыстарда тіпті қарақалпақ бектерімен орын алған соғыстарда Қызылбас Мүсірепұлы аты Тоғанас Бәйтікұлы, Бұқарбай Естекбайұлы, Қожеке Мырзабаев сияқты батырлармен қатар, Сәдір би Алтыбаев, Бекмырза Еркінбаев, Елекей Қасымов, Сәдірмек сұлтандармен замандас аралас-құралас болғандығы да архивте көрініс тапқан.
Қызылбас Мүсірепұлы Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы Қызылқұмда туып, осында өскен. Әкесі Мүсіреп бастаған жорықтарға араласып, әркез әкесінің қасынан табылған батыр ұл.
Ол Қоқан, Хиуа бектерінің озбырлығынан өз жерлестеріне қорғаған. Сондай-ақ ол Ресейдің керуендерін кейде тонап, кейде қорғап дегендей әрекеттер жасаған. Әкесі Мүсіреп Жәрімбетұлының бір мезгілде 200-дей жасақ (сарбаз) шығара алып, керуендерді қорғауға, қамап талауға күші жеткенін және көршілес рулардың адамдарына айтқанын өткізе алатын тұлға болғандығы да ресейлік құжаттарда жазылып қалған.
Қызылбас батыр болған кісі. Ол кісіден тараған ұрпақтарды ауылдастары күні бүгінге дейін «батыр» ұрпақтары деп атап келеді. Қызылбас батыр хақында Сағымбай Тұрғанбаев шежіре атты өлеңінде:
– Қызылбас болды батыр атағы зор,
Дұшпанға қару жұмсап оқ ататын,– деп оның атақты батырлардың бірі болғанын атап өткен.
Қ.Мүсірепұлының есімі жазба деректерде, нақтылап айтсақ, 1852 жылдың 25 наурызындағы қоқандықтармен болған ұрысты баяндаған құжатты растап қол қойғандар арасында Сарғасқадан шыққан Тоғанас батыр Қызылбас Мүсіреповті бұл оқиға туралы қолдарын қойыпты. Осында Тоғанас Бәйтікұлы мөрін басса, Қызылбас таңбасын басқан екен. Осы тұста Қызылдың жиегінде отырған Шөмекейлердің, әртүрлі руларының ауылдарын қоқандықтардың 1700 жасағы шабуылдап, 55 мың бас қой, 155 ірі қара, 60 түйе мен 150 жылқыны айдап кетеді. Шымқорғанға апарылған малдардың санын көрген адамдардың түсініктері беріліпті.
Қоқандықтардан 55 мың қойдың 33 мыңын, түйе мен жылқыны да қайтарып алып, қоқандықтардың 6-7 адамын Тоғанас пен Қызылбас бастаған жасақтардың өлтіргенін Кете-Шөмекей руларының басқарушысы сұлтан Елекей Қасымовтың әскери-старшина Арыстан Жантөринге жазған мәлімдемесінен оқи аламыз.
Ал келесі бір архив құжаттарында (1862-1864 ж.ж.) Қызылбас Мүсіреповтің ресейліктерге «сексеуіл» дайындап береміз, түйемен көмек береміз деген деген кісілер арасында баласы Темірқұлдың қол қойған, мөр басқан құжаттарының көшірмесі де кездесті. Мұны растап орыс шенеуніктері 1864 жылдың 25 қаңтар айында Тентектөлде жазылғаны белгіленген.
Ал бұның алдындағы 25 желтоқсан 1860-1862 жылғы тағы бір құжатта Бұқарбай Естекбаев, Сейіл Байқадамов, тағы басқалармен бірге Қызылбас Мүсіреповтің өзіне қараған 100 шаңырақтан түтін-пұл жинау үшін 100 квитанция алғандығы және 170 сом күміс ақша өткізілгені жайлы Тоғым сұлтан қол қойып растаған.
