«ЕЛ ҚОРҒАНЫ – ЕР ЖӘКЕМ»
Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1774 — 1860 жж) қазіргі Қызылорда облысы,Қазалы ауданы, Арықбалақ ауылында дүниеге келген. Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтырының езгісіне және Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы.
19 ғасырдың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары Жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуандария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңізіне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малдарын барымталып, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды.
Осындай зорлық – зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасты. Жанқожа 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған Қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді.
Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған,Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандайды.
Жанқожа батыр бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін олардың бекіністеріне жиі шабуыл жасайды.
1856 жылы желтоқсанның соңғы күндерінде көтерілісшілер Қазалыны қоршауға алды. Қаратөбе манындағы Л. Булатовтың отрядына бірнеше рет шабуыл жасады. Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 жылы Қантарда олардың саны 5000-ға жетті. Жағдай Орынбор генерал-губернаторы В. Перовскийді қатты алаңдатты. Ол генерал- майор Фитингофт бастаған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 1 зеңбірек, т.б. қаруларымен қоса сұлтан Елікей Қасымов бастаған бірнеше жүз казак жасағы бар жазалау отрядын аттандырады. Екі жақ Арықбалықтың тұсында кездесіп, бірнеше дүркін шайқас болды. Бақайшағына дейін қаруланған жазалаушы отрядқа көтерілісшілер қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болды.
Жалпы, ел арасында Жанқожа батыр туралы көптеген жыр-дастандар, аңыз-әңгімелер сақталған. Сыр сүлейлері де батыр әрі әулие атанған Жанқожа Нұрмұхамедұлын өздерінің жырларына қосқан. Елі үшін аттан түспей, азаттық үшін айқасқан батырды халық да қастерлеп келеді.