ІЗГІЛІК – ҰЛТТЫҚ РУХТЫҢ АЗЫҒЫ
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алдағы меже дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп қойып отырғандығын айта келе: «Бұл мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», - деп кез келген игі істің басында адамның ізгілікке бастайтын санасы тұру керектігін айтқан болатын. Сана дайын болмаған жағдайда кез келген адам өзі жеткен табысты баянды етіп ұстап тұра алмайды, қоғам да сондай.
Біз тек экономикалық жағынан ғана дамып, озық 30 елдің қатарына қосылғанымызбен, оған халықтың санасы мен рухани дүниесі дайын болмай шықса, онда дамыған қоғам дертке шалдығатыны бар. Оған кешегі Кеңес өкіметінің өздігінен құлауы куә бола алады.
Бұрынғы кеңестік дәуір күйреген соң сол кезеңде жұмыс істеген өндіріс пен индустрия да тоқырады. Елдің экономикасын жаңа бағытқа бұру үшін тың идеялар мен жаңа бастамаларды қолға алатын кез келді.
Елбасы өз мақаласында: «Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды», - деп атап көрсеткен болатын. Елдігімізді бекемдеу үшін, әлеуметтік жағдайымызды көтеру үшін де санаңда сілкініс болуы керек.
Егемендіктің арқасында қазақ халқы өзінің ұмыт бола бастаған салт-дәстүрімен табысты. Тілін дұрыстады, дініне қайта оралды. «Көш жүре түзеледі» деп тарих бетіндегі ақтаңдақтарды толықтыруға күш салып жатыр. Ендігі кезекте әрбір адами капиталды орынды пайдалану тетіктерін де жетілдіре беру керек. Ағылшын жазушысы Герберд Уэллс «Адамзат тарихы негізінен - идеялар тарихынан тұрады» деген болатын. Әр кезеңде де қоғамның жаңаруы үшін қызмет ететін ұлы адамдар тек қана бір аймақты емес, тұтас адамзатты құтқарған кездері болған.
Социалистік жүйе халықтың бәрі тең дәрежеде өмір сүреді, бәрі де коммунизмге жеткен соң жақсы өмір сүретін болады деп бәрін бір деңгейде ұстауға тырысты. Жаппай оқытуды қолға алды, оқудан соң барлығын жұмыспен қамтамасыз етті. Халықтың әлеуметтік деңгейін шешуді бір жолға қойғанымен, қоғамдық даму туралы еркін ойлауға, өз идеясын жүзеге асыруға жол берілмеді. Барлық нәрсені тек жоғарыдан шешетін тоталитарлық жүйе өзін ақтай алмай қалды.
Халық – үкімет пен партияның шығарған қаулысын орындаушы қара күшке айналды. Бұл жүйе құлаған соң тек бір ғана жалақымен күн көруге үйренген халықтың көпшілігі тақыр кедейге айналып шыға келді. Адамзат тарихында ескі жүйенің құрдымға кетіп, оның орнына жаңа идеялардың салтанат құруы, ұдайы ескінің орнын жаңаның басып отыруы – табиғи құбылыс. Қоғам алға жылжыған сайын жаңару процесі жүре бастайды, прогрессивті дамудың нәтижесінде келесі сатыға көтерілгенін көрсетеді.
Белгілі американдық педагог әрі бизнесмен Роберт Кийосаки бай болу мен кедей болудың арасы адамдардың ескіше және жаңаша ойлай білуіне байланысты деген тұжырымға келеді:
"Бүгінде көптеген адамдар ескі идеяларды бар жан-тәнімен ұстанғандықтан ғана жұмыс істеуге тырысады. Олар барлық нәрсенің бұрынғыша болуын қалайды, сондықтан да ылғи да өзгеруге қарсы тұрады. Мен өз жұмысынан немесе үйінен айырылған адамдарды білемін, олар техникалық прогреске, экономикаға немесе өзінің бастығына қарғыс айтады. Бұл жайттар туралы айту оңай емес, бірақ мұндай адамдар бұл мәселенің өздерінен болатындығын түсінгісі келмейді. Ескі идеялар – оларды тұңғиыққа батырады. Ескі идеялар – олардың ең үлкен пассиві. Пассив – бұл ескі идеялар, яғни, кешегі өткен күн", – деп көрсетеді.
