«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 100 ЖАҢА ЕСІМ» БАҒЫТЫНЫҢ МАҢЫЗЫ ТУРАЛЫ
Еңбек ешқашан елеусіз қалмайды, лайықты еңбек әрқашан да еленді. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 жаңа есім» бағытын жүзеге асыруға пәрмен бергелі бері еліміздің әртүрлі салаларының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың аты тізімге енді.
Аталған бағыттың жеңімпаздарын халық таңдап, оның саны 102 азаматқа жеткен. Бұл бағытты жүзеге асыру арқылы біз елдегі азаматтар арасында бәсекелестік туғызып, әр салада ілгерілеушілік пен дамуды қалыптастырамыз. Әрине, егемендік алған уақыттан бастап мемлекеттің көркеюіне үлес қосып келе жатқан тұлғалардың еңбегі де осылай ақталуға әбден лайық.
Өткен жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қоғамдық сананы жаңғырту үшін үкімет алдына нақты тапсырмалар қойған болатын. Яғни, аталған бағдарламалық мақалада көрсетілген басым бағыттарды орындаудың тетіктері анықталып, артынша оны жүзеге асырудың жұмыстары басталып та кетті.
Елбасы мақаласының басым алты бағыты бар екенін жақсы білеміз. Ол бірнеше бағдарламадан да тұрады. Әрбірінің формасы, жүзеге асу механизмі әртүрлі болғанымен, баршасының мақсаты бір – халықтың санасын жаңғырту, рухани құндылықтарымызды қайта тірілту.
Аталған мақалада көрсетілген маңызды бағыттардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі». «Рухани жаңғыру» идеясы жарық көрген сәттен бастап дәл осы «100 жаңа есім» бағыты төңірегінде талқылаулар көбейіп кеткен болатын. Несін жасырайық, бағытты сынағандар аз болған жоқ. Қоғамдық талқылау кезінде «оның қандай пайдасы бар?», «бұл кеңестік идеологияның сарқыншағы» дегендер де көп болды. Яғни, «идеологиялық тұрғыда ешқандай пайдасы жоқ бағытқа миллиондарды шашпайық» деп үгіттеді кейбір қоғам белсенділері.
Ал, шындығында солай ма? Бұл бағыттың қоғамға қандай пайдасы бар? Халықтың рухани жаңғыруына қалай әсер етеді? Енді осы сауалдардың төңірегінде азды-кем ой қозғап көрейік.
Елбасы өз мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» туралы өз ойын айтқан болатын.
«Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 27 жылға жуықтады. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды.
Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр...», - делінген Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында. Яғни, қазір өзін сөзбен емес, іспен дәлелдеп, өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды тарих бетіне шығаруымыз керек. Олардың іс-әрекеттері өзге замандастарына үлгі болары анық. Демек, бұл бағыт жеке бір адамдарды насихаттау немесе олардың абыройын асқақтату мақсатында жүзеге асып жатқан жоқ. Мұның артында расымен де үлкен идеологиялық астар жатыр.
Демек, бұл ретте «Қазақстанның 100 жаңа есімін» пайдасы аз дейтіндердің болжамдары негізсіз. Оған Мемлекет басшысының осы айтқандары-ақ дәлел бола алады. Бұл ең алдымен қазақстандықтарды жақсылық жасауға үгіттейтін өте маңызды идеологиялық құрал.
Танымал саясаттанушы Айдос Сарым да осы «100 жаңа есімнің» қазақ қоғамы үшін қажетті бағыт екенін айтып отыр. Оның пікірінше, тізімге енген жаңа тұлғаларды енді әрі қарай қолдап, олардың кең танымал болуы үшін жағдай туғызу қажет. Саясаттанушы 100 ғана есіммен шектеліп қалуымызға болмайтынын, әр аймақтың өз «100 есімі» болуы керектігін алға тартты.
«Бұл тек имидждік, ақпараттық бағыт. Оның үстіне, аты айтып тұрғандай, «жаңа есімдер» керек бізге, әбден танылғандары емес. Мысалы, өнер саласын алсақ: консерваторияны оқып, әлемдік деңгейдегі үлкен бір байқауларда жеңіске жеткен жас өнерпаз болса, немесе спорт саласын алсақ: әлі өте үлкен жетістіктерге жете қоймаған, бірақ болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар болса... Міне, осыларға үміт артсақ, оларды жарнамаласақ, ары қарай дамуы үшін қолдау көрсетсек – сонда ғана «100 жаңа есім» бағыты өз мақсатына жетеді.
Жалпы, бірақ 100 ғана есіммен шектеліп қалуымызға тағы болмайды. Әр аймақтың өз «100 есімі» болуы керек деп ойлаймын. Немесе әр сала өз тізімін жасауы керек. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі Қазақстанның үміт күттіретін 100 жас ғалымының тізімін әзірлесе. Сол ғалымдардың еңбектерін түгел бір жерге жинақтап қойса болады. Немесе болашағынан үміт күттіретін 100 спортшының, 100 IT-маманның тізімдерін неге жасамасқа? Сонда бұл бағыт бір жүйеге түсер еді. Шүкір дейік, көбейіп келе жатқан ұлтпыз. Ертең 5-10 жыл сайын ұрпақ жаңарып отырады. Сонда осы «100 жаңа есімді» де жаңартып отырамыз. Бұрынғы тізімде болғандар оған дейін атақ-даңққа бөленеді ғой, сосын орнын өзге жастарға ұсынады.
Жалпы, қазақ мәңгі ұлтқа айналсын деген тілегіміз бар бәріміздің, қазақ мәңгілік елге айналса, бұл бағыт та мәңгілік болуы тиіс», - деді белгілі саясаттанушы.
Бағыттың жүзеге асуына атсалысып, басы-қасында жүргендердің бірі – ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаеав.
Яғни, бұған дейінгі сыни пікірлерде айтылғандай, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» бағытына енгендер бірер жылда ұмыт болып қалып кетпейді. Олардың істеген игі істері БАҚ беттерін айтпағанның өзінде, телеарналардан жиі көрсетіліп, өскелең ұрпақты ұлтшылдыққа, қайырымды болуға үгіттейді.
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына атсалысып жүрген азаматтардың бірі. Оның айтуынша, қоғамның санасын ең бірінші болып ел алдында жүрген тұлғалар жаңғырта алады. Сондықтан, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» бағыты «Рухани жаңғырудың» ең маңызды бір бөлшегі.
Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, «Рухани жаңғыру» идеясы болсын, оның ішіндегі өзге де басым бағыттар болсын, бәрі де қазақстандықтардың санасын түбегейлі өзгертуге, руханиятымызды жаңғыртуға бағытталған. Ендеше, халқымызға пайдасы тисін десек, қоғамның руханиятына жұмыс істесін десек Елбасы идеясын жүзеге асыруға әрбіріміз атсалысайық! Өйткені, Президенттің бұған дейінгі Жолдаулары болсын, бағдарламалары болсын – бәрі де ел экономикасын тіктеуге бағытталған еді. Ал, «Рухани жаңғыру» – идеологияны реттейтін құрал. Сондықтан, бұл бағдарламаны жүзеге асыру тек үкіметке ғана артылған жоқ, оның орындалуына әрбіріміз жауаптымыз. Ең алдымен өзімізді өзгертейік, жаңғыруды өзімізден бастайық!