1896 жылы 18 желтоқсан күнгі қарулы қарақшы атанған Зарқұм Қуанышұлына қатысты қылмыстық істер арасында Аманқожа Нарқожаұлының екі түйесін амудариялық ағайынды қазақ Мыңбай мен Жүзбайды ұрлады деп тауып, жауапқа тартқан. Алайда олар бұл түйені Меңлібай Түзелбаев пен Ахмет Мамырбаевтан сатып алғандығын алға тартыпты.
М.Түзелбаев пен А.Мамырбаевтар Зарқұмның жұмсайтын ұрылары деп есептеліп, кейін сотталған. Осы іс бойынша Құлбаба Жаманқұлов, Төремұрат Темірқұлов, Өмірқұл Қызылбасов, Досназар Құлбабаев, Оңдабай, Сағындық, Жамансары Малтақовтар тағы басқа бірнеше адамдар жауап беруге сот алдына шақырылған. Жоғарыдағы азаматтардың барлығы дерлік Қызылбас батыр ұрпақтары болып табылады.
Үбістің замандасы әрі қыз алыспас туысы Қызылбас батыр. Олар қатар өскендіктен бір-бірінің асыл қасиеттерін, ерекшелігін, батырлығын, сезінбесе керек. Бірде үлкен киіз үйдің ортасында сексеуілдің оты лаулап жанып жатқан шақта Үбістің Қызылбасқа қарап: «Осы сені жұрт батыр дейді, сенімен мен қамал мен бекініс бұзғанымыз жоқ, елдің қорғаны ғана болдық, кәне әкелші алақаныңды батырлығыңды білейік», – деп алдында жанып жатқан сексеуіл шоғын алақанына салып жіберіпті.
Намыс па, болмаса қас батырлықтың белгісі ме, Қызылбас алақандағы шоқты ысырмапты. Сонда алақандағы шымырланып жатқан шоқты қасындағы үшінші кісі шоқты қағып жіберсе керек. Осы оқиға жайлы тағы бір ел аузындағы әңгімеде басқаша айтылып жүр. Қызылбас қынабынан қылышын суырып Үбісті шабуға айналғанда айналасындағылар араға түсіп, бұл жанжалды тоқтатса керек. Бұл әңгімелер бүгінде аңыз ретінде ел арасында айтылып қалады.
«Әке балаға сыншы» демекші, Мүсіреп би (батыр) балаларына қарап отырып: «Ақтау, Нұртаудан тараған ұрпағым шаруа, Қызылбас ұрпақтары батыр, Ораз балаларынан билер шығар, соны сезіп тұрмын», - деген екен. Расында да Мүсіреп бидің болжамы расқа айналғандай.
Ауызша әңгімелер мен жазба деректерді саралап қарағанымызда Қызылбас батырдың Жаңадария мен Қуаңдария өзендерінің бойында өмір сүргені, үлкен қол бастап сарбаздарға қолбасшы болмаса да қазақ ауылдарынан Қоқан, Хиуа бектерінің түрлі алым-салықтары, ретсіз зекет жинауына қарсы тұрып, өз ауыл-аймақтарымен қорғаған батырлардың бірі деп тануға тиіспіз.
Екіншіден, Ресей шенеуніктері санасқан өз заманының тұлғалы азаматы, батыры болғандығына еш шүбәміз жоқ. Патша генералының Қызылбас, Қожеке батырлармен санасқанын жазба деректерде нақтылай түседі.
Жаңадария өзені маңында «Қызылбас арығы», «Қызылбас мұнарасы» бар. Мұнара Жаңадарияның сол жағасында Сары-ишан мешітіне жақын орналасқан. Мұнара қам-кесекпен өрілген, екі бөліктен тұрады.
Мұнара құрылысы Шығыс Арал өңірі аймағындағы ескерткіштерге ұқсас. Төменгісі тік бұрышты, жоғарысы үшкірленген, төрт арқалы. Ішінде баспалдақ тәрізді жоғарыға жол салынған. 1985 жылы аталған мавзолейді «Казпроектрестоврация» институты зерттеп, паспорттаған.