Кеңестер Одағы ыдыраған соң өз тәуелсіздігін алған Қазақ елі алғашқы күннен бастап экономикалық қатынастарды реттеуді қолға алды, дамыған елдердің тәжірибесін үйренуге ден қойып келеді. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен елдің экономикасын тіктеу үшін жаңа идеяның салтанат құратын кезеңі басталды. Елдің экономикасының дамуы үшін жаңаша идеяларды жүзеге асыра алатын іскер топтарды қолдау, бәсекелестікке қабілетті топты құрау арқылы дамуға қадам бастық.
Бұқара көпшілік үшін тығырықтан шығудың жолын табу оңай іс емес. Істеген еңбегі еш кеткен соң меселі қайтып, барға қанағат, жоққа сабыр етіп сүреңсіз қоңыр тіршілікке бой алдырады. Белгілі бір мақсат жолында жасаған талабы орындалмай қалған соң екінші рет тәуекел етуге жүрегі дауаламай қалады. «Apple» компаниясының негізін қалаған Стив Джобс әр істі бастағанда табандылық керектігін ылғи да назарға алған екен: «Пысық бол. Әр кез зор мақсат қоя біл. Мыңдаған ойдың ішінен тез арада, тиянақты түрде жүзеге асыратынын таңда. Бірінші қадам – ең күрделі нәрсе. Еш ойланбай атта! Жүрегің мен түйсігіңе сенетіндей батыл бол!» – дейді.
Ел ішінен де істің көзін тауып кәсібін дөңгелентіп кеткен байлар туралы көптеген мысалдар табуға болады. Соған бір мысал келтірейік. Майлықожа бір топ адаммен көрші ауылға аттанғанда сол ауылдағы кедей жігіт өнерлі адамдармен жүргенді қызық көріп ілесіп кетеді.
Атты адаммен жаяу тең емес, Қызылқұмның ішінде ат шалдырып демалып отырған Майлы ақынның қасына өкпесі өшіп жаяу жалпылап жеткен кедей өзінің жаяу жүргеніне, өнбеген ісіне налып, ақыннан кедейліктің мәнісін сұрайды. Ақын сағымға қарап ойланып, отырып кедейлік жігіттің басындағы міні, істің көзін таппаса, жігіттің бағы ашылмайтын соры екендігін түсіндіреді.
Жігіт бұл сөзді ұққанымен нені ұқсату керектігін білмейді. Сонда Майлықожа Қызылқұмда өсіп тұрған тобылғыдан бір құшақ етіп қамшы сап шауып келуін тапсырады. Өздері шайын ішіп болғанша жігіт те бір құшақ тобылғыны жинап, ақынға әкеліп береді. Атына өңгеріп алған соң көрші ауылға барады. Кешке қарай ауыл адамдары Майлы ақынды көру үшін жиналады. Сол жиынның арасында қамшы өретін ұста да бар екен. Ұста Майлының атына өңгерілген бір қап тобылғыны бір қойға сатуын өтінеді. Майлықожа кедейдің көзінше саудаласып тобылғысын екі қойға сатады. Екі қойды кедейге беріп, әр істің көзін тапса тез баюға болатындығын айтып, жол көрсетеді. Кейін әлгі жігіт ел аузына іліккендей бай болған екен.
Қазіргі кезде елімізде ескі жүйеге негізделген, сол бағытпен жұмыс істеп келе жатқан мекемелер мен шаруашылықтар баршылық. Үкімет берген қаржыны жаратуды ғана білетін, өздігінен табыс көзін таба алмайтын шалажансар күн кешіп келе жатқан мұндай мекемелер елдің дамуына ешқандай да үлес қоса алмайды. Себебі ілгері қарай дамиын, қосымша қаржы көздерін тартуға қабілетті мекемеге айналайын деген ниеттері болмағандықтан, жаңаша идеялар ойлап табуға да қабілетсіз болып қала береді.
