ЛАТЫН ӘЛІПБИІ: КЕМЕЛ КЕЛЕШЕККЕ БАСТАР ЖОЛ
«Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз».
ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауынан.
Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елімізді жарқын болашаққа бастайтын бірқатар бастамаларды көтерді. Солардың қатарында латын әліпбиіне көшу мәселесі де бар.
Латын әліпбиі туралы сөз қозғалғанда кейбіреулер қазақ тіліндегі төл дыбыстар жоғалып кете ме деп алаңдайды. Бірақ, оған ешқандай негіз жоқ.
Мемлекет басшысы бірінші кезекте тілдің тазалығына мән беріп отыр. Тіпті, әр жылдардағы Жолдауларында да Президенттің ана тілімізге деген ерекше құрметін аңғаруға болады. Негізі, бұл кеше басталған жоқ. Ол тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай күн тәртібіндегі мәселеге айналып келеді.
2006 жылы Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес» деген еді. Ал, «Қазақстан-2050» стратегиясында латын қарпіне 2025 жылы толық көшетініміз жайлы кесімді сөз айтылды.
Барша қазақ халқын толғандыратын бірден бір мәселелердің бірі – мемлекеттік тіл машақаты. Сол сепбепті, Елбасы Жолдауларынан мысал келтіру арқылы ана тілімізге қаншалықты қамқорлық жасалып жатқанын сөз еткенді жөн көрдік.
Ұлттың басты белгілерінің бірі, қазақтың қазақ екенін дәлелдейтін бұлжытпас айғақ, әр қазақтың тамырында ағып жатқан қанмен рухына, ана сүтімен бойына дарыған қасиетті тіл. Тіл жойылса ұлттың жойылатыны айтпаса да белгілі. Сол үшін де кеудесінде жүрегі қазақпын деп соғатын әрбір қазақ баласы ұлттық тілінің болашағы үшін жанұшырады. Олай болмағанда қайтсін, атадан балаға мұра болып келе жатқан әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер, өнегеге толы тәрбие беретін рухани азықтар түгелдей бойымызға ана тіліміз арқылы сіңеді. Мұның барлығын жоғалтсақ адами құндылықтардан айырыламыз айғақ. Бұл тұрғыда қазақтың заңғар ақыны Мұхтар Шаханов:
«Қазақ тілі – бабамыздың бабасы,
Қазақ тілі – ұлтымыздың анасы.
Ана тілсіз жойылады елдің рухи санасы,
Бір-ақ қадам ұлтсыздық пен мәңгүрттіктің арасы», – деп тебірене жырлап, оқыған адамның жанын елжірете түседі.
Қазақ тілінің болашағына алаңдаған зиялы қауым бірінші кезекте оның мемлекеттік тіл статусын алу үшін күрес жүргізді. Құдайға шүкір, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Біз бұған қуанамыз. Бұл Конституциямыздың 7-бабында көрсетілген.
Елбасы Н.Назарбаевтың өзі: «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деп ана тіліне деген құрметінің ерекше екенін білдірген. Тіпті, халыққа жариялаған Жолдауларының ішіндегі басты мәселелерінің бірі ретінде қосып, туған тілге деген махаббаты мен сүйіспеншілігін айғақтағандай. 2011 жылғы 7 қаңтардағы «Болашақтың іргетасын бірге қалаймыз» атты Жолдауында: «Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты. Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайды. Бұл Тәуелсіздіктің орасан-зор жетістігі. Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал, 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады», – деп қазақстандықтардың мемлекеттік тілге деген құрметін ерекше атап, алдағы уақытта республикамыздағы барлық мектеп бітіруші түлектер 100 пайыз мемлекеттік тілді біліп шығатынын мақтанышпен жеткізеді. Тіпті, мұны тәуелсіздіктің орасан-зор жетістігі ретінде бағалайды.
2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту Қазақстан дамуының басты бағыты» деген тақырыппен жарияланған Жолдауда бұл ой өз жалғасын табады. Президентіміз: «Қазақ тілі, біздің мемлекеттік тіліміз өсіп-өркендеп келеді. 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады.
Еліміздегі барлық мектептер мен оқу орындарында қазақ тілінде оқыту үрдісі жүріп жатыр. Осының бәріне депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек. Мәселені осылай шешу қажет» деп мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру жолындағы кезекті тапсырмасын беріп, қазақ тілін дамыту үшін депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлердің де өз үлестерін қосу қажеттігін тілге тиек етеді.
Осы жылдың аяғында яғни, 2012 жылғы 14 желтоқсан күні «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында қазақ тілінің болашағын жақсарту үшін қандай әрекетке баруымыз керектігін айтып, нақты тапсырмалар берді. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан халқына жарияланған Жолдауындағы: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.
Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады.
Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз», – деген жолдардан ана тілімізді дамыту үшін ең алдымен өзімізден бастау керектігін, ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзін қамшылауы тиістігін негіз етіп, тілге деген құрмет шындап келгенде елге деген құрмет екенін баса айтады.