Қызылбастың мұнарасы бүгінде құлап қалған. Биылғы жылдың басында Алпыс Дүйсебаев бас болып, ұрпақтары бұзылған мұнараны қоршап, мрамордан ескерткіш белгі орнатты. Алдағы уақытта да басқадай шаралар ұйымдастырылмақ.
Қызылбас Мүсірепұлының ата-тек шежіресін тарқатып көрелік. Қызылбас – Жәрімбет бидің немересі. Ал Қызылбас батырдың өзінен Өмірқұл, Темірқұл, Жылқыайдар, Құндызбай, Жұманқұл, Қыздарбике тарайды. Қыздарбике Томпақ кете Піренге тиеді.
Өмірқұл билікке араласқан кісі, 1916 жылы өмірден өткен. Жылқайдардан – Үмбет, одан Шайман, Садық. Жаманқұлдан – Құлбаба, одан – Досназар, Алмағамбет т.б.тарайды. Темірқұлдан – Төремұрат, Махмұт туады. Төремұраттан – Айша, Тайша, Махмуттан – Сқақ, Садуақас, Іскендір, Дүйсебай туған.
Аталық шежірелерде Төремұрат аты атала бермейді. 1914 жылы ақын Шегебай Бектасұлы Төремұрат Темірқұловтың үйіне барғанда оны Айша атты қызы дұрыс қарсы алмай, шай қайнатпай теріс қарапты. Сол жерде ақын Шегебай Айша қызға мына өлеңді шығарады:
«Ержеткен бала екенсің тартыпсың мау, Белгісі мау тартқанның болады шау. Көлденең көпшік салып жата кеттің, Түнімен ұйқы бермей қамап па еді жау»,
– деп әрі қарай сынай өлең жазады.
Айша қыз ақынның айтқан сөзінен өз кемшілігін түсініп, Шегебай ақынға бір қой сойып, мауытыдан шекпен жауып сыйлайды. Сонда ақын былайша өлең шығарыпты:
...Жақсы қыз баға жетпес бір гауһартас,
Он алты мен он жетіге жеткендей жас. Жәннаттың пісіп тұрған алмасындай, Қол жетсе қандай жігіт ләззат алмас», – деп мақтай жөнеліпті.
Ақын Шегебай Бектасұлының осы өлеңінен-ақ Қызылбас батыр шөбересі Айша қызға арнауынан-ақ Төремұраттың да елге белгілі кісі болғаны аңғарылып-ақ тұр.
ХХ ғасырда еңбек еткен №16 ауылға қарасты Жаңаталап колхозының өсіп, өркендеп дамуына үлес қосқандардың біразы ағайынды Махмұтовтар. Мәселен, Іскендір 1934-1935 жылдары шопан, 1941 жылы 192 саулықтан, 302 бас қозы өргізген атақты шопан болса, Ысқақ түйекеш, Сәдуақас партия ұйымының жетекшісі, Дүйсебай колхозшы болып, бүгінгі Жаңаталап ауылының іргетасын қалаған озат еңбеккерлер. Махмұттың келіні Маржан 1956 жылы жүгеріден 45-47 центнерден өнім алып, Мәскеудегі Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысушы, аудандық кеңестің депутаты. Ауылдастар арасында «Мәскеу Маржан» атанған кісі.
Қызылбас Мүсірепұлы туралы түрлі жинақтар мен кітаптарда аз-кем жазылды. «Кете-Шөмекей» шежіресі (1995 ж), «Бәйтерек» (2010 ж), «Жеті тараудағы жеті анық» (2012 ж), «Сыр еліндегі ескерткіштер» (қазақ, орыс тілінде 2014 ж), «Кете – Байсары» (2018 ж) кітаптарға енген. Демек Қызылда туып, сонда жерленген Қызылбас Мүсірепұлының өмір жолдары әрі қарай зерделене түседі деген сенімдемін.

Т.ДАЙРАБАЙ,
этнограф
02 тамыз 2018 ж. 1 226 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области