Елбасы мақаласы осындай ұжымдарға сабақ болуы тиіс. Елге, жерге қызмет етсем деген патриоттық санадағы жастарды тың идеялармен қаруландыра білуіміз керек.
Елбасы өз мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау жайлы айта келе: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді», – деп көрсетеді. Демек, әркім өз бойындағы қабілеті мен икемділігін танытатын, сол арқылы өз жағдайын жақсарта алатын уақыт жетті деген сөз.
Қазіргі кезде көптеген мамандар білдей бір университетті бітірген соң өзіне лайықты жұмыс таппай сандалысқа түседі. Жұмысқа орналасу үшін көпшілігі тамыр-таныстарын жағалап жүргенін көресің. Танысы арқылы жұмысқа орналасқан мамандардың кейбірі өз жұмысын алып кетуге қабілетсіз болып шығады. Себебі өзіндік идеясы жоқ, ізденіс қабілетін ұдайы жетілдіріп отырмаған, бәсекелестікке төтеп бере алмайтын әлжуаз, жігерсіз маман өзіне сеніп тапсырылған жұмысты өрге сүйрей алмайды.
Ондай жасық маманды жұмысқа қабылдаған басшы да ұтылады, өзіне сенбейтін жас маман да өз деңгейін білген соң көбіне қара жұмысқа ауысып кетіп жатады. Қазіргі заман идеяластардың бәсекеге түсетін заманы. Жақсы кадр қай кезде де сұранысқа ие әрі ондай мықты кадрлар ылғи да тапшы болып келеді. Нарықтың қатаң заңдылығы қабілетсіздердің келеңсіздігін, коррупционерлердің жең ұшынан жалғасқан жемқорлығын көтеріп тұра бермейді.
Мұны «әкенің жиғаны балаға мал болмайды» деп атам қазақ дұрыс айтқан. Әке байғұс бар малын сарп етіп баласын оқуға түсіреді, оқу бітірген соң ол жұмысқа тұрып кетсін деп тағы да таныстарын жағалап жүріп пара береді. Біздегі қазіргі қоғамда орын алып кеткен келеңсіздіктің өзі осыдан келіп шығады. Дайын асқа тік қасық болса, онда жиған малдың қадірін түсінбеген бала барды босқа шашады. «Малды жиғанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр» дейді дана халқымыз. Әркім қолынан келетін іспен айналысуы керек.
Кейінгі кезде ұрлық-қарлықтың, жұмыссыз бос сандалудың да белең алып кеткені рас, бұл қоғамдағы келеңсіздікке алып келуде. Бұның да өршуіне бірнеше факторлар себеп болып отыр. Кезінде кеңестік идеология адамдардың бәрін дайын нәрсеге үйретті. Алдымен балабақша, сосын мектеп, әскерде қызметін өтеп келген соң оқуға түсу, егер түспеген жағдайда ауылдағы бір мекемеге жұмысқа орналастыру. Өздігінен ештеңе ойламай, орташа жалақымен өмір сүруге бейімделеді. Бұл жүйе құлаған соң масылдыққа үйреніп алған өзіндік идеясы қалыптаспаған өзіне сенімсіз топтар табыстың жеңіл түрін табуды кәсіпке айналдырып алды. Экономика еш уақытта бір жерде тұрмайды не алға жылжиды, не артқа кетеді. Ұлттық экономиканы алға жылжытып отыратын қашанда заманауи білім алған іскер жастар болмақ. Дамыған елдерде кіші бизнестің салмағы басқа салаға қарағанда қарқынды дамуының өзі әрбір идеясы бар жастардың өз мақсатын жүзеге асыруға жол ашып беріп отырады. Соның негізінде экономика да қарқынды дами бастайды.
/жалғасы бар/
Бақыт ӘБЖЕТ,
аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының
жетекші